Түркістан облысында инспекторға шабуыл жасалды
Қысқа сілтеме алу
Түркістан облысының полицейлері инспекторға оқ атқан күдіктіні ұстап, оның қаруы мен басқа да заттай айғақтарды тәркіледі
НҰР-СҰЛТАН, 23 қазан – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері су қорғау инспекторларына оқ атты деген күдікпен ер адамды ұстады.
Түнде Шардара су қоймасында төтенше жағдай болды. Су қорғау инспекторлары заңсыз балық аулаумен айналысқан үш адамды байқап қалған, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жас жігіттер инспекторларды көре сала жасырынуға тырысқан, бірақ 17 километрден кейін олардың қайығы тұрып қалған.
Осы сәтте жағажайда белгісіз адамдар шыға келіп, инспекторларды қарумен қорқытып, оларға қарай оқ атқан. Одан кейін ұялы телефондарын алып, балықшылармен бірге көлікке мініп, қашып кетеді.
Полиция инспекторлардың арызы бойынша заң бұзушыларды іздеуге кіріскен. Олар күдіктілердің бірін өз үйінде ұстайды. Болжам бойынша, дәл осы ер адам инспекторларға оқ атқан. Ол Шардара ауданының тұрғыны, браконьерлердің бірінің әкесі болып шықты.
Тағы оқыңыз: Тоқаев браконьерлердің жазасын күшейтуді тапсырды
Тәртіп сақшылары тінту барысында күдіктінің үйінен 16-калибрлі аңшы мылтығы мен жәбірленушілердің ұялы телефондарын тапты.
Бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті тұтқындалды. Оған ірі көлемдегі айыппұл немесе екі жылға бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Қазір Түркістан облысының аумағында «Браконьер» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Ол 31 қазанға дейін жалғасады.
Қорықшыларға шабуыл
2019 жылдың басында қазақстандықтарды қорықшының өлімі дүр сілкіндірді. 13 қаңтарда «Охотзоопром» инспекторларына шабуыл жасалды. Браконьерлер қорықшы Ерлан Нұрғалиев пен оның серігі Петр Ницыкты ауыр жарақаттайды.
Ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккендер бірнеше сағат бойы іздестірілді. Қорықшылардың бірі – Ерлан Нұрғалиев алған жарақаттарынан көз жұмды.
Ал 23 шілде күні қайғылы оқиға қайталанды. Ақмола облысында браконьерлер инспекторларға шабуыл жасап, бір қорықшы қаза тапты, екіншісі жарақат алды. Көз жұмған 43 жастағы Қаныш Нұртазиновтың артында әйелі мен төрт баласы қалды.
sputniknews.kz