Қазақстан мен Ресейдің 20 облысын қамтиды

0

Қазақстан президенті шекаралас өңірлердің нарығын зерттеп, сауда-өнеркәсіптік жұмыстарды атқаруды ұсынды

ОМБЫ, 7 қараша — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңіраралық ынтымақтастық бағдарламасының тұжырымдамасы Қазақстан мен Ресейдің 20 облысын қамтитынын атап өтіп, бағдарламаны жедел дайындау қажеттігін айтты.

Президент Ресеймен шекаралас өңірлерде экономикалық байланысты нығайтып, жәрмеңкелер өткізу керек екенін атап өтті.

Ресеймен шекарада жаңа өткізу пунктерін ашу қажет – Тоқаев

«Менің ойымша, бұл бағыттағы жұмысты жүйелеп, шаралардың тәртібі мен графигін нақтылау қажет. Тиісті министрліктер бұл мәселеде өңірлерге көмектескені жөн. Бүгін қос елдің экономика министрліктері өңіраралық ынтымақтастық бағдарламасының тұжырымдамасына қол қойды. Бағдарлама қос мемлекеттің 20 облысын қамтиды. Бағдарламаны дайындау мен қабылдау ұзаққа созылмайды деген үміттемін», — деді ол Омбыда өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастық форумында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің инвестициялық әлеуеті мен нарығын зерттеп, тиісті жобаларды қаржыландыру керек. Ол үшін қаржы институттарының жұмысын жандандыру қажет.

«Қос мемлекетте көптеген арнайы даму институты бар. Олар инвестиция тартып, экспортқа көмектесу үшін құрылған. Бұл институттар біріккен бағдарламаны дайындап, өзара тауар жеткізу саласын дамыту үшін нарықты зеттеуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ олар инвестициялық әлеует және тағы басқа мәселелермен шұғылдана алар еді», — дейді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президенттің айтуынша, бұл бағдарламада жекелеген жобаларды қаржыландыру көздеріне мән беру керек. Мұнда Еуразия даму банкінің әлеуетін пайдаланған жөн.



sputniknews.kz