Пішіні «раушан гүл», «түймедақ» сияқты: Ұл балаларды сүндеттеудегі соңғы трендтерді білесіз бе? — Қазақстан жаңалықтары

0

Соңғы кезде балаларды сүндетке отырғызудың түрлері көбейіп кеткен. Халық арасында «раушан», «түймедақ» гүлдері тәрізді сүндет жасату айтылып жүр. Интернеттен «раушан» гүліне ұқсатып сүндеттелген ер бала төсек қатынасында «арыстан» болады деген жазбаларды көруге болады. Бұл қаншалықты рас? Stan.kz ақпарат агенттігі тілшісіне балалар уролог-дәрігері Қайрат Қабдолдин мырза айтып берді.

сүндеттеу
«Сүндеттегеннен кейін оны кедір-бұдыр етіп тіксең, жыныс мүшесі қалың болып қалыптасуы мүмкін. Қалың болған соң да ол төсек қатынасына әсер беретін шығар. Енді жақсы ләззат алу үшін кейбір еркектер жыныс мүшесін қалың етудің мақсатында арнайы вазелин немесе басқа да дәрілер, шарик қолданып жатады. Бірақ мұндай әдістер оны жыныстық қатынаста күшті етпейді. Еркектің төсекте өзін көрсетуі сайып келгенде оның денсаулығына байланысты. Сондықтан сүндеттің ер адамның болашақтағы сексуалды өміріне ешқандай қатысы жоқ. Бұл жәй ғана халықтың арасында тарап кеткен әңгіме», – дейді дәрігер.

Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының «Балалар урологиясы» бөлімшесінің дәрігері Қайрат мырзаның айтуынша, сүндеттің адамға пайдасы – тазалық. Сүндеттелген адам жұқпалы ауруларды аз жұқтырады екен. Статистика бойынша сүндеттелген еркектер сүндеттелмегендермен салыстырғанда СПИД, жыныс мүше ісігі ауруларымен аз ауырады.

«Кейде бала іштен сүндеттеліп туды деп айтатындар бар. Бірақ ол жыныс мүшесінің дұрыс жетілмегенін білдіреді. Ол аурудың бір түрі. Қазір көпшілігі «гүл» сияқты етіп сүндеттеуді ойлап тауып алған. Ол халықтың арасында тараған жәй ғана сөз. Жалпы әркім әрқалай сүндеттейді. Біреулер жәй ғана кесе салса, кейбіреуі жыныс мүшені кескеннен кейін ұшын қатты байлап тастайды. Содан ол гүл тәрізді көрінуі мүмкін. Ең бастысы әдемі етіп кесу керек», – дейді дәрігер.

Уролог дәрігерінің айтуынша, ер баланы көпжылдық тәжірибесі бар адам сүндеттегені дұрыс. Дәрігер өмірде бір-ақ рет жасалатын сүндетті дұрыс жасату керектігін айтады. Өйткені ол кейін баланың өміріне әсерін береді. 

 

«Сүндеттеудің түрі көп. Әркім әртүрлі әдіспен кесіп жатады. Қазіргі кезде балаларды арнайы уролог немесе хирург сүндеттегені дұрыс деп ойлаймын. Өйткені жыныс мүшесінің туа біткен орналасу түрлері болады. Осы себептен басы дұрыс кесілмей қалғандар көп кездеседі. Яғни, жыныс мүшесінің терінің астына кіріп кеткендері болады. Ондайды дұрыс кеспесе, кейін жігітке қиындық туғызады. Кейбір ата-аналар арзан бағада сүндеттетуге жүгіреді. Бірақ арзанға енді ғана үйреніп жүргендер істейтінін естен шығармау керек», – дейді маман.

Сондай-ақ, көпшіліктің айтып жүрген «лазерлі сүндеттеу» әдісі Қазақстан бойынша жоқ дейді маман. Емханаларда ер балаларды арнайы аппараттар арқылы тоқпен сүндеттейді екен. Тоқ арқылы сүндеттеудің артықшылығы — ол жер мүлдем қанамайды. Бұл жасаған хирургке де жеңіл дейді. Ал лазерлі әдіс мүлдем басқа екен.

«Қазіргі заманда сүндетті әртүрлі жасайтын болып кеткен. Біреулер арабтарға еліктеп, туа сала жеті күнде және бір айда жасап жатады. Бірақ қазақтың қалыптасқан өз салты бойынша 3-5 жаста жасағаны дұрыс. Өйткені ол арнайы жергілікті анастезиямен жасалады. Ал туа салған балаға анестезия беру қауіпті. Мұнда сүндеттеуде еврейлердің әдістері бөлек. Оларда жыныс мүшесін арнайы сақина секілді затпен қысып қояды. Сөйтіп ол уақытында өзі түсіп қалады. Бірақ жыныс мүше кейін әдемі болмайды. Басын балтамен кесе салғандай көрінеді», –  дейді Қайрат мырза. 

Сүндетке отырғызу бағасы әр жерде әртүрлі екен. Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында — 30 мың теңге. Дәрігер өз тазалығы үшін ер адамның барлығына сүндеттелуге кеңес береді. 

«Барлық еркектерге сүндеттелуге кеңес берер едім. Әсіресе ыстық жақта өмір сүретіндерге міндетті түрде сүндеттелу керек. Қай жаста болса да, сүндеттелу кеш емес. Ал сүндеттелудің бағасына келсек, біздің орталықта 30 мың теңгеден басталады. Ауыл және облыстарда қалай екенін білмедім», – дейді Қайрат мырза. 

Бір қызығы, сүндеттегенде терісі қара балалар тез жазылады екен. Ал сары балалардың терісі нәзік болғандықтан, біраз ісіп, орнына кеш келеді дейді. 

Бұдан басқа дәрігер ер балаларға күн суыта бастағанда аяқтарын жылы ұстауға кеңес береді. Өйткені табаннан өткен суық қуыққа барады. 

«Ұл балалар да қыс мезгілінде шалбарының ішінде қалың жылылық кигені дұрыс. Өйткені суық тисе, ұзақ ем алуы керек болады. Мысалы, қазір несеп тасы аурулары балалар арасында көбейіп кеткен. Бұрын 1-2 жастағы балаларда тас бар десе, таңданатынбыз. Ал қазір ондайлар көп. Оның себебін түсіндіре де алмаймыз. Бір жағынан жеп жатқан тамақтарымыздың барлығы химия. Содан да болар деген жорамал бар», – дейді маман.

                                                                                               

Дайындаған:  Анар Дәукен

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

stan.kz