Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жаста: Тоқаев халық жазушысын құттықтады
Қысқа сілтеме алу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовті мерейтойымен құттықтады
НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан — Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовті 95 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, жеделхат жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
«Сізді егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті жазушы, сөз өнерінің патриархы ретінде қадірлейміз. Қазақ қаламгерлері арасынан дараланып шығып, бірегей тұлға дәрежесіне көтерілген Өзіңізді үнемі мақтан етеміз»,– делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы жазушының «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары қазақ көркем сөзінің алтын қазынасына еніп, әлем әдебиетінде өзіндік орны бар рухани құндылыққа айналғанын атап өтті. Жазушының жалпыадамзаттық мәселелерді арқау еткен шығармалары арқылы халқымызды бүкіл дүние жүзі танығанына да тоқталған.
©
Sputnik / Тимур Батыршин
Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов
«Баршаны алаңдатқан Аралдың ахуалы Сіздің қайталанбас туындыларыңызда көрініс тапты. Ел мүддесін жаһандық деңгейге жеткізіп, оқырманның шексіз ықыласына бөленіп келесіз»,– деп жазды Тоқаев.
Президент мерейтой иесіне «Жазушылық жолыңыз, ғибратты ғұмырыңыз жалғаса берсін. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс, бақ-береке тілеймін» деген ықыласын білдірді.
Тағы оқыңыз: Белгілі жазушы Тоқаевтың ерекше қасиеті туралы айтып берді
sputniknews.kz