Тұрғымбаев Ақмола облысының полиция басшысын қызметінен шеттетті
Облыстық полиция департаментінің басшысы өзіне бағынышты қызметкерлердің жемқорлық дауына ілігуіне байланысты қызметінен босату туралы рапорт жазды
НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан — Sputnik. Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Ақмола облысы бойынша полиция департаментінің басшысын қызметінен шеттетті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Ішкі істер министрлігі бұл жағдайдың тергеумен байланысты екенін мәлімдеді.
«Департамент басшысының орынбасары Асан Сәдуов пен қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Сәуле Жұмалина сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілініп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Берік Біләлов атқарып отырған лауазымынан босату туралы рапорт берді», — делінген хабарламада.
Министрдің бұйрығымен Ақмола облысы бойынша полиция департаменті басшысы міндетін атқарушы болып криминалды полиция департаментін басқаратын полиция генерал-майоры, Арманбек Баймурзин тағайындалды.
Өңірде жоғары шенді полиция басшыларының ұсталғаны жөнінде ақпарат осы жылдың 4 қазанында тараған. Олар сеніп тапсырылған мүлікті иемденді немесе талан-таражға салды деген күдікке ілінген. Кейін екі полиция полковнигі қамауға алынды. Ведомство өкілдері Ақмола облысы бойынша полиция департаментінің орынбасары ішкі істер органдарынан шығарылғанын атап өтті. Бүгінде тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
sputniknews.kz