Сенат депутаттары Орталық сайлау комиссиясының жаңа мүшесін тағайындады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Сенат спикері Дариға Назарбаева бұл қызметке Анастасия Щегорцованың кандидатурасын ұсынды. Оның білікті маман екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 7 қараша – Sputnik. Анастасия Щегорцова Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Конституцияға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметіне кандидатураны сенат төрағасы ұсынады. Сенат спикері Дариға Назарбаева бұл қызметке Анастасия Щегорцованың кандидатурасын ұсынды.

«Анастасия Геннадьевна жоғары білімді маман. Елорда әкімдігінде, мәдениет және ақпарат министрлігінде басшылық қызметтерді атқарды. Соңғы жылдары Орталық сайлау комиссиясында қоғамдық бірлестіктермен және БАҚ-пен өзара байланыс жасау бөлімін басқарды», — деді Назарбаева.

Спикердің кандидатурасын сенаттың конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті алдын ала талқылап, тиісті қорытынды әзірлеген.

Сенат депутаттары Анастасия Щегорцованың кандидатурасын бірауыздан қолдап дауыс берді.

Тағы оқыңыз: «Ұятқа қаламыз»: министрдің сөзіне күмән келтірген депутат ашынып кетті

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болған Зәуреш Баймолдина қызметінен босатылған еді.
Анастасия Щегорцова 1980 жылы туған.

2003 жылы елордадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «саясаттанушы» мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын «Рухани келісім конгресі» халықаралық қоғамдық қорының филиалында бастады.
Әр жылдары астананың ішкі саясат департаментінде, мәдениет және ақпарат министрлігі департаментінде, комитетте жоғары лауазымды қызметтер атқарды.

«ҚазМедиаОрталығы» АҚ бас директорының орынбасары, Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы, «Қазконтент» АҚ басшысының орынбасары болды.



sputniknews.kz