Балалардың зәресін алған Мәншүк Мәметованың мүсіні жоғалып кетті
Семей балабақшасының мамандары әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен мүсінді алып кеткенін хабарлады
НҰР-СҰЛТАН, 7 қараша – Sputnik. Семейдегі № 12 «Ажар» балалар бақшасының аумағында аты аңызға айналған пулеметші Мәншүк Мәметоваға арналған ағаш мүсін орнатылып, кейінірек алынып тасталды.
Қазір композицияның тағдыры туралы ешкім ештеңе білмейді. Балабақшадағылар оны авторлары – ерлі-зайыпты Иван мен Юлия Куртуковтар қайда алып кеткенін білмейтін болып шықты.
«Біз бұл мүсін балабақшаның интерьеріне сай келе ме, жоқ па, соны білгіміз келді. Ол сәйкес келмеді, ұнамады, содан оны иелеріне қайтардық», — деп хабарлады мекеме.
Еске сала кетейік, Кеңес Одағының батырына арналған мүсін алдымен Жеңіс саябағында орнатылды. Композиция Семей тұрғындары мен басқа да қазақстандықтардың ашуын туғызды. Олар мүсін әйгілі отандасымызға мүлдем ұқсамайтынын айтып жатыр.
Кейінірек авторлар семейліктерден кешірім сұрап, мүсінді бөлшектеп, жоюға уәде берді.
Дегенмен таяуда «көшпелі мүсін» қайтып оралғаны белгілі болды. Суретшілер оны бояп, «Ажар» балабақшасының аумағына орнатқан. Ата-аналар туынды балаларымызды шошытты, сабаққа барудан бас тартып жатыр деп жазды.
Сол себепті даулы мүсінді ол жерден де алып тастаса керек. Қазір композицияның қайда екені белгісіз. Бәлкім, авторлар оны жоюға шешім қабылдаған болар.
sputniknews.kz