«Енді өзіме күйеу іздесем болады»: Ирина Советжанқызы жеке өмірі, қаптаған коучтар мен өкініші туралы — Қазақстан жаңалықтары
Соңғы уақытта жазбаларында өткен өмірі туралы қозғап жүрген Ирина Советжанқызының өкпесі бар ма? Психологиялық тренингтерге қатысып жүрген тележүргізуші кітап жазуды қолға ала бастапты. «Өзіме психология қажет» деген Ирина ханым оның себебі мен жеке өмірі туралы Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне айтып берді.
– Ирина Советжанқызы болып қалыптаспағанға дейін көрген қиыншылықтарыңызды желідегі парақшаңызда түртіп жүрсіз. Болашақта өз өміріңіздің кітабын жазуыңыз мүмкін бе?
– Қазір кітап жазу сәнге айналып кетті. Жалпы сұрақтың төркінін түсініп отырмын. Кез-келген адамның өмірде көргені, түйгені бар. Егер өмірінде басқаларға сабақ болатындай тұстары болса, оны кітап етіп жазуға болатын шығар. Мен де кітап жазуды бастадым. Бірақ өз өмірім туралы емес. Жасаған сюжеттерімнің кейіпкерлерінің әртүрлі тағдырлары айтылады. Кейіпкерлер туралы ойымды баяғыдан түртіп жүретінмін. Алайда, ол аз уақытта жазыла салатын дүние емес.
– Соңғы уақытта жеке өміріңіз туралы неге жазып кеттіңіз? Өкініш бар ма өткен күнге?
– Иә, өткеніме көп оралып жатырмын. Өйткені психологиялық кітаптар оқып, тренингтерге қатысып, өз-өзімді зерттеп жүрмін. Адам алдыға жылжу үшін өткеніне де зерттеу жүргізу керек екен. Психологияда солай айтылады. Бір жағынан маған көп әйелдер көмек сұрап, хат жазады. Өз өміріне көңілі толмаған әйелдер көп. Балалары бола тұра бақытсызбын дейтіндер бар. Бірақ баласы бар адам қалай ғана өмірден түңілуге болады деп ойлаймын. Мен сол қыз-келіншектерге бала алға жетелейтін күш екенін білдіргім келді. Олардың басындағы қазіргі қиындықтар уақытша ғана дүние екенін айтқым келген мақсатта өмірімнің сәттерінен сыр шертіп отырамын. Ал өткен күніме ешқандай өкінішім жоқ. Болды өкініштер, бірақ өткен күндер маған сабақ болды.
– Бәлкім сіз жеке өміріңізді үлгіге ала тұрып тренинг ашуды жоспарлап жүрсіз бе екен?
– Қайталап өтейін, адам тренинг өткізу үшін бірінші өз өмірін жөндеп алуы керек деп ойлаймын. Бұл тұрғыдан алғанда, мен тек шәкіртпін. Иә, психологияны тереңдете оқып жүргенім рас. Егер осы оқып-үйренгендерім өзіме керемет нәтиже беріп жатса, ақылым өзімнен асып, өзгелерге бөлісу керек деген қажеттілік туындап жатса, неге өткізбеске? Ал журналистикаға қатысты бірнеше жылдан бері тренингтер өткізіп те жүрмін. Қалыптасқан медиатренермін. Сондықтан сабақ беру ісі — маған жат дүние емес.
– Қазір қыз-келіншектер тренингтерден кенде емес. Ал психологтар оларды «адастырушы» деп атайды. Сіз қалай ойлайсыз, қазіргі қазақ қоғамына тренинг, коуч, спикер ауадай қажет пе?
– Олар ұсынған ілімді алып, білмегенімді үйреніп жүргендіктен, сын айта алмаймын. Меніңше, сын айтатындардың көбі тіпті, ол тренингке ең болмаса бір рет барып көрмеген де шығар. Немесе баруды намыс көретіндер деп ойлаймын. Өйткені сол жерге бір рет барған адам ең болмаса, өзіне қажетті бір дүниені іліп аларын түсінетін еді. Қазақтілді ортаға психологияны алып келген Құралай ханымды тыңдаймын, жазбаларын оқимын. Өз сіңлілеріме, інілерім, әріптестеріме әйелдеріңе Құралай ханымның парақшасын оқытыңдар деп айтып та жүремін. Өйткені, адам өз ісінің мықты маманы болуы мүмкін, білдей бір компанияны, мың адамды басқара алғанымен, бір ғана күйеуінің бабын таба алмауы, баласымен тіл табыса алмауы мүмкін. Себебі ол енені, күйеуді, абысынды қалай сыйлау керектігін, тіпті, ол сыйластықтың бала-шағаң үшін, аса қажеттігін қазақы жатық тілмен түсіндіріп береді. Айнұр Тұрсынбаеваның онлайн-тренингтерінің әрқайсысын сатып алып оқыдым. Өйткені ол — мықты айтыскер ғана емес, мықты мотиватор, коуч. Құрбым Мақпал Қаратай — бүгінде аудиториясы ауқымды мықты коуч. Айнұр Асанберді, Жанар Байсеміздің де әлдеқашан өз аудиториясы қалыптасып үлгерді. Өзім о бастан жақсы білетін достарымды басқа қырынан таныдым. Дәрістерін ақшаға сатып алып, оқимын. Күні кеше ғана кітабы шыққан Мұхит Сапарбаев та жеке сабақ беретін мықты коуч ретінде қалыптасып келеді. «Алматы әйелдер орталығының» мамандары Балқия, Лаура, Роза деген қыздардан қаншама қазақ қызы білмегенін үйреніп жүр. Кітабы бестселлерге айналған Кәмшат Бекжігітова, осы салада елден бұрын онлайн-университет кірпішін қалаған Қуаныш Шоңбайдың қаншама шәкірті бар. Бір жылдық оқу курсын де мен сатып алып, оқып жүрмін. КИМЭП-тің түлегі, мықты коуч Мәрзия Бекайдардың да сабақтарын алып оқыдым. Ұнады! Жоғарыда айтқан әр маманның дәрісін тыңдаған адам ретінде айтайын, бізге осындай тренингтер өте қажет! Бұл менің жеке пікірім. Басқаларға қалай білмеймін, бірақ психология менің өзіме керек.
– Екі балаңызды жалғыз жетілдірдіңіз. Ал өз жеке өміріңізді құру жоспарыңызда жоқ па?
– Әрине, тұрмысқа шығу жоспарымда бар. Бұрын «балаларымды жеткізіп алайын» деп соларды бірінші кезекке қоятынмын. Қазір шүкір, өзімнің де, жеке өміріммен айналысуыма мүмкіндік туды. Бірақ менің ойым жаратушының жоспарына сай келмей тұр ғой деймін. Достарыммен бас қоса қалғанда «Көпбалалы ана болғым келеді» деп жиі айтамын. Дүниеге тағы сәби әкелу ниетімде бар. Қазір жасым 39-да. Алланың маған да бұйырған бір жары бар шығар.
– Сіздей батыл келіншекке осы кезге дейін сөз айтқан ер кісілер көп болған шығар, тағы тұрмыс құрғыңыз келмеді ме?
– Кейде батылдығым ер адамдардың маған сөз айтуына кедергі келтіретіндей болып көрінеді. Негізі сөз айтқан ер кісілер болды. Айтып өткенімдей балаларымды ойладым. Солардың жағдайына барынша көңіл бөлдім. Енді өзіме күйеу іздесем болады (күлді).
Сұхбаттасқан Анар Дәукен
stan.kz