Головкин жекпе-жектен кейін мәлімдеме жасады
Қысқа сілтеме алу
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин бірінші раундтан-ақ жекпе-жектің ауыр болатынын түсінгенін айтты
НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik. Орта салмақта IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) украиналық Сергей Деревянченкоға (13-1, 10 КО) қарсы жекпе-жек туралы айтты , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Нью-Йорктегі (АҚШ) Madison Square Garden аренасында өткен жекпе-жекте Геннадий Головкин төрешілер шешімімен украиналық боксшыны жеңіп, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды. Жекпе-жектен соң, қазақстандық боксшы жеңіске қалай жеткенін түсіндірді. Алайда Головкин қолына микрофонды алған сәтте зал шулап кетті. Соған қарамастан орта салмақтағы әлем чемпионы сөзін жалғастырды. Ол кездесудің ойдағыдай өтпегенін мойындады.
«Мен қарсыласыма шексіз алғысымды білдіремін. Оның командасы мықты. Менің назарым тек бокста болды. Бірінші раундтан соң, бұл кездесудің қиын болатынын түсіндім. Бүгін мен үшін сәтті күн болмағанын сезіп тұрмын. Фокусымды жоғалтып алдым. Ол батылдық танытты», — деді қазақстандық боксшы.
Головкин украиналық Сергей Деревянченкомен қайта жұдырықтасуға дайын екенін жеткізді.
«Мен оған жекпе-жекті қайта өткізу мүмкіндігін беруге дайынмын ба? Әрине, егер бұл DAZN және жанкүйерлер үшін маңызды кездесу болса. Сергейге және оның командасына алғысымды білдіремін», — деді ол.
Сондай-ақ, қазақстандық боксшы мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен (51-2-1,35 КО) жекпе-жекке дайын екенін атап өтті.
Тағы оқыңыз: Головкин Деревянченконы жеңіп, әлем чемпионы атанды
«Канеломен» жекпе-жек? Мен барлығына дайынмын. Мықты чемпиондар көп. 37 жасымда да барымды салып еңбектеніп, жинақы болуым керек», — деді Головкин.
Айта кетейік, 2018 жылы Геннадий Головкин Лас-Вегас қаласында өткен бокс кешінде мексикалық Сауль «Канело» Альварестен төрешілердің шешімімен алғаш рет жеңілген еді. Отандасымыз WBA Super, WBC және IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерінен айырылды.
sputniknews.kz