Қазақстан жемқорлықпен қалай күресіп жатыр?

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Алматыда «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудағы цифрлық технологиялардың рөлі» атты аймақтық конференция өтті

НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Орта Азия аймағы мен Ресей елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарының басшылары Алматыда бас қосты.

Отырыста Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев цифрлық технологияларды енгізудің маңызын және олардың сыбайлас жемқорлықты төмендетудегі рөлін атап өтті.

Жемқорлықпен күрес

Сонымен қатар отырыста Қазақстанның жемқорлықпен қалай күресіп жатқаны сөз болды. Мамандар дамыған елдердің тәжірибесін зерделеп, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын атап өтті. Бағдарлама 5 негізгі бағыттан тұрады.

Тағы оқыңыз: «Үздік» үштік: Қазақстанда парақорлық жайлаған облыстар анықталды

«Бұл бағыттар 17 бастаманы қамтиды. Оның шеңберінде министрліктер, мемлекеттік органдар мен ұйымдар 120 шараны іске асырады. Яғни халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, республика бойынша балаларға арналған бір мың тегін IT-сыныптар ашылды. 686 мың адам цифрлық сауатын ашты. Ал 7,8 миллион адам e-government порталын және 765 мың адам электронды коммерциялық қызмет түрін пайдаланып үйренген», — делінген хабарламада.

Ашық бизнес

Конференцияға қатысқан сарапшылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың нақты желісін іске асырмай оң экономикалық әсерге қол жеткізу мүмкін емес деген пікірде. Жиында салық-кедендік блок және бюджеттік бағыттағы бизнес-процестерді интеграциялау мәселесі талқыға салынды.

«2018 жылдың шілде айында венчурлік қаржыландыру туралы заң қабылданды, оның шеңберінде венчурлік инвестициялар бойынша нормалар айқындалды. Astana Hub-тың шетелдік қатысушылары үшін визалық және еңбек режимін оңайлатуға жағдай жасалды», — делінген хабарламада.

Қазақстан 2018 жылы Біріккен ұлттар ұйымының рейтингісінде Азия елдерінің арасында электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша 8-ші орынды алды. Ал 193 мемлекет арасында  39-шы орынға тұрақтаған. Қазақстан электрондық қызметтер көрсету бойынша 25-ші орында тұр.

Ақпараттық технологиялар

Сонымен қатар конференцияда ақпараттық технологиялардың көмегімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жобалар жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Олардың бірі – «Ашық бюджет интерактивті картасын» енгізу.

«Бұл ресурс ақпарат алуды жеңілдетуді көздейтін, азаматтардың мемлекетке сенім деңгейін арттыруға бағытталған ТМД кеңістігінде бірегей жоба болып саналады. Карта нақты уақыт режимінде тұрғындар үшін әр нысанға бөлінген бюджет қаражаты туралы толық мәліметті көрсетеді. Осылайша, мемлекеттік шығыстарды бақылауға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.

Жиында халықаралық ұйымдар Қазақстанның сыбайлас жемқорлықты жою бойынша қабылдаған шарасына жоғары баға берді.



sputniknews.kz