«Мені тәнті етті»: Нұрғали Нүсіпжанов өзінен 45 жас кіші Жадыра Сейдешке неліктен үйленгенін айтты — Қазақстан жаңалықтары
Осыдан бірер ай бұрын 82 жасында өзінен 45 жас кіші аруды жар еткен халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов көптің көкейінде жүрген сұраққа жауап берді. Әнші сексеннің сеңгірінен асқанда неліктен үйленгенін, жар ретінде танымал журналист Жадыра Сейдешті таңдауына не себеп болғанын айтты.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Shownews.kz ақпарттық порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Халық әртісінің шаңырақ көтеруі, өзінен 45 жас кіші Жадыра Сейдешті жар етуі көпшіліктің қызу талқысына түскен еді. Олардың қатарында Нүсіпжановты сынағандар да аз емес. Өз кезегінде әнші өзіне сын айтқандармен дауласқысы келмейтінін жеткізді.
«Мен халықтың байлығына қол сұққаным жоқ. Біреудің иелігін тартып алған жоқпын. Өз ықыласымызбен, өз келісімімізбен қосылдық. Мен жас бала емеспін. Менің де асты-үстіме қарайтын көмекші, сенімді адам керек. Қазіргі заманда өмір сүру оңай емес. Пейілі дұрыс, көзі көре алатын, құлағы ести алатын жандар баталарын беріп жатыр. Ал енді бірі қисық сөздерін жіберіп, адамдардың құлағын былғап жатқандар да бар. Оларға айтар сөзім жоқ. Біреумен айқайласу ойымда да жоқ. Менің өмірлік ұстанымым –ешкімнің ала жібін аттамау», – дейді Нүсіпжанов.
Өнер иесінің келіншегімен таныстығы осыдан 5 жыл бұрын бастау алған. Нұрғали Нүсіпжановтың сөзінше, ол болашақ жарын түсірілімдердің бірінде жолықтырыпты. Журналист қыздың адалдығы, сауаттылығы мен еңбекқорлығы халық әртісін тәнті еткен көрінеді.
«Қымызды кім ішпейді, қызбен кім сөйлеспейді. Бұл талқыланатын үлкен бір тақырып емес. Адамдардың ой арманы, адамдық қасиеттері жақындасады. Кез-келген адаммен тіл табысып кете алмайсың. Жадыраны түсірілімде жолықтырдым. Біз сұхбаттарда да кездесіп жүретінбіз. Оның істеген еңбектерін бағаладым. Келіншегімнің адалдығы, сауаттылығы мен еңбекқорлығы мені тәнті етті. Бұл неке екі жақтың келісімімен, ризалығымен болды», – деді өнер иесі.
Сондай-ақ, әнші сексеннен асқан шағында үшінші рет шаңырақ көтеруіне қыздарының қарсы болмағанын айтып, ризалығын жеткізді.
«Бұл некені қыздарым жақсы қабылдады. Қарсылық танытпады. Керісінше маған қолдау көрсетіп, түсінікпен қабылдады. Қыздарыма ризамын», – деді әнші.
Сондай-ақ, Нұрғали Нүсіпжанов алдағы уақытта шығармашылығын қолға алып, ел аймақтарын аралап, жеке ән кешін өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.
stan.kz