«Қазақтың еркектері протез салғанды намыс көріп, импотент боп жүре береді»: Отандық маман 100-ге дейін төсекте белсенді болудың сырын айтты — Қазақстан жаңалықтары
Жуырда мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиева 25 жастағы жігіттер төсекте қауһарсыз болып жатқанын тілге тиек етіп, дабыл қақты. Ол Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа бұл мәселені назарына алуын сұрап, ұл балалардың денсаулығын мектеп жасынан бастап қадағалау керек екенін қадап айтты. Халық қалаулысы 25 жастағы жігіттердің 16%-ы импотенцияға шалдыққанын, ал бойжеткендердің 30%-ы бала көтере алмайды деген көңіл көншітпейтін деректерді жариялады. Stan.kz тілшісі андролог-уролог Ернұр Исабекұлымен хабарласып, ақпараттың қаншалық рас екенін және қартайғанша ер азаматтар күш-қуатын қалай сақтап қалуға болатынын анықтады.
«Егер еркек өзін жетілдіріп отырса, 110 жасқа дейін секспен айналыса алады» дейді маман. Сол себептен импотенцияға шалдықпаудың алдын-алу қажет екен. Импотенцияға неше түрлі дәрілерді қабылдау, психологиялық проблемалар және басқа да аурулар алып келеді.
«Еркектің секспен ұзақ айналысқаны оның денсаулығына жақсы. Егер өзін жетілдіріп отырса, 110 жасқа дейін жыныстық қатынасқа түсе алады. Әйелдің жұмыртқа жасушалары белгілі бір жаста таусылады, ал еркекте спермотозоидтар үздіксіз шығып отырады. Бұрын ата-бабаларымыз бекерден екі-үш әйел алмаған. Жас келіншекпен отасып, жыныстық қатынасқа түсу арқылы өзін жетілдіріп отырған. Қазір 45 жастағы ер адамдар простатит болып жатыр. Тіпті 16-20 жастағылар да бар», – дейді дәрігер.
Айтуынша, соңғы уақытта жас жігіттердің жыныстық қатынасқа түсуі азайып кеткен. Статистика бойынша тұрмыс құрмаған әйел мен еркектер тұрақты түрде жыныстық қатынасқа түсіп жүрген әйелдермен еркектерге қарағанда эмоционалды тұрақсыз келеді екен.
«Секс жүрек ауруларының қаупін төмендетеді, аптасына 3 қатынас болса инфаркт пен инсулт қаупі 2 есеге төмендейді. 1 жыныстық қатынас кезінде 15 минуттық жүгіргенмен бірдей калория жоғалтады. Жастарға нормада аптасына кем дегенде 3-4 рет төсек қатынасына түсіп отыру керек», – дейді Исабекұлы.
Маманның сөзінше, кейбір жігіттер жыныс мүшесінің қисықтығы мен тез бітіріп қоюының салдарынан импотенцияға шалдығады.
«Психологиялық импотенция алғашқы жыныстық қатынаста сәтсіздікке ұшырағаннан пайда болады. Тез бітіріп қоюы мүмкін, мүшесі кішкентай болуы да әсер етеді. Төсектес болған қызы оған күлсе, онда ер жігітте психикалық ауытқу болады. Содан ол жыныстық қатынасқа түсетін кезде сескенетін жағдайға ұшырайды. Ләззат беруді не алуды ойламайды, керісінше оның миында қыз не дейді деген сұрақ тұрады. Бұл қатынастың сапасын төмендетеді», – деп түсіндірді Ернұр Исабекұлы.
Көптеген еркектер өз әйелдерінен емес, өзге қыз-келіншектермен секспен айналысуды қалап тұрады екен. Сол себептен, дәрігер әйелдерге секс кезінде белсенді болуға шақырды.
«Кейбір еркектер «Әйеліммен қатынас нашарлап кетті. Басқамен секс жақсы болады» деп айтып келеді. Бұл да психологиялық ауытқу. Өйткені әйелі төсек процесінде белсенділік көрсетпеген соң, ол басқаға барғанда ләззат алады. Қазіргі кезде көпшілігінде осы проблема бар. Интимдік контактіге екеуі де атсалысса, онда мұндай проблема болмас еді. Кейбір әйелдер секс осы екен деп еркектің астында қозғалыссыз жатуы мүмкін. Ал төсек қатынасында екі жақ бірдей белсенді болу керек», – дейді ол.
Қант диабетімен ауыратын еркектерде импотенция жиі кездеседі екен. Егер дәрігерге ерте қаралса, импотенттен емделуге болатынын айтады. Көпшілігі немқұрайлы қарап уақытта өткізіп алатын көрінеді.
«Қант диабеті эректильді дисфункцияға алып келеді. Мұны емдеу қиын. Жыныс мүшесіне протез салуға тура келеді. Аппараттың көмегімен тұрғызып, солай жыныстық қатынасқа түсетін жағдайға жетеді. Сыртынан қарағанда жыныс мүшесінде протез бар екені білінбейді. Оны ішіне салып қоямыз. Кейбір қант диабеті диагнозымен келетін кісілерге мүшесіне протез салуды ұсынамын. Бірақ біздің менталитетіміз мұндайға әлі дайын емес. «Ел не дейді?», «Оны не істеймін?» деп шошып жатады. Көп еркектер жыныс мүшесіне протез салғанды намыс көріп, сол күйінше импотент боп жүре береді», – дейді қазақ еркектерінің мүшесіне протез салдыруына дайын еместігін айтқан Ернұр Исабекұлы.
Сол себептен мұндай жағдайға жетпес үшін Ернұр мырза ер баланы кішкентай кезінен уролог-дәрігерге қарату керегін ескертеді. Мұның да себебі бар. Өйткені кейбір ұлдарда туғаннан аталық безі түспей қалады екен. Егер дәрігерге ерте жүгінбесе, онда оның жұмыртқасы алынып тасталады. Сөйтіп белсіздікке душар болады дейді.
«Осы жағдаймен Оңтүстік Қазақстан облысынан көп хабарласады. Тіпті, келіп ем алып жатыр. Оның алдын ерте алмаса, кейін жігіт ұрпақсыз қалады. Егер 30 жастан ары қарай да солай жүре берсе, онда ракқа айналады. Одан өліп те кетуі мүмкін. Аталық безінің орнында болмауы жыныс мүшесінің кішіреюіне алып келеді. Еркек гормоны төмендейді. Бұдан еркектің дене бітімі, дауысы әйел сияқты болып кетеді. Мұндай жігіттердің әке болуына көмектесе алмаймыз, тек жұмыртқасын алып тастаймыз. Одан кейін ішуге тестестерон жазып береміз, сол арқылы ол жыныстық қатынасқа түсе алады. Тек бала ғана болмайды», – дейді.
Ал әркіммен төсектес болған әйел мен еркек үйленер кезде дәрігерге міндетті түрде тексерілуі керек екен. Өйткені бей-берекет жыныстық қатынастан инфекция жұғады. Дәрігердің айтуынша, қазіргі кезде жап-жас қыздар жыныстық қатынасқа түсіп қойған. Сондықтан да ұл мен қызға ерте жастан жыныстық тәрбие беруге кеңес береді.
«Балаларға жыныстық тәрбие 9-10 сыныптан бастап берілу керек. Ал бей-берекет қыздарға бармауды кішкентайынан-ақ миына құю қажет. Маған цистит болып қалған қыздар көп келеді, 40 жастан кейін болатын ауру мектеп оқушыларында пайда болған. Қарасаң жап-жас, кішкентай қыздар. Бірақ еркекпен жыныстық қатынасқа түсіп, инфекция жұқтырған. Ертең бедеу болуы да ықтимал. Қазіргі кезде секспен айналыспаған қыздар өте аз», – дейді Ернұр Исабекұлы.
Дайындаған: Анар Дәукен
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
stan.kz