қазақпын»: Димаштың Қытайдағы видеосын жарты күнде 120 млн рет көрген
Қысқа сілтеме алу
Димаш Құдайберген қытайлық шоуда бүркіттің кейпінде шығып, екі ән орындады. Неліктен осы образды таңдағанын түсіндірген әнші қазақ екенін мақтан тұтатынын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 7 қараша – Sputnik. Қытайдағы «Guess the Masked Singer» («Масканың арғы жағындағы әншіні тауып көр») шоуында өнер көрсеткен Димаш Құдайбергеннің видеосын қытайлық Weibo-да 12 сағаттың ішінде 120 миллион рет көрген. Бұл туралы әнші өзінің Instagram парақшасында жариялады.
«Weibo деп аталатын қытайлық инстаграмда The masked singer бағдарламасында көрсеткен өнерімді 12 сағаттың ішінде 120 миллион рет көрген. Рақмет», — деп жазды Димаш Құдайберген.
Шоу қытайлық Jiangsu TV арнасында көрсетіледі. Димаш бүркіттің маскасын киіп шыққан. Ол жүректің маскасымен шыққан әншімен бірге «I want it that way» шығармасын орындады. Одан кейін жеке өзі өнер көрсетті.
Залда отырған адамдармен сөйлескенде Димаш дауысын сәл өзгерткен. Бірақ домбыра шертіп, өзінің кім екенін табуға көмектеседі.
Әнші маскасын шешкеннен кейін неге сахнаға бүркіт болып шыққанын түсіндіреді.
«Әлемнің қай түкпіріне барсам да, ең алдымен мен қазақпын, қазақтың баласымын, қазақтың әншісімін және соны ерекше мақтан тұтамын. Біздің Туымыздың символы — бүркіт, қыран құс. Сондықтан қыран құстай қалықтап ұшқан қазақ деген халықтың баласы екенінімді көрсеткім келді», — деді Димаш.
sputniknews.kz