Өлең: Күләш Ахметова (Ақын) » ZHARAR

0

Өлең: Күләш Ахметова (Ақын) казакша Өлең: Күләш Ахметова (Ақын) на казахском языке

Құдіреттеніп құйылғанда ұлы ақын,
Гераклдей күшті әрі ірі — ақыл.
Күңіренеді қобыздайын аңырап,
Тебіренеді теңіздейін сұрапыл!
Көздерінен Күн шашырап маздаған,
Сөздерінен мұң шашырап боздаған.
Туғызады таң ғаламат суреттер
Сикейростар, Сальвадорлар жазбаған.
Аспан жақтан шабыт қонған шақта оған,
Ақ қағазға құйылады аппақ ән.
Табады ақын таңғажайып әуендер,
Бетховендер, Берлиоздар таппаған.
Аппақ-аппақ гүлге айналып жауған қар,
Жер-Анамен бірге айналып армандар,
Дірілдейді таудан аққан бұлақтар,
Уілдейді, шуылдайды ормандар.
Қар құйындап, ұлығандай ақ боран,
Қара көзден жас борайды көп тарам…
Шаһиншахтар иек қақса ықпаған —
Шайырларын түсіне алған жоқ қоғам!
Елшің еді замандарға ертеңгі!
Еңіреген ақындарға бер теңдік!
Бір өлеңге сыйған бүкіл әлемнің
Көз жанарын аударарлық көркемдік!
Көркемдікке болмас дүние, сірә, жат,
Ақын — аққу, ақ қанатты, үні — азат.
Рақымы зор Раббыңызға, жамағат,
Жыр тілінде етіңіздер мінәжат!
* * *
Жылт еткен сәуле іздедім мұңнан дағы,
Мұң басқан үйдегі гүл ырғалмады.
Көрінем өзіме-өзім секілді бір
Баяғының батыры зындандағы.
Маған аз терезеден қараған Күн.
Ғаламдай шексіздікті қалағанмын.
Алатаудың шыңының тұсына әкеп,
Ақынды әдейілеп қамаған кім?
Жыр шығарып жібектей таратылған,
Жылдар қайда шам жағып, таң атырған?
Қақ жарып қара бұлтты ұшпас па едім,
Неге мені қақтыңдар қанатымнан?
Топ боп ұшқым келмеді тобырға еріп,
Топ ертерлік болмады қолымда ерік.
Нар көңілді бұйдалап уысында
Ұстайды осы қашанғы өмір берік?
Қамалуға қашанғы болады енді,
Көктем де көркем гүлдер ала келді.
Мен де бір «Мерседеске» мініп алып,
Аралап кеткім кеп тұр даланы, елді!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Дереккөз: zharar.com