«Бұл — статус емес, Алламен байланыс»: ҚМДБ өкілі 100 рет қажылыққа бардым деген қажы туралы — Қазақстан жаңалықтары
Жуырда Амангелді қажы Еренғайыпұлы 100 рет қажылыққа барып келгенін айтып, дүркіретіп той жасады. Бірі мұны астамшылыққа баласа, енді екіншісі қуанышын бөлісу деп бағалады. Осы орайда ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділдә Бекжігітов осы ұлан-асыр тойға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Сурет: muftyat.kz
ҚМДБ өкілі әр нәрсенің екі жағы болатынын айтып, Амангелді қажы Еренғайыпұлының 16 мың азаматты қажылыққа апарып келгеніне тоқталды. Оның фирмасы қажылықты ұйымдастыратындар ішінде ең үздігі болмаса да, 18 фирманың ортаңқолы қатарында. Өзінің тұрақты клиенттері бар.
«Осы тойға мен де шақырылған едім. Бірақ барудан үзілді-кесілді бас тарттым. Еренғайыпұлының осы күнге дейін басқа азаматтарға жасап келген жақсылығын жоққа шығармаймыз. Әр нәрсені өз орнымен айту керек. Былайынша өз қызметіне адал адам. Әдетте тура мақтап немесе даттағанға қоғам төніп тұрады. Біз әдетте қажыларға «Қажылыққа барып келдім екен деп әдеттегіден артық сый-құрмет күтпеңіз. Сіз Алланың қонағы болдыңыз. Бұл – статус емес, ол сіз бен Алла арасындағы байланыс», — деді бөлім меңгерушісі Жанділдә Бекжігітов.
Әрі қарай ол қалай алғанда да мұсылман баласына мақтаншақтық жараспайтынына тоқталды. Мұны ақын Абайдың өзі де айтып кеткен еді.
Тағы оқыңыз: «Маған пайғамдардың ұрпақтары таңғалды»: Жүз рет қажылыққа барғанын дүркіретіп тойлаған қажы әрекетін түсіндірді
«Егер қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болса, қоғам қабылдар еді. Алайда қазір біреуі аш, енді екіншісі жалаңаш жүр дегендей. Күнделікті жүйкесі тозып жүрген жандар да жетерлік. Яғни басқа дәуір болса, мұндайды көтеретін еді. Ал бір мұсылманның көңіліне тиген нәрсе, бәрінің бірдей көңіліне тиетіні сөзсіз. Біздің мақсатымыз – қажылық мәдениетін қалыптастыру. Оның үстіне қазір қажылыққа барып келіп, «Мен төрде отыруым керек. Менің айтқаным заң» дейтіндердің де қатары көбейіп келеді. Бірақ, мұндайға мүлдем орын жоқ болуы тиіс. Әрине, қажылықты дәріптеген дұрыс, бірақ онымен мақтануға болмайды», — деді Жанділдә Бекжігітов.
Еске сала кетсек, бұған дейін Амангелді қажы Еренғайыпұлының қажылыққа 100 рет барғанын атап өткені туралы хабарлаған едік. Желіде тойдың видеосы тарап, жұрттың талқысына түскен-ді.
stan.kz