Елбасы билікке қайта келген мемлекет басшысын есіне түсірді
Қысқа сілтеме алу
Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатуға қатысты пікір білдіре келе, не үшін ондай шешім қабылдағанын түсіндірді
НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Бүгін «Astana club-тың» пленарлық мәжілісінде сарапшылардың бірі Қазақстандағы саяси өзгерістерге қатысты сұрақ қойды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Маған Қазақстандағы билік транзитіне қатысты сұрақ жиі қойылады. Шынымен де, бұл күтпеген жағдай болды. Менің мандатым 2020 жылдың соңында аяқталатын еді. Алайда мен сондай шешім қабылдадым» , — деді Назарбаев.
Тағы оқыңыз: Назарбаев сөйлеп жатқанда қызық жағдай болды
Ол Қазақстанда өте танымал болып тұрғанда президенттіктен кеткенін атап өтті.
«2015 жылғы сайлауда дауыстың 96 процентін жинадым. Менің кеткенімді адамдар үлкен күйзеліспен қабылдады», — деді Назарбаев.
Осы орайда Елбасы әлемдік тәжірибеде ондай мысалдардың аз емес екенін жеткізді.
«Мәселен, кезінде Францияның бұрынғы президенті генерал Де Голль де солай істеді. Сингапурде Ли Куан Ю мырза өз еркімен кеткен. Мохатхир мырза (Малайзияның бұрынғы премьер-министрі – Sputnik Қазақстан) бар. Бірақ ол 92 жасында билікке қайтадан келді. Ондай жағдайлар да бар», — деп атап көрсетті Назарбаев.
Айта кетейік, Малайзияның мемлекет қайраткері Мохатхир Мохамад 1925 жылы дүниеге келген. Саяси мансабының мерзімі 50 жылдан асады. 1981 жылы премьер-министр қызметіне келіп, елді басқаруға кіріскен. 2003 жылы осы қызметтен өз еркімен кетті. Ал 2018 жылы оппозицияның атынан 92 жасында қайтадан премьер-министр болып сайланды.
sputniknews.kz