ШЫҰ елдерінің кедендері рәсімдерді жеңілдетуге келісті

0

Құжат ұйымға мүше елдердің ұлттық ақпараттық жүйелерінің жұмыс істеу принциптерін біріздендіруге көмектеседі

НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің кедендері ұлттық транзиттік жүйелерді өзара интеграциялау туралы меморандумға қол қойды. Құжат Ташкентте өткен ШЫҰ үкімет басшылары кеңесінің отырысында қабылданды.

Меморандум кедендік операцияларды жасау тәртібін тездетіп, жеңілдетеді. Ол қағазсыз технологияларды енгізуге үлес қосады, деп хабарлады РИА Новости.

Ташкентте тараптар сондай-ақ ШЫҰ хатшылығы мен БҰҰ азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.  

Тағы оқыңыз: Назарбаев Қытайдағы ШЫҰ саммитінде сөз сөйледі

Сенбіде Өзбекстанда ШЫҰ Үкімет басшылары кеңесінің отырысы басталды. Күн тәртібінде – сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы одан әрі ынтымақтастықтың перспективалары.

2035 жылға дейінгі көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының жаңа нұсқасын бекіту жоспарлануда.

Қазақстан жағынан премьер-министр Асқар Мамин қатысып жатыр. Ташкентте ол бұған дейін президент Шавкат Мирзиёевпен кездесіп, екі елдің өзара іс-қимылының динамикасын атап өтті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылған. Қатысушы елдер: Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан, Үндістан және Пәкістан. ШЫҰ-ға бақылаушылар – Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия, ал серіктестері – Әзербайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Түркия және Шри-Ланка.



sputniknews.kz