Сабақта баланы ұрған: қостанайлық мұғалім қалай жазаланды

0

Сабаққа қатысқан оқушылар мұғалімнің қол жұмсағанын растады, бірақ педагогтың өзі кінәсін мойындамады

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша – Sputnik. Сабақ барысында оқушыны ұрған мұғалім әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.

«А. есімді азамат Қостанай қаласындағы орта мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істей жүріп, кәмелетке толмаған баланы сабақта қасақана ұрып-соғып, денесін ауыртқан», — делінген сот материалдарында.

Сот отырысы барысында педагогтың кінәсі дәлелденді, бірақ өзі мойындаған жоқ. Оқиғаға куә болған оқушылар қол көтеру фактісін растады.

Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен мұғалім әкімшілік жауапкершілік кодексінің 73-бабының 1-бөлігімен жазаға тартылды.

Тағы оқыңыз: Директор сабаққа кешіккен оқушыны ұрып, құлағының пердесін жарып жіберді 

Бұл бапқа сәйкес, әйел он айлық есептік көрсеткіш (25 250 теңге немесе 65 доллар) мөлшерінде айыппұл төлеуі немесе 10 тәулік мерзімге қамауда жазасын өтеуі керек.    



sputniknews.kz