дәретханада қыздарға сығалап қараған еркекті іздеп жатыр
Павлодар полицейлері айна мен ұялы телефонын пайдаланып, дәретханаға кірген қыздарға сығалап қараған тұрғынды іздеп жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Павлодар қаласындағы сауда орталықтарының бірінде қыздардың дәретханасына тығылып кіріп, айнаның көмегімен сығалап қараған ер адамға іздеу жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желідегі пабликтердің бірінде заңсыз әрекетке барған ер адамның фотосы тарап кетті. Ол City Centre сауда үйінде жүргенде камераға түсіп қалған. Сол жерде әйелдердің дәретханасында вуайеризммен айналысқан. Ол айна мен ұялы телефонын пайдаланып, дәретханаға кірген қыздарға сығалап қараған. Полиция департаменті осы оқиғаның 12 қазанда болғанын растады.
«Қылмыстық кодекстің 124-бабы «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі кезде осы фактіге қатысы бар адамды іздестіру және ұстау шаралары жүргізіліп жатыр», — деді департамент қызметкерлері.
Егер ер адам ұсталып, оның кінәсі дәлелденсе, ол бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
sputniknews.kz