Божко «отставкаға кетесіз бе?» деген сұраққа жауап берді
Қысқа сілтеме алу
Кеше Алматыда қоғамдық бірлестіктердің өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, Владимир Божконың депутаттық өкілеттігін тоқтатуды талап еткен еді
НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты, спикердің орынбасары Владимир Божко өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, отставкаға кетпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Кеше Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері жиналып, мәжіліс депутаты Владимир Божконы әлеуметтік араздық тудырды деп айыптады. Бұдан бөлек, рейдерлікпен айналысып, басқаларға қорлық көрсетті деген айып та тағылды. Қоғам белсенділері Божконың депутаттық өкілеттігін тоқтатуын талап етіп, президентке хат жазатынын мәлімдеген болатын.
Тағы оқыңыз: Бекболат Тілеухан «халықты тізерлеткісі келген» әріптесінің сөзіне пікір білдірді
Бүгін мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко журналистердің «отставкаға кетесіз бе?» деген сауалына жауап берді.
«Әрине, жоқ», — деп қысқа қайырды мәжілісмен.
Айтуынша, кеше Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген бір топ адамның көздеген басқа мақсаты бар. Бірақ, олар оны жасырып отыр.
«Бір апта бұрын Захаров (казак атаманы) пен оның ұйымына қатысты рейдерлік жолмен тартып алған ғимаратты босату туралы сот шешімі шықты. Бұл шешімге менің еш қатысым жоқ. Талап-арызды Жетісу казактары одағы түсірген. Захаров пен осы одақ арасындағы іс жеті жылға созылды. Көптеген сот отырысы болды. Ақыры әділдік орнататын шешім қабылданды», — деді ол.
Айтуынша, Захаров бұл жолы жауапкершіліктен қашып құтыла алмағандықтан, оның бұған дейінгі мәлімдемелерін желеу етіп, айып таққан. БАҚ өкілдері Божкодан қоғам белсенділері «неге сізді таңдап алды?» деп сұрады.
«Өйткені мен «Қазақстандағы орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігін басқарамын. Ал Жетісу казактары одағы, Орал казактары одағы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы казактар одағы біздің одаққа кіреді. Сондықтан олар баспасөз мәслихатында мені әбден қаралады. Бірақ таққан айыптарының барлығы өтірік», — деді Божко.
Депутат орыс казактары қоғамдық ұйымдарына ешқашан қысым көрсетпегенін айтты.
«Әрине, қысым болған жоқ. Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесіміз. Неге олар мұны ассамблеяның өз ішінде емес, осындай деңгейге шығарғанына таңғалдым», — деді спикердің орынбасары.
Айта кетейік, Владимир Божко «халық әлеуметтік көмекті көбейткені үшін мемлекет алдында тізерлеп тұрып алғыс айтуы керек» деген болатын. Мәжіліс вице-спикерінің бұл сөзі желіде қызу талқыланып, қазақстандықтардың ашуын туғызды.
sputniknews.kz