Айсұлтан Назарбаев Лондонда шартты жазаға кесілді — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Айсұлтан Назарбаев Лондонда полицияға тап бергені үшін шартты жазаға кесілді.

Айсұлтан Назарбаев Лондонда шартты жазаға кесілді

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Айсұлтан Назарбаев есірткілік заттың әсерінде полиция қызметкерлеріне қарсылық танытып, олардың бірін ұрып жіберіп, тістеп алғаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу нұсқасы бойынша, полиция офицерінің қолында тістің терең ізі қалып, жарадан «қан саулап аққан». 

Сот үкімі 18 айлық сынақ мерзімін талап етеді. Егер Айсұлтан Назарбаев осы мерзім ішінде заң бұзса, үкім шартты түрден қамауға ауыстырылады. 

Сонымен қатар Айсұлтан Назарбаев 140 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылып, есірткіге тәуелділіктен емделудің міндетті 20 сессиясынан өтуге міндеттелді. Сондай-ақ, ол 1 мың фунт (504 мың теңгеден аса) көлемінде айыппұл төлеп, 5 мың фунт (2 млн 500 мың теңгеден аса) көлеміндегі шығынның орнын толтыруы тиіс.

Еске сала кетсек, бұған дейін өткен сот тыңдалымында айыптаушы Грегор Маккинли Айсұлтан Назарбаевтың биылғы жылдың  3 маусымында Лондон орталығындағы мейманханалардың бірінде шу шығарып, балконға шығып алып, секіріп кетемін деп қорқытып, суицид жасайтынын айтып айқайлағанын мәлімдеген еді.

5 маусымда бұл жағдай қала орталығындағы пәтерлердің бірінде қайталанып, артынша көршілері полиция шақырған. Маккинлидің сөзінше, Айсұлтан Назарбаев өзіне қол жұмсайтынын айтып, қоңырау бойынша келген Росс Самбрукқа тап беріп, оны кеудесінен ұрып жіберіп, сол қолын тістеп алған. Өз кезегінде полицейлер электрошокер қолданыпты. 

stan.kz