Қара тізімге ілінгендерге 2,5 проценттік кредит беріледі
Осы аптада президент республикалық бюджетке өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойған болатын. Оған сәйкес, жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр
НҰР-СҰЛТАН, 25 қазан – Sputnik. Пилоттық жоба Жамбыл облысында іске асатын болатын болады. Аймақ халқының табысын арттыру үшін 2,5 проценттік кредит беру қарастырылған. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов пилоттық жобаның тиімділігі жайында айтып берді.
Кредит қандай кәсіпке беріледі
Пилоттық жобаға республикалық бюджеттен жалпы сомасы 7,2 миллиард теңге бөлінеді. Осы ақшаның есебінен халыққа жеңілдетілген кредит беріледі. Соның арқасында ауыл халқының табысы артады деген жоспар бар.
«Біз пилоттық жоба бойынша он ауданда 10 ауылдық округты бекіттік. Дәл осы округтарда жаңа жоба сынақтан өтетін болады. Бұл дегеніміз, жобаға қатысатын ауыл тұрғындары нақты бес бағыт бойынша 2,5 проценттік кредит алып, өз табысын арттыра алады. Соның ішінде мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, кооперацияны құру, сондай-ақ, жеке кәсіпті ашу мен кеңейтуге арналған жобалар бар», — дейді Аманов.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы барлық жобаларға кредиттер 2,5 процентпен берілсе, шаштараз, дүкен және тағы басқа осы сыеды кәсіпті ашу үшін ақшаны 5 процентпен алуға болады.
Шаруа қожалықтары қатыса алмайды
Пилоттық жобаға бөлінетін бюджет қаржысы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы игерілетін болады. Ол үшін корпорацияның жанынан несие беру ұйымы ашылады.
«Біз үйлерді аралап, әрбір тұрғынға пилоттық жобаның тиімділігін түсіндірдік. Енді, олар мал ала ма, егінмен айналыса ма, сол бойынша өтінім беріп жатыр. Бұл жерде бір нәрсені ескеру керек, пилоттық жобаға қосалқы шаруашалықпен айналысатын ауыл тұрғындары ғана қатыса алады. Шаруа қожалықтары өтінім бере алмайды. Өйткені олар үшін ауыл шаруашылықты қолдау қоры, аграрлық несие корпорациясы сияқты ұйымдар мен бағдарламалар бар», — деп атап көрсетті Аманов.
Тағы оқыңыз: Мемлекет қарызын өтегендерге қайта кредит беріле ме?
Бұдан бөлек, пилоттық жобаға кооператив мүшелері де қатыса алады. Бірақ әрбір адам кредитті өз атына рәсімдейді.
«Сауын сиыр – 5 бас, қой 50-ге дейін, жылқы -10, ал бордақылауға байланатын бұқа 15 басқа дейін деп, шектеу қойдық. Бұл – әрбір ауылдың тұрғыны алатын көлем. Әйтпесе, ауылда әрбір үй қораға айналып кетеді», — дейді Аманов.
«Қара тізімде» болса да, кредит алады
Кредитті өтеу мерзімі – 5-7 жыл. Ал кепілдікке үйді және тағы басқа мүлікті қоюға болады.
«Пилоттық жоба аясында бағалау коэффиценті – 0,7. Бұл астана мен Алматының ортасындағы үйлерге ғана берілетін коэффицент қой. Негізі, бүгінде ауылдарда үй құнының 30 процентін ғана береді», — деді Аманов.
Оның айтуынша, қазіргі коэффицентпен пилоттық жобаға қатысатын ауылдарда жақсы үйлердің бағасы 10 миллион теңгеге дейін барады. Ал мал шаруашылығы бойынша бір кредиттің орташа сомасы 5 миллион теңге болады деген жоспар бар.
«Кредит алушы кепілге үйін, я болмаса, елде тіркелген ағайын-туыстың кез келген мүлкін қоя алады. Енді, біздің байқағанымыз, ауылда көбісінің құжаты дұрыс емес. Біреудің жағдайы болмады, енді біреу уақытында жасамады. Сондықтан қазір пилоттық жобаға қатысатын әрбір ауылда арнайы мамандар жүр. Олар қажетті құжаттарды рәсімдеп береді», — деді Аманов.
Пилоттық жобаға қатысу үшін бірнеше құжат қажет. Олар – жеке куәлік, кепілге қойылатын мүліктің құжаты, тұрғылықты жері туралы анықтама және банкте қарыздың бар-жоғын растайтын түбіртек. Қайрат Аманов жобаның тағы бір ерекшелігін атап өтті.
«Кредитін жапса да, төлемді уақытында жасамағаны үшін «қара тізімге» ілініп кеткендерге банктер кредит бермейді ғой. Ал пилоттық жоба аясында кредит алуға болады. Қарызы болмаса болды. Төлем жасау жағынан да жеңілдік бар. Кредит алған адам жарты жылдан кейін процентін төлейді, ал жылдың соңында негізгі төлемді жасайды. Бұл — өте тиімді жүйе», — дейді Аманов.
Әрбір отбасының табысы артады
Пилоттық жобаның арқасында келесі жылы Жамбыл облысында 7 мыңнан астам отбасының табысы 104 000 мың теңгеге дейін өседі деген болжам бар. 2021 жылда – 156 000 теңге, ал 2022 жылы жобаға қатысатын әрбір отбасының табысы 200 000 теңгеге дейін артады.
Тағы оқыңыз: «Ақшаны далаға шашады»: Дана Нұржігіт халыққа кредит беру мәселесін көтерді
Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысында 1,1 миллион адам тұрады. Олардың ішінде 680 мың адам – ауыл тұрғындары. Жалпы, аймақта халықтың жартысы – 506 мың адам жұмыс істейді. Бірақ 35 проценті – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Солардың ішінде 8,3 мың адам нәтижесіз жұмыспен қамтылып отыр. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Пилоттық жоба сәтті іске асса, оны облыс бойынша тарату жоспарланған.
sputniknews.kz