Мұғалімдер күні: Тоқаев мерекемен құттықтады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Қазақстан президенті ұстаздарды балаларға білім беріп, отаншылдық рухта тәрбиелейтін керемет жандар деп атады

НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев твиттердегі парақшасында ұстаздарды төл мерекесімен құттықтады.

«Еліміздегі барлық мұғалімді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ұстаздар – балаларға білім беріп, ұрпағымызды отаншылдық рухында тәрбиелейтін керемет жандар. Еліміздің лайықты азаматтары – мұғалімдерге әрқашан қолдау көрсетеміз», — деп жазды президент желідегі парақшасында.

Айта кетсек, Қазақстанда ұстаздар күні жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді.

Мемлекет басшысы тамыз конференциясында алдағы төрт жылда мұғалімдердің жалақысын екі есеге көтеруді тапсырған болатын. Соған сәйкес, 2024 жылға қарай білім саласында істейтін 500 мың мұғалімнің жалақысы өседі деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы да әзірленді. Құжатта сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақыны екі есеге өсіру көзделген. Бұдан бөлек, педагогикалық шеберлік үшін де үстеме төленеді.

Тағы оқыңыз: «Шын жүрегіммен жаздым» Депутат ашынған мұғалімнің хатын оқып берді

Барлық педагог үшін еңбек демалысын 56 күнге ұзарту, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу қарастырылып отыр. Жаңашылдықтың бірі – магистр дәрежесі үшін 10 АЕК (25 250 теңге) мөлшерінде қосымша ақы төлеу.

Сонымен қатар ұстазды артық жұмыс пен есепке жеккендерге 20 АЕК-тан 120 АЕК-қа дейін (50 500-ден 303 000 теңгеге дейін) айыппұл салынбақ.



sputniknews.kz