Мектепалды дайындық сабақ жоспары: М дыбысы мен әрпі » ZHARAR

0

Мақсаты:
а) білімділік: М м әрпімен таныстыру арқылы білім беру, М дыбысын сөз ішінен таба білу, дауыссыз дыбыс екенін түсіндіру. М дыбысына мысалдар ойлату арқылы сөздік қорларын молайту.
ә) дамытушылық: дидактикалық материалдарды пайдаланып. Дидактикалық ойындарды ойнатып, балалардың ойлау қабілеттерін, қиялдарын, зейіндерін дамыту.
б) тәрбиелік: әдемі — көркем жазуға қолдарын жаттықтыру.
Көрнекілігі: кеспе әріптер, суреттер, әліппе — дәптер.
Әдіс — тәсілі: түсіндіру, көрсету, әңгімелеу, сұрақ — жауап.
Сабақ барысы
1. Ұйымдастыру
— Сәлеметсіңдер ме балалар?
— Сәлеметсіз бе?
Шаттық шеңбері.
(ортаға шығып) Шеңбер болып тұрайық
Алақанды ашайық
Күннің нұрын алайық
Жүрекке жылу салайық
Жиналған жылы шуақты
Бір — бірімізге шашайық.
— Рахмет балалар.

2. Қайталау.
— Балалар өткен сабақта не өттік? Қай дыбыспен таныстық?
— Д д дыбысымен
— Ол қандай дыбыс
— Қандай сөздермен таныстық?
— Доп, домбыра, долана, дөңгелек.
— Бүгін біз М м әрпімен танысамыз.

3. Жаңа сабақ
— Балалар мені мұқият тыңдаңдар:
Мамырда бар
Ақпанда жоқ
Қамырда бар.
Ақ нанда жоқ.
— Қай сөзде М м дыбысы естіліп тұр?
— Мамырда, қамырда
— М қандай дыбыс деп ойлайсыңдар?
— Дауыссыз
— Неліктен? Еріндеріміз бір — біріне тиіп, кедергі болып тұр. Тақтада ілініп тұрған суреттерді атап, сөздерді буынға бөліп, сөйлемдер құраймыз.
— Балалар, Мақта қыз дегеніміз кім?
— Ол ертегі кейіпкері
— Ендеше сол Мақта қыз бүгін біздің сабағымызға келіпті, оны қарсы алайық
— Сәлеметсіңдер ме балалар, мен сендерге арнайы ертегілер елінен тапсырмалар алып келдім, орындасаңдар сендерге жұлдызшалар беремін.

1 — тапсырма: «Жұмбақ шешу»
1 қатар: Инеліктің апасы
Ызыңдаған дыбысы
Шақса белгі салады
Қаныңды да сорады. (маса)
2 қатар: Қыста жылт — жылт етеді
Қолдан суық өтеді
Күн жылынып жылбырап
Су боп ағып кетеді. (мұз)
3 қатар: Мұртын сипап тілімен
Бетін сусыз жуады
Тышқанды аңдып түнімен
Көзі оттай жанады. (мысық)
2 — тапсырма:
Әріптер жазылған карточкалар, сол әріптер арасынан М әрпін тауып, көк түспен бояу.
3 — тапсырма:
Жасыл, сары, қызыл конвертке суреттер салынған, балалар өз қалаулары бойынша түс таңдап, суреттерді атап, буынға бөліп, сөйлемдер құрау.
4 — тапсырма: Сауат ашу дәптеріндегі М м дыбысын үлгі бойынша әдемі, маржандай етіп жазу
Тапсырмаларды орындап болған соң Мақта қызбен қоштасу.
— Рахмет саған Мақта қыз, дайындап әкелген тапсырмаларың өте қызықты екен.

4. Сергіту жаттығуы.
«Қара жорға» әуенімен билеп неше түрлі қимылдар жасау
5. «Ұшты — ұшты» ойыны

6. Қорытындылау.
— Балалар бүгін қандай дыбыспен таныстық?
— Мақта қыздың тапсырмалары ұнады ма?
Сұрақ — жауап әдісі арқылы сабақта алған білімдерін бекіту, бағалау……

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Дереккөз: zharar.com