«Екіге бөлінгенімізді қалайды»: Назарбаев Отанды сатқандар жайлы айтты — Қазақстан жаңалықтары
Нұрсұлтан Назарбаев екі билік туралы қауесетті кім және неге таратып жүргенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар арнасына сілтеп.
«Осының бәрін естіп, оқып, көріп жүрмін. Қазақстанда тұрақтылық болғанын қаламайтын адамдар қауесеттерді әдейі таратады. Елімізде төбелес болғанын, екіге бөлінгенімізді қалайды. Олар біздің қашқын ұрылар, отанды сатқандар. Олар халықтың тыныш өмірін бүлдіру үшін жалған қауесеттер таратады.
Бірақ оған ешқандай негіз жоқ, себебі Қазақстан басқаруы президенттік формадағы біртекті мемлекет. Мұндай мәселе бізде ғана емес, бұл франциялық, ресейлік, кей тұста америкалық та нұсқаға жатады. Президент Тоқаевты бүкіл халық сайлады», — деді Назарбаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында.
«Маған келер болсақ, мен заң бойынша Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы екенімді білесіздер. Иә, бұл орган ішкі және сыртқы саясат мәселелерін шешеді, кадрлар бойынша келіседі, бірақ бұл ұжымдық орган, мен тек төрағамын.
Мұнда елдің барлық басшысы мүше, біз қате жібермеу үшін ұжым болып шешім қабылдаймыз», — деді Елбасы.
Сондай-ақ оның айтуынша, Елбасының мақсаты — Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысын қамтамасыз ету, Нұр-Отан партиясын, Қазақстан халқы ассамблеясын басқару.
stan.kz