Вице-министр еліміз полиэтилен пакет және пластик бөтелкемен қалай күресіп жатқанын айтты

0
23 Қараша 2018, 13:10 191 0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай Қазақстан полиэтилен пакет және пластик бөтелкемен қалай күресіп жатқанын айтты.

«Біз біртіндеп, жүйелі түрде полиэтилен пакеттерді пайдаланудан бас тартуымыз керек. Бірақ, бұл уақытты қажет етеді. Сол үшін біз баламасын әзірлеуіміз қажет. Біз қазір әзірленіп жатқан жаңа Экология кодексінде осы мәселені қарастырамыз. Менің ойымша, полиэтилен пакеттерді пайдаланудан бас тарту үшін 5 жылдан 10 жылға дейін уақыт керек», — деді Сәбит Нұрлыбай Сенат кулуарында берген сұхбатында.

Сондай-ақ, вице-министр елімізде пластик бөтелке, пакет, жалпы пластик заттарды қайта өңдеумен айналысатын ондаған кәсіпорын жұмыс істейтінін айтты.

«Алдағы уақытта пластик бөтелкелер шашылып жатпайтын болады. Себебі, олар ақылы болады. Мәселен, қазірдің өзінде бірнеше қаладағы кәсіпорындар оларды сатып алады. Енді бизнес үшін пластик шөлмектердің шашылмай, сатып алынуы, қайта өңделуі тиімді болады. Пластик заттарды қабылдайтын зауыттар Алматы, Петропавлда, барлығы он шақты ірі қалада бар», — деді Сәбит Нұрлыбай.

Вице-министрдің айтуынша, қазір елімізде қайталама шикізаттан 20 өнім түрін шығаратын 130 компания жұмыс істейді.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ