Қасым Қайсенов соғысқа Павлодардан аттанған ба?..

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қ.Қайсенов «Халық қаһарманы» атағын алды.

— Бала кезімізден атамыздың ерлігін кинолардан көріп өстік. Бұл туралы  «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Қасым» атты кино көрсетілді. Биыл да 100 жылдық мерейтойына орай Қасым Қайсенов туралы e-history.kz сайтында мақалалар жарияланды. Атамыздың 1918 жылғы 23 сәуір Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы, Асубұлақ ауылында өмірге келгені белгілі, -дейді  облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің редакторы  Нұрбол Жайықбаев.   

Содан Өскемендегі Коммунистік саяси-ағарту (Комполитпросвет) техникумын бітіреді. Саяси-ағарту қызметкерлер курсының меңгерушісі болады. 1939 жылғы 16 сәуір күні Қазақ ССР Халық ағарту комиссариатының бұйрығымен Павлодар облысына жіберіледі. Облыстық білім басқармасының саяси-ағарту жұмысы жөніндегі инспекторы болып тағайындалады.

Журналист Нұрбол Жайықбаевтың  айтуынша, Қасым атамыз «Дархан дарын» атты естелігінде ақын Қабдыкәрім  Ыдырысов жайлы ол шын мәнінде табиғатында әнші еді. Бірде бабында отырғанда «Қорланға» басты. Тыңдап отырып, жан-дүнием егіліп, көзіме жас толып кетті. Естай атаның бұл әнін 1939 жылы пойыздың жүк таситын вагонында оның жиені Өмірбаев Хамзаның аузынан естіген едім. Хамза Естай атаның қарындасынан туған жалғыз ұл еді. Ол ақын, ойлы, парасатты жігіт еді. Екеуміз 1939 жылдың басында Керекуден Фин соғысына, армия қатарына алынып, майданға аттанып бара жатқан кезіміз еді…» деп жазыпты.

Ал, қазіргі облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті  «1918 жылы 23 сәуірде туған Қасым Қайсенов Павлодар облысы жергілікті әскери басқарма органдарының есептік-мұрағаттық мәліметтері бойынша есепте жоқ» деп жауап беріпті.

— Қасым Қайсеновтің өміріне қатысты бұл  деректі нақтылау қажет емес деп пікір айтушылар да табылар. Бірақ, біз Қасым атамыздың өміріне қатысты осы бір нақты деректің анықталуын күтеміз. Білетіндер болса, хабарласар деген ойдамыз.  Дерек анықталса, 1939 жылы жауынгерлерді соғысқа шығарып салған біздің қаладағы ескі теміржол перроны тұсында «Қасым Қайсенов осы жерден майданға аттанған» деп ескерткіш тақта орнатқымыз келеді, -дейді Нұрбол.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР