Арман Қуанышбаев, дінтанушы: — Қазақстан жаңалықтары

0

Белгілі дінтанушы Арман Қуанышбаев діни сауаты бар адамның ғана уағызын тыңдауға шақырады. Өйткені қазіргі кезде діни сауатсыздықтан неше түрлі діни ағымдарға қосылып жатқандар бар. Арман мырза осы жөнінде және кейбір өңірлерде айтылып жүрген «уақытша неке» туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында әңгіме қылды.

Арман Қуанышбаев

Арман мырза, қазір басқа ағымдардың жетегінде жүргендер көп, оларға ақ пен қараны айыруға қалай көмектесуге болады?

Иә, қазіргі кезде шеттен келген діни ағымдарға еріп, оң-солын танымай жүрген адамдар бар. Ол кісілерді мұндайдан алып шығу үшін сабырлық ету керек. Барынша сауатын ашып, білім іздеуге шақыру керек. Дұрыс білімді маманға жолықтырып сөйлестіру маңызды. Соңғы уақытта «Қазақстанда білім жоқ. Білімнің барлығы шетелде екен» деген түсінік адамды азғырып адастырудың бірден-бір жолы. Құранды және Пайғамдар (с.ғ.с) хадистерін жетік білетін маман жоқ деген дүние қалыптасып жатыр. Осы кірді жою үшін әлбетте маманға жолықтырып, оның жасап жатқандары дұрыс емес екендігін көрсетіп, түсіндіру қажет.
Күні кеше әйелін намаз оқуға хиджаб киюге мәжбүрлеген азамат туралы ақпарат шықты. Дінде күштеу бар ма? Мектептерде керісінше хиджаб киюге болмайды деп оқушылардан шешкізіп жатады, бұл қаншалықты дұрыс?
Асыра сілтеп өз қыздарын, әйелін хиджаб киюге міндеттеу және зорлық қылу дұрыс емес. Бұл біздің шариғатымызда жоқ. Дін таңдау, қай дінді ұстану өз еркің. Басқа адамдарға тек біліммен, жұмсақтықпен, кеңшілікпен әсер ету керек. Кейбіреулер хиджаб киюге мәжбүрлеп жатса, басқалары оны кимеуге шақырып жатыр. Бірақ әр нәрсеге түсіністікпен қараған абзал деп ойлаймын. Мектептегі, мемлекеттік орындардағы хиджаб кимеу мәселесіндегі заңға біз ешнәрсе дей алмаймыз. Ондай құзіретіміз жоқ. Әйтсе де Түркия, Малайзия елдері сияқты рұқсат берілсе деп қана үміттенеміз. 
Осыдан бірнеше жыл «халал проституция» деген шықты, яғни санаулы сағатқа неке қидыртып, халал түрде жақындасып, артынан бірден талақ береді. Бұл жалпы халалға жата ма?
Иә, мұндай жағдайларды кейбір өңірлерден естіп атамыз. Азаматтық неке ретінде мешітте немесе молдаға барып неке қидырып алады екен. Бір сағатқа және бірнеше уақытқа неке қию деген мәселелер шариғатымызда дұрыс саналмайды. Оның дәлелі де, төркіні де жоқ. Бұған діни сауатсыздық өте қатты әсер етуде. Кейбір адамдар жат ағымға кетуде. Хиджаб кию және некелесу мәселесіндегі діни сауатсыздық халыққа қатты әсер етіп жатыр. 
Қыз-келіншектер заман талабына сай биік өкше киіп, боянып, иіс су пайдаланады. Бұл қаншалықты дінімізге сай?
Біздің дініміз кең. Қандай дін ұстанса да әркім өзі біледі. Жаман қылық көрсету арқылы қоғамымызға әсер ету азаматтық қателік деп ойлаймын. Елдің өркендеуіне әр адам атсалысуға міндетті. Сол үшін біздің шариғатымыз қоғамға белгілі бір заңдылықтар қойған. Өзіне иіссу сеуіп, боянып, ашық-шашық киіну қазақылыққа жатпайды. Немесе батысқа еліктеп, әр жеріне сырға тағу да қоғамымызға кері әсерін береді. Қазақы рухылықтың кетіп бара жатқандығы алаңдатады. Бұл нәрсені сынап, мынау дұрыс емес дегеннен гөрі шариғаттың үкімімен айтқанымыз жөн. Қоғамды бұзатын, халқымызға кері әсер беруші факторлардан шектегеніміз жақсы. Қыз балаларға дұрыс киінуді, дұрыс жүріп-тұруды үйретіп, адаммен сөйескенде өзін дұрыс ұстауын қадағалауымыз керек. Байқасаңыз, қазір әйелдердің ішінде арақ-шарап ішушілер, тіпті жастардың арасында шылым шегу үрдістері жайылып бара жатыр. Осы нәрселер, әрине, кері ағыс. Біздің халқымызға жараспайтын дүние. 
Алда өткізгелі жатқан форумға сіз де қатысасыз, ол жерде коуч, тренер, абайтанушы Омар Жәлел, кәсіпкерлер Аманжол Рысмендиев, Марғұлан Сейсембаевтар бар. Өзіңіз де барсыз. Форумға қатысатын халықтың өмірін өзгертуге қалай көмектесесіз?
Елімізге қосқан бір үлесіміз болсын деп қараша айында бірнеше азаматтармен форум өткізбекшіміз. Өзімді тренермін деп айтпай-ақ қояйын, бірақ коуч мамандығын игергенмін. Форумда өз мамандығыма жақын, бірнеше жылдан бері зерттеп келе жатқан руханият мәселесін көтергім келеді. Жеке тұлғаның рухани дамуы, оның нақты қадамдары жайында сөз етемін. Әлбетте екі сағат ішінде бүкіл руханиятты қамту мүмкін емес шығар. Бірақ халыққа сол жерде бір ой салсақ, қозғау салсақ екен деген ниеттемін. Осы форумнан халық ой түйсе, жүрегіне азық алса, соны қолданса екен деймін. Осы арқылы амал жасап, қандай да бір тұлғалық дамуын қалыптастырғанын қалар едім.
Қазір интернетте уағыз оқушылар көп. Басқа діндердің жетегінде кетпес үшін кімдердің уағыздарын тыңдаған дұрыс сізше?
Әрине Дін істер бөлімінен арнайы сертификаты бар және тексерістен өткен, рұқсат етілген маман уағыз айтуға таңдалғаны дұрыс. Кейде бизнес тренингтер, коучтар дін мәселесін қозғап кетеді. Бірақ дінді тренингтерінде қозғамай-ақ қойса деймін. Мысалы, көрші елдерден келіп жатқан небір тренерлер де дін туралы айтып кетеді. Оның мазхабы, мектебі бөлек. Ол жақтың халқына сай өз заңдылықтары бар. Салт-дәстүріне сай ереже бар. Ал бұлар қазаққа сай келе бермейді. Сол үшін дінтанушы маман ретінде айтатыным — кейбір мәселелерде Қазақстандағы діни басқармасының арнайы сараптамасынан өткен мамандарды тыңдаған дұрыс. 

stan.kz