«Соңғы шешімді президент қабылдайды»: Президенттің баспасөз хатшысы жаңа жарлықты түсіндірді — Қазақстан жаңалықтары
Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың «кадрлық жарлығына» қатысты әділет министрі Марат Бекетаевтың пікіріне баға берді.
Берік Уәлидің сөзінше, Бекетаевтың аталған мәселеге қатысты пікірінің бұрыс тұстары бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
«Әділет министрінің түсіндірмесін қисынсыз деп санаймын. Мүмкін Бекетаев мырза тілшілердің қысымынан абдырап қалып, қате тұжырым жасаған шығар. Дегенмен мұндай жоғары деңгейдегі лауазымды тұлға кез келген мәселені өзінің функционалдық міндеті аясында әрқашан біліктілікпен түсіндіруі тиіс», — дейді президенттің баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, қазіргі мемлекет басшысының Қазақстанның тұңғыш президентімен кеңесуге құқығы бар. Алайда заңға сәйкес, ол соңғы шешімді өзі қабылдайды.
«Әртүрлі көзқарас туғызған 2019 жылдың 9 қазандағы жарлықтың ережесі бар. Соған сәйкес, президент «ҚР мемлекеттік саяси қызметшілері мен өзге де лауазымды адамдарын қызметке келісу, қызметке тағайындау және қызметтен босату тәртібі туралы» ережеде көрсетілген процедуралардан тыс шешімдерді қабылдауға құқылы», — дейді Берік Уәли.
Сондай-ақ, баспасөз хатшысы Конституцияға сәйкес, үкімет мүшелерін, күштік құрылым басшылары мен басқа да ведомстволар жетекшілерін, сонымен қатар өңірлердің басшыларын тағайындауға қатысты барлық шешімдерді тек президент қабылдайтынын атап өтті.
«Пікірталас тудырған осы жарлыққа қатысты айтар болсақ, ол тек рәсімдік сипатта. Сондықтан мемлекет басшысының конституциялық міндеттері мен функциясын атқаруға ешқандай кедергі келтіре алмайды», — дейді Уәли.
Айта кетейік, бұдан былай Тоқаев лауазымды тұлғаларды Назарбаевтың келісімімен тағайындайды. Жаңа жарлықтан кейін әділет министрі Назарбаевтың жаңа өкілеттігін түсіндірді.
stan.kz