тараптар өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын белгіледі
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді (Келісім) ратификациялау және жүзеге асыру барысы, 12-ші ASEM саммиті отырысының қорытындылары және халықаралық және аймақтық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Қ. Әбдірахманов өз сөзінде Еуроодақ Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі болып қала беретінін және басым сыртқы саяси бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті. Еліміздің сыртқы сауда және шетелдік инвестицияларының жартысына жуығы ЕО елдерінің үлесінде. Өз кезегінде Қазақстан ЕО сауда серіктестерінің арасында 32-ші орынға ие, Еуропалық Одақтың Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі. Соңғы екі жылда Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымының тұрақты өсімі орта есеппен 20 пайыз көрсетуде, бұл ретте алдағы жылдарға қойылған басты міндет – осы сауда-экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыру болып табылады.
Осы тұрғыда тараптар Келісімге үлкен үміт артып, жаңа құжаттың толық әлеуетін пайдалануға ниетті.
Алдағы ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын айқындайтын стратегиялық құжатты ратификациялау 2019 жылдың бірінші жартысында аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда Келісім ЕО-ның 24 елінде ратификацияланған, қалған төртеуінде құжат қаралуда.
Келісім аясында Астана Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынасты одан әрі жақындастыруды көздейді. Бұл мәселеде Еуроодаққа баратын Қазақстан азаматтарына визалық тәртіпті жеңілдету негізгі басымдық болып табылады, — деді Қ. Әбдірахманов. Тиісті келіссөздерді Одақ ЕО-ның жаңа визалық кодексін (Union Code on Visas) қабылдағаннан кейін бастау жоспарлануда.
Ф. Могеринидің айтуынша, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әкімшілік реформалар Қазақстан — Еуроодақ форматындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету үшін берік негіз қалайды. Сонымен қатар, ол аймақтық процестердегі Қазақстанның маңызды рөлін және өңірлік диалогты тереңдетуге ықпал ететін бастамаларының маңыздылығын атап өтті.
Кездесуде осы жылдың қыркүйек айында өткен 12-ші Еуропа — Азия (ASEM) форумының қорытындылары талқыланды. Аталған форумда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі аса өзекті мәселелерді шешу үшін бірқатар бастамалар жариялап, Астанада БҰҰ-ның арнайы сессиясын немесе халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропалық Одақ басшыларының қатысуымен кездесу өткізуді ұсынды.
Еуропалық дипломат Н. Назарбаевтың ұсыныстары халықаралық қауымдастық үшін аса өзекті екенін және оларды уақытылы жүзеге асырудың маңыздылығына назар аудару қажеттігін атап, кездесу тұжырымдамасымен бөлісуді cұрады.
Сондай-ақ, тараптар Еуропалық Одақтың ASEM саммитінде ұсынған Азия елдерімен ынтымақтастық туралы стратегиясына тоқталды. Қазақстан бұл құжаттың ережелерін аса өзекті деп пайымдайтыны және оның нақты іске асырылуына атсалысуға дайын екендігі атап өтілді.
Дипломаттар Қазақстан мен ЕО арасында қалыптасқан өзара сенімнің жоғары деңгейін атап өтті және Еуроодақтың Орталық Азияға арналған стратегиясын қайта қарау бойынша, Ауғанстанның дамуына жәрдемдесу бастамалары және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның осы ұйымдағы Орталық Азияның мүдделерін алға жылжыту бастамалары шеңберіндегі әріптестікті жалғастыруға келісті.