Данэлия Төлешева туризм елшісі болады
Қысқа сілтеме алу
«Голос. Дети» жобасының жеңімпазы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының жобасына қатысып, туризм саласын дамытуға үлес қоспақ
НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Талантты жас әнші Данэлия Төлешева туристерді Қазақстанға тартуға үлес қосады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Голос. Дети» жобасының төртінші маусымында жеңімпаз болған Данэлия Төлешева туризм елшісі болады.
«Марапаттау рәсімі 2 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында «ZhasStar» фестивалінде өтеді. Шара Қазақстандағы жастар жылына орай ұйымдастырылады», — делінген «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы таратқан хабарламада.
Фестиваль барысында Данэлия Төлешеваны туризм елшісі етіп компания басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Хасенов тағайындайды деп жоспарланып отыр.
Осылайша, талантты әнші ең жас туризм елшісі атанбақ.
Тағы оқыңыз: Димаш Құдайберген туризм елшісі болды
Айта кетейік, 2018 жылы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы туризм елшісі жобасын іске қосқан. Өткен жылы маусымда тұңғыш туризм елшісі ретінде Димаш Құдайберген тағайындалды. Кейін Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев, ресейлік ғарышкерлер Анатолий Арцебарский, Юрий Маленченко мен Юрий Батуриндер туризм елшісі атанды.
Сондай-ақ бұл жобаға қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов қатысқан болатын.
sputniknews.kz