Астанада Қабдырашевтар әулеті гауһар тойын дүркіретіп тойлады

0

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша, Арман Асқар – Sputnik. Бүгінде үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған 84 жастағы Уәхит ата мен 78 жастағы Рахилә апа Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат беріп, бұрынғы салтпен қалай қосылғанын баяндады. Қариялар бақытты отбасының құпиясын да ашты.

«Қызды ат шанамен іздеуге шықтық»

Уәхит ата мен Рахилә апаның тағдыры ұқсас. Екеуінің де әкелері соғыста қаза болған. Бірақ Рахилә апаның әкесі майданға аттанғанда ол небары алты айлық сәби еді. Ал Уәхит атаның әкесі отбасымен қоштасқанда ұлы енді ғана алты жасқа толды. Араға 18 жыл салып, екеуі кездесіп, шаңырақ көтерген. Ақсақал жас кезінде ағасымен бірге сүйіктісін қалай іздеп шыққанын әңгімелеп берді.

«Сағит деген ағам мені шанаға отырғып алды да, саған қыз тауып беремін деп, күллі ауылдарды аралатты. Ол кезде жасым 24-те. Терісаққан совхозында бір қыз бар дегеннен кейін алдымен соған бардық. Ол үйде бір күн қондық. Дала боран. Мен кешке қарай шешініп, далада қармен денемді ысқыладым. Сөйтсе, қыз соны көріп қалып, мені ұнатпай қойған. Сағит ағам да «Ой, қояншық, өстіп бүкіл қыздарды үркітесің ғой» деп ұрысты. Амал жоқ, басқа ауылға кеттік», — деп еске алды қария.

Осылайша, бұрынғы Қима ауданынан (қазіргі Жақсы ауданы — Sputnik) шанамен шыққан ағалы-інілі 100 шақырымды артқа тастап, Братолюбовка (қазіргі Далабай — Sputnik) деген жерге жеткен.

«Ауылға кірсек, Рахилә шелек ұстап, суға бара жатыр екен. Мен оны бірден байқадым. Ағам да осы қыздың артынан қалмайық деді. Сөйтіп, соның үйіне бардық. Сонда сөйлестік, маған тиесің бе деп бастадым ғой. Тиемін деді. Сол күні алып қаштық», — дейді Уәхит ата.

18 жастағы Рахилә болашақ жарын бірден ұнатқан екен. Үлкен ағасы оқуда болып, үйде анасы екеуі ғана қалға болып шықты. Ал күйеу баланың қатты қуанғаны сонша, қызды алып қашқанда екі аттың ауыздығын салуды ұмытып кетіпті.


©
Sputnik / Абзал Калиев. Abzal KALIYEV

Уәхит Қабдырашев

«Содан екі ат қыз алып қашудың көкесін көрсетті. Жанымдағы ағам құлап кете жаздады. Әрең дегенде тоқтаттық, сөйтіп, ауыздығын салып, ауылға тарттық. Ауылға келсек, ел күтіп отыр. Той болды, таң атқанша ұйықтаған жоқпыз. Ол кезде күндіз жастар жиналап, ән айтады, күй шертеді. Одан кейін басқа үйге шақырады. Сөйтіп, бір аптадай тойладық», — дейді Қабдырашев.

Бақытты отбасының құпиясы неде?

«Адам кешірімді болуы керек. Андай-мындайды ішке жинамаған дұрыс. Өмірде бәрі болады. Бірақ өкпе-ренішті бірден шығарып отырған жөн. Оны ішке жинаудың пайдасы жоқ. Әйтпесе, одан да қатты ауырып қаласың. Меніңше, бақытты отбасының құпиясы сол. Сосын төзімді әрі сабырлы болу қажет. Әсіресе, әйел адамға барынша ұстамды болған жөн. Себебі еркектің бақыты – әйел», —  дейді Рахилә апа.

Оның айтуынша, еркектің жұмысы жүрмей тұрса, оны бетіне басуға болмайды. Керісінше, қолдау көрсетіп, демеп отыру қажет.


©
Sputnik / Абзал Калиев. Abzal KALIYEV

Рахилә Қабдрашева

«Өзім элеваторда істедім. Оның үстіне үйдің шаруасы бар. Малды қарадық, бие саудық. Қыста мұз ойып, су әкелеміз. Менің бақытыма енем жақсы болды. Қызындай көрді. Қазір мен де келіндеріммен татумын, бір ренжісіп көрген емеспіз», — дейді Рахилә апа.

Уәхит атаның жас кезінде мінезі қатты болған екен. Романтикаға жақын емес, бірақ шаруаға бекем, ісіне адал. Содан екеуі әлі күнге дейін махаббат жайында бір-бірімен ойнайды. Әжеміз «жақсы көремін деп айтшы» десе, атамыз «туф, қойшы» деп, бұрынғы мінезінен қайтпайды. Бірақ Рахилә әже еш ренжімейді, ер адамның қатты болғаны дұрыс деп санайды. Сонда ұл балалар қайратты әрі қажырлы болып өседі дейді.

«Бірлік-берекені сақтаудың құпиясы – татулықта. Біз Рахиләмен ешқашан қатты ұрсысып көрген емеспіз. Төбелес те болған жоқ (күлді). Әйелді сабайтын жағдайлар болып жатады. Бізде ондай да болған емес. Сөйтіп, шаңырақ көтергенімізге 60 жыл да толды», — дейді Уәхит ата.


©
Sputnik / Абзал Калиев. Abzal KALIYEV

Уәхит ата мен Рахилә апа

Көпұлтты отбасы

Бүгінде Уәхит пен Рахилә Қабдырашевтардың тұңғышы — Бекқожа 59 жаста. Оның жұбайы Жанна –әулеттің үлкен келіні. Олардың төрт баласы бар. Жанна өзінің үйлену тойы кезіндегі бір күлкілі жағдайды еске алды. Тұрмысқа шыққан ол өз фамилиясын ауыстырғысы келмеген. Бекқожа келісті. Бірақ неке туралы куәлікті алғанда, күйеуінің фамилиясын жазып қойғанын көреді. Сөйтсе, ауылдық кеңесте жұмыс істеген Уәхит атасы бәрін тындырып қойыпты.

«Атам мен енем маған бірде-бір рет қатты сөз айтпаған. Жолдасым екеуіміз келіспей қалсақ, бәрі мені қолдайды. Басқа келіндерін де солай ылғи қорғап жүреді. Әлі есімде, ашуланып тұрсам, енем құшақтап алады да, «бір ашуыңды берші» дейді. Сол кезде жүрегім жібіп кете беретін. Бұның барлығы үлкен даналық қой», — дейді Жанна Қабдырашева.

Қабдырашевтар — көпұлтты отбасы. Алена есімді бір келіні – украин, тағы бір келіні Нона —  шешен. Дәл осы Нона ата-енесімен 20 жылдан астам уақыт бірге тұрады. Осы уақыттың ішінде көп нәрсеге үйренгенін айтады.


©
Sputnik / Абзал Калиев. Abzal KALIYEV

Нона Қабдырашева

«Мен мектепті бітірген бойда тұрмысқа шықтым ғой. Сол кезде тамақ та істей алмадым. Сиыр сауып көрген емеспін. Бәрін енем үйретті. Бүгінде қазақтың барлық салт-дәстүрін білемін. Ауызашар жасаймын, той өткіземін. Сол үшін енеме мың алғыс айтқым келеді. Бүгінде барлығы менің бауырсағымды жақсы көреді», — дейді Нона Қабдырашева.

Нона енесінен аспаймын деп, алты баламен тоқтауды жоспарлаған. Дегенмен, жетінші ұлын туып, жақында «Алтын алқасын» алмақшы. 

Бірде немерелердің біреуі қатты ауырып қалған. Сол кезде Қабдырашевтар әулеті бір жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген. Соның арқасында бала ауыр дертті жеңіп шықты.

Бүгінде ерлі-зайыпты Уәхит пен Рахиләнің немерелері біраз жетістікке жеткен. Біреуі «Алтын белгімен» мектеп бітірсе, енді біреуі шетелдің белді жоғарғы оқу орнында біліп алып жүр. Өз елімізде Назарбаев университетіне де түскендер бар.

«Тәуба дейміз, алты ұл және бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Қазір 32 немереміз және 13 шөбереміз бар. Соларды қызықтап отырмыз. Барлығына осындай бақыт тілейміз!», — дейді Рахилә апа.

Ал Уәхит ата отбасылы болуды көздеп жүрген жастарға өз кеңесін берді.

«Жастардың арасында сүйіспеншілік болу керек. Махаббат болса, шаңырақ берік болады. Жастардың отбасы құрғаны дұрыс қой. Оларға тек бақыт тілеймін. Бір-екі сәбимен шектелмесін, балалары көп болсын!», — деген игі тілегін айтты Уәхит қария.


©
Sputnik / Абзал Калиев. Abzal KALIYEV

Уәхит пен Рахилә Қабдырашевтар



sputniknews.kz