Қазақша өлең: Ерлан Ахмет (Өмір неткен керім еді?) » ZHARAR
(Талаптан Ахметжанның рухына)
Өмір бізге неліктен беріледі,
біз күткеннен өзгеше өріледі?!
Тағдыр деген – тарқатсаң ала шыттай,
ойламаған жеріңнен сөгіледі.
Бақ дерсің бе ғұмырдың қысқалығын,
бір Алланың әмірін құшпады кім?!
Солқылдатып жанымды балғасымен,
сомдап келед бейнесін Ұста-Күнім.
Кеудесінен, тілесең, жақұт төгер,
жанарынан баянды бақытты көр!
Әлди-әлди, қайғымды тербетумен,
ұйықтатып барады Уақыт-Шебер.
Есім ояу, бір сәт те мызғымайды,
сана-қамал қақпасын бұзғылайды.
Оны іздейді көлінің толқындары,
оны аңсап Марқадан мұз құлайды.
Ол да – менің жанды бір жерім еді,
ойлап кетсем жас-моншақ төгіледі.
Жеңілетін, бәрібір жегілетін,
өмір неге қысқа боп беріледі?!
Өмір неткен керім еді…
Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!
Дереккөз: zharar.com