дәрігерлер астаналық әйелдің жағдайы туралы айтты

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Қазіргі уақытта зардап шеккен әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның әлі есін жимағанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан – Sputnik. Астаналық дәрігерлер осымен тоғызыншы тәулік бойы денесін қатты күйік шалған әйелдің өмірін сақтап қалуға тырысып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Науқастың жағдайы ауыр. Ол әлі жансақтау бөлімінде жатыр.

«Есін жиған жоқ. Ағза мүшелерінің жұмысы дәрі-дәрмектің көмегімен қамтамасыз етіліп отыр. Қан айналымы да қалыпты деңгейде емес. Науқастың жағдайы жақсарған жоқ. Болжам жасауға әлі ерте», — деді травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының дәрігері Ербол Төлегенұлы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта әйел жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

«Біз қазір оған ешкімді кіргізбейміз. Инфекция түсуі мүмкін. Туыстары келіп, хәлін сұрайды. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Науқасқа ауруды басатын дәрі үнемі егіледі», — деді дәрігер.

Күйеуі бензин құйып, өртеп жіберді

Еске сала кетсек, оқиға жексенбі, 6 қазан күні болды. Нұр-Сұлтанда 43 жастағы ер адам әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберді.

Полицияға сағат 11:40 шамасында автобус аялдамасында (Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ауданы) денесін күйік шалған әйелдің отырғаны туралы хабарлама түскен. Зардап шегуші бірден ауруханаға жатқызылған.

Тағы оқыңыз: Айдалаға апарған: Нұр-Сұлтанда отбасылық ұрыс қайғылы аяқталды

Тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, отбасылық ұрыс кезінде күйеуі әйелін адам жүрмейтін жерге апарып, үстіне бензин құйып, өртеп жіберген.

Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті өз кінәсін мойындаған.

Ол Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің уақытша тергеу изоляторына қамалды.



sputniknews.kz