Реферат: Тарих | Әулиеатаны Ресейдің жаулап алуы

0

Реферат: Тарих | Әулиеатаны Ресейдің жаулап алуы казакша Реферат: Тарих | Әулиеатаны Ресейдің жаулап алуы на казахском языке

Әулиеатаны Ресейдің жаулап алуы
Б. ӘБІЛДАҰЛЫ
Қазақ халқы жоңғар басқыншыларымен жан алысып, жан берісіп соғысып жатқанда Ресейдің І-Петр патшасының әскерлері жерімізді шетінен кертіп қалалар салып, жыландай жылжып сұғынып келе жатты.
Омбы, Орынбор, Павлодар, Семей, Өскемен қалаларынан соң орыс отаршылары XIX ғасырда Жетісуға жетіп, 1854 жылы ежелгі Алматы кентінің орнына Верный бекінісін тұрғызды. Ал, бұдан бір жыл бұрын Орынбор жақтан генерал Перовский басқарған орыс әскері қоқандықтардан Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласын басып алған болатын. «Тәбет тамақ ішу барысында келеді» деп білетін қомағай Ресей отаршылары енді Талас, Шу аймағына, одан әрі Орта Азияға көз аларта бастады. Бұл кезде Оңтүстік Қазақстанды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Қоқан зекетшілері жәй мал-мүлік салығын былай қойып, мұсылмандықтан безіп, көңіл көтеру үшін әр ауылдан бір қыз бересің деген адамгершілікке жатпайтын салық ойлап шығарды. Өздерінің оң жақтағы ару қыздарын көздерінің қарашықтарындай сақтайтын қазақтар бұл қорлыққа көнбей 1858 жылы мамыр айында көтеріліске шықты. Мырза би деген зекетшіні нөкерлерімен қоса Шымкент түбінде қырып салды. Қоқан ханы Құдияр әр жерден бас көтерген қазақтарды аяусыз жазалап, қанды шеңгеліне қайта түсірген соң 1860 жылы Жетісуды орыс отаршыларынан құтқарамыз деген ұранмен әскер көтерді. Ұзынағаш түбінде полковник Колпаковский басқарған орыс әскері қоқандық сарбаздарды зеңбіректерден оқ жаудырып, жамсатып салды. Осы қоқандықтар сапында Байзақ, Батырбек датқалар да болатын. Олар орыс қаруының каншама куатты екендігін осы соғыста түсінді. Ұлы жүзден Ресейге ертерек караған ағайындарының жай-жапсарын Қоқанға қарасты өз елінің күйімен салыстыра келе Байзақ датқа бүкіл қазақ бірге болуы керек деп шешті. Ал, Ташкент бегілер бегінің карындасына үйленген Батырбек датқа коқандықтар жағында еді.
Ресей патшасы Александр I Оңтүстік Қазақстанды жаулап алу үшін бас штабтың полковнигі Михаил Григорьевич Черняевты қолбасшы етіп тағайындады. Бұл 1863 жыл болатын. Сол жылы Орынбор жақтан келіп Созақта, Шолаққорғанда болып, тілік ІІІоқай датқамен тіл табысқан, жай-жапсарды ұққан М. Г. Черняев 1864 жылы Омбы генерал губернаторы А. Дюгамельдің қарамағына жіберілді. Сол генералдың қолы қойылған деректерге қарағанда 1864 жыл басталған қыс Оңтүстік Қазақстанда өте қатал болып, қазақтар жұттан көп малынан айырылған екен. Орыс дипломаттары қоқандықтарды әлсірете түсу үшін Бұхар әмірімен байланыс жасап, оны да ортақ жауына қарсы көктемде жорыққа шығуға итермелеген.
Шудың бергі жағындағы қосын бастығы полковник Черняев басқарған әскер 1864 жылғы 1 мамыр күні Верный бекінісінен аттанды. Ал, бұдан бір жыл бұрын старшина Бутаков солто, сарбағыш руларынан манаптар Жанғараш, Маймыл, Тыналы, Бәйтік, Қойшы, Мәкеш, Шайділдә, Өзбек басқарған елдеріне барып, олардың Ресейге қарайтындығы туралы антын алды. Сол сияқты 1862 жылы попковник М. Г. Герасимов басқарған шағын орыс әскері Меркіге келіп, бағдарлап қайтқан еді.
Полковник М. Г. Черняев басқарған жаулап алушы экспедицияға Ресейдің бас штабы 150 мың рубль күміс ақша бөлді. Бұл жаулап алушылар қосынында 60 офицер, 2533 солдат болды, оларға 835 ат-көлік берілді. Қосын штабында 10 офицер, жаяу әскерлердің 31 офицері, казактардың — 9, артиллерияның — 7, дәрігерлік — 2, жорық ас-ауқат қамдаушы бір офицер бар еді. 1638 — жаяу әскер, 351 — казак, 150 сапта тұрмайтын жауынгер болды. Оларға 2180 снаряд, 2 пұттық 180 бомба, ширек пұттық 2 мың бомба, 100 пұт оқ-дәрі берілді. Бұған соғыс министрі генерал-адъютант Милютиннің өзі 1864 жыпғы 13 ақпанда қол қойған еді. Осы министр жаулап алушылар қатарына зоология магистрі, атақты ғалым Н. А. Северцовты айына 300 күміс рубль беріп қосты.
Сібір корпусының командашысы генерал А. Дюгамель Ресей министрінің үлгісімен Шудан бергі қазақ жерін жаупап алуға аттанған қосынға өзінің адъютанты штабс-ротмистр Шоқан Уәлихановты, суретші Михаил Знаменскийді қосып, қолбасшы полковник М. Г. Черняевтан әр әпта сайын өздерінің жүрген- тұрғаны, әрекеттері туралы жазып отыруды тапсырды.
Полковник М. Г. Черняев басқарған әскери қосынның Алматыдан-Верныйдан шығып Әулие-атаны жаулап алғанға дейінгі Омбыға, ондағы Сібір корпусының командирі А. Дюгамелые, бүл қолбасшының соғыс министрі Милютинге Петербургке жолдаған хаттары Ташкент қаласындағы Өзбекстанның орталық мұрағатында «Полковник Серебряковтың қоры» дейтін бумаларда жинақталған. Жоғарыдағы және кейін келтірілетін мәліметтер осы қордан алынғаңдығын ескертеміз.
Полковник М. Г. Черняев Верный бекінісінен 1 мамырда шығып, 2-інде Ақсу, Шамалған өзендерінен өткенін, 3-інде Ұзынағаш бекетінде, 4-інде Қастекте болып, Қордай асуынан артиллерияны капитан Крыштановскийдің, подпоручик князь Тумановтың басшылығымен 152 өгізге жегілген арбамен 5 мамыр күні өткізгендігін, ал Шу өзенінен Тоқмақ арқыпы жалдап шыққандығын 12-ші мамыр күні Омбыға жолдапты. Осы хатта жол-жөнекей 15 адам ауырғандығын, Әулиеатада қоқандықтардың 1500-дей сарбазы бар екендігін, Меркіде де қоқандықтардың шағын тобы отырғандығын хабарлайды. Бұл кезде қосында бір священник, қару-жарақ жөндейтін 4 шебер, қырғыз-қазақ, милиция тобында 5 сұлтан, 22 би, жалпы 215 қырғыз-қазақ, жалданған 54 арбакеш, бұлардан бөлек 57 паушы қазақ болғандығы да хабарланады. Қазақтардың қаруы шиті мылтық, азиялық үлгідегі қылыш және найзалар екендігі, олардың қарамағында 279 түйе, 829 егіз, 410 жылқы барлығы, бұл малдың ішінен 266 өгіз, 66 жылқы Ресей қосынына тиістілігі де айтылыпты.
16 мамырда Тоқмақтан аттанған Ресей қосыны жолда сегіз күн жүріп, 23 мамыр күні Меркені апған. Бұл туралы 27 мамыр күні жазылған №202 жолдамада: «Біз келер алдында Мерке қорғанындағы бірнеше қоқан қарауылы кеткен екен. Қорған ішінде соқыр әйел мен ауру бала қалыпты. Қорған қабырғасы іргесінде қоқандық жазалаудың ізіндей екі адамның іри бастаған өлігі жатыр екен», — деп көрсетіледі. Мерке қамалын тазалап, жөндеу ағайынды капитандар Крыштановскийлерге, подпоручик князь Тумановқа жүктеледі. Олар басқарған орыс жауынгерлері Меркі қорғанын жөндеуді 24 мамырда бастап, 27-сі күні аяқтаған. 28 мамыр күні Меркі қорғанына орыс гарнизоны орналасқан. Бұл гарнизонда №8 батальоннан атқыштар ротасы, 2 жеңіл зеңбірегі, оғы жарты пұттық мортирасы бар 30 казак орналастырылып, олар үшін әрқайсысы 15 күміс рубльдік 25 киіз үй сатып алынады. Тоқмақтан Меркіге жеткенше капитан Красовский, ғалым Н. Северцов, тау инженері поручик фрейзе жол-жөнекей бағалы тастарды, тұзы бар жерлерді зерттегені, Тоқмақтан 35 шақырым жерден тұз табылғандығы да айтылады.
Полковник М. Г. Черняев Верный бекінісінде тұрғанда-ақ өзіне қырғыздар мен үйсіндерден көптеген билер келгендігін, олардың ішінде дулаттар, бестамғылар бар екендігін, Шу өзенінен етісімен Бішкекте өзіне бес адамын Шолаққорғаннан жіберген Шоқай датқаға хат жазғандығын, Әулиеатаға жетісімен олардың тілегі ескеріліп, Ресей бодандығына алынатындығын, қазақтар мен қырғыздардын өзара қырқысып, екі ортадағы барымтада бірнеше мың мал қолды болғандығын, жұттан кейін оларды қайтару мүмкін болмай қалғандығын, орыстарға көмектесу үшін қазақтар мен қырғыз билерінің өз балаларын, туыстарын қосқандығын, беделді адамдарға шекпендер, сағаттар, басқа да бұйымдар сыйлағандығын жазады. «Осы кезде қырғыз-қазақтармен біздің жақындасуымызға бір жағдай әсер етті. Шу бойындағы дулаттар жақында қайтыс болған Жанғараштың ұлы Шолпанбай Ташкент парванашынан солто тайпасының аға манабы деген атағына қоса мол сый-сияпат алып, Шымкенттен қайтып келе жатқанында тұтқынға түседі. Меркідегі лагерьде төрт күн бойы қырғыздар мен қазақтардың ең құрметті адамдарынан іріктелген билер сотында генерал Колпаковский тапсырған және басқа да жол-жөнекей ұшырасқан қылмысты істердің барлығы шешілді. Жанқараш, сондай-ақ Бошқай, Байсейіт, Тыналы сияқты күшті манаптарды өз жағымызға шығару үшін мен оларға Ресей бодандығына қабылдау туралы өтініштері ескеріледі, тұтқынға түскен Шолпанбай барлық мал-мүлкімен жайлауына қайтарылады, үстіне шапан жабылады деп үміттендірдім. Билер сотынан кейін Шолпанбай босатылып, оның ауылынан екі барымта кезінде Шу бойының дулаттары айдап әкеткен малдары, сондай-ақ, поручик фрейзе мен Северцов мырза экскурсияға шыққан кезде казактар алып қойған малдары да қайтарылды. Қазақтар мен қырғыздардың арасында үнемі жалғасып келген барымта біз бекіністерді алғаннан кейін азаятын шығар, күзге қарай мүлдем тоқтайтын шығар. Жабайылар мен біздің қарым-қатынасымыздың осындай қолайлы нәтижеге жетуіне өзінің біліктілігі және жігері арқылы штабс-ротмистр Ш. Уәлиханов пен Алатау округі бастыгының кемекшісі, артиллерия поручигі Мединский көп эсер етті. Бұл істің табысты болуы солардың арқасы» деп жазыпты генерал-майор Кройерус полковник М. Г. Черняевтың жолдамасын көшіре отырып (Өзбекстан мемлекеттік орталық мұрағаты, И-715 қоры, 1-бума, 27-іс, 202-207 парақтар). Әулиеата қаласының жаулап алынуы туралы Шудан бергі орыс қосынының бастығы, полковник М. Г. Черняев Сібір корпусының командиріне 1864 жылғы 6 маусымда мынадай хабар жолдайды: « Меркіден шыққалы ешқандай жауды кездестірместен Ұзынбұлақ шатқалына дейін жеттік. Өгіз арбалы көлік артымыздан ілесіп, олар жетісімен қосынмен бірге түнеп жүрдік. Осында қоқандықтар бізді Әулиеатаға жетпестен бұрын қарсы алмақ деген мәліметтерді естісімен жүріс-тұрысқа ауырлау нәрселердің бәрін қалдырып, Әулиеатаны алған соң сонда қалдыратын ракеталық станогы мен екі ротаны және батареялық екі зеңбірекпен қаруланған 50 казакты қорғау үшін алып, жеңіл-желпі күйде (маусымның) 2-сі күні таңға жуық аттандық. Он шақырым жүрісімен қоқан шолғыншылары көрінді. Олар біздің қосынды бай-қасымен-ақ атыспастан шегініп кетті. Әулиеатаға жеті шақырым қалғанда мен әскерлерді 25 шақырымдық ауыр жолдан соң демалуға тоқтаттым. Лагерь орналасқан жерден 5 шақырымдай жерден Тектұрмас төбесіне жиналған қоқандықтар тобын байқадық. Бұл төбеден (Әулиеата) қаласы көрініп тұрады. Үш сағаттай демалған соң мен қосынмен бірге жаңағы төбеге қарай қозғалдым. Алдымызда казактар жүздігі мен қазақтар милициясы жүріп отырды, олар екі ракеталық станокпен қаруланған. Сол сияқты тау взводы мен бір рота атқыштар да болды. Осынша әскер жақындасымен қоқандықтар өздері тұрған төбеден жылыстап, қапаға таяу төбеге шегінді. Жаудың жалпы саны 1500-дей адам болып қалар. Басты әскери күшіміз келісімен екі рота атқыштар жан-жаққа шашырай қозғалып, қоқандықтарды дереу шегіндірді де, оларды Таластың сол жағалауына асығыс өтуге мәжбүр етті. Осында жауларымыз қорғаннан 4 зеңбіректі 500 жаяу сарбазы мен ,300 атты әскерінің қорғауымен алып шыққан екен. Қалаға жақын соңғы тебені де алған артиллери-яшыларымыз дәлдеп атқан соң қоқандықтар дереу кетуге мәжбүр болды. Осы тебеде батареялық және атты дивизиондарды қалдырылып, оларды қорғау үшін екі ротаны бөлген соң мен қалған әскерлерімді олардан бір шақырымдай төмендеу лагерьге орналастырдым. Сол күні кешкісін қаланы босқа қиратпау және тектен-тек қан текпеу үшін Әулиеата комендантына төменде кешірмесін келтіріп отырған хат жаздым:
«Әүлиеата қорғанының құрметті бегі Ниязалы датқаға.
Біздің айтарымыз мынадай: Мен ұлы мәртебелі патша ағзамныңәмірі бойынша Әулиеатаны алуға әскеріммен келіп тұрмын. Бостан-босқа қан төкпес үшін Сізге өзіңіз бізден қорғай алмайтын қорғанды Ақ патшаның әскерлеріне тапсыруды талап етуді өзімнің ең бірінші борышым санаймын. Ерлікпен қорғағандығына қарамастан Қосқорған, Күмісқорған, Ақмешіт, Жаңақорған, Дінқорған және бүкіл хандығыңыздағы қорғандардың ішіндегі ең мықтысы Бішкек басына туған жағдай біздің күш-қуатымыздың қандай екендігін көрсетеді. Ал, Қоқан әскерлерінің Құмсуат, Ақмешіт, Ұзынағаш түбіндегі жеңілістері орыс қаруының ешкімге дес бермейтін қуатына көздеріңізді жеткізген болар.
Мен құдіретті патшамның атынан қамал бір оқ шығарылмастан берілетін болса, қорған ішіндегі қоқан бодандарының бәріне де өмірін, мал-мүлкін, еркіндігін сақтауға сөз беремін. Өткен жылы мен басқарған орыс әскерлері Созақ пен Шолаққорғанды уақытша басып алғандығы менің сөзімнің қайтып алынбастай беріктігіне куә бола алады.
Сіз менің ұсынысымды қабылдамасаңыз, Әулиеата тағдырын өзгерте алмайсыз, сондай-ақ гарнизон мен тұргындарды қырғынға ұшыратасыз, ал бізге берілуге ақылмен келіссеңіз, ішкі айтыс-тартыстарда және өздеріңізбен теңдес сыртқы жауларыңызбен күресу үшін қажетті көптеген жауынгерлеріңізді аман сақтап қаласыз. Қорғанамын десеңіз, бұл өз еркіңізде. Бірақ мұның салдарының ауыртпалығын өзіңізден көресіз.
Жауапқа 3 сағат белгілеймін.
Полковник Черняев».
Алайда, белгіленген мерзімде жауап алмаған соң қала мен қорғанға 3 жеңіл және 4 батареялық зеңбіректен оқ атқыздым. Келесі күні ертеңгі сағат 6-да Әулиеата саудагерімен бірге жіберілген жаушым коменданттан жауап алып оралды. Командант (Ниязалы датқа) ойлану үшін 14 күн сұрапты. Қасындағы штабс-ротмейстр Ш. Уалихановқа мен бекке (Ниязалы датқаға) ұсынған шарт ешқандай өзгермейтіндігін ескерте жауап жазуды тапсырған соң тағы да оқ атуға бұйрық бердім. Бұрын айтылған 8 зеңбірекке тағы да оғы екі путтық мортира қосылды. Келесі күні күш-көліктің келуіне қарай Талас өзенінің сол жағалауына таулық взводпен толықтырылған екі жарым рота, ракеталық станокпен қаруланған казактар жүздігі подполковник Лерхенің басшылығымен бас штабтың капитаны Красовский, инженер-капитандар — бірінші және екінші Крыштановскийлер, поручик князь Туманов жүргізген рекосценировканы қорғаштау үшін өткізілді. Қала дуалының батыс қабырғасы онша күшті еместігіне, оның алдында паналайтын нәрселер көптігіне, қорғанның артиллериялық қаруы өте әлсіздігіне жеке өзім көз жеткізген соң мен ешқандай орлар қазбастан-ақ қаланың ішіндегі үйлерді паналай отырып, цитаделиді қолға түсіріп, басып алуды ұйғардым. Келесі күні таңертең сағат 6-да екі ротаны, екі тау зеңбірегі, екі ракеталы станогы бар екі жүздікті, қазақ милициясын лагерьде қалдырып, қапған бес ротамен, бір жүздікпен және 8 зеңбірекпен жаңбыр жауып турғанда Талас өзенінен өтіп қалаға батыс жағынан келісімен 400 сажын жерге бүкіл артиллерияны позицияға орналастырдым. Осындай қашықтықтан қорғанға оқ жаудырған соң зеңбіректерді 300 сажын жерге жақындаттым. Қоқандықтар осы жерде бізге қарсы гарнизон әскерінің көп бөлігін жане калибрі шағын төрт зеңбіректі топтастырған екен, алайда батареялық және аттарға жегілген дивизиондардың сәтті әрекеттері 8-батальонның бірінші, екінші және атқыштар роталарының, сапер командасының жауды алдындағы тығылған қабырғадан қуып шығуға, сөйтіп бірінің иықтарына бірі шығып қалаға және қорғанға кіруге мүмкіндік берді. Осы әскерлерден кейін артиллерия және қалған екі рота іске кірісті. Біз қала мен қорғанды алғанда комендант 400 атты әскерімен цитаделиден қашып кетті, бұларды қала мен қорған қабырғалары ұзын болғандықтан қолға түсіре алмай қалдық. Жаяу сарбаздар қаруларын тастап, тұрғындармен араласып кетті. Сонымен біз оқ атқаннан кейін екі сағат ішінде қала да, қорған да, цитадели де түгелдей біздің билігімізге көшті… Біздің қосыннан үш адам ғана жеңіп жараланды, бір офицер (прапорщик Беляков)
пен қатардағы бір солдат контузия алды. Дұшпандардың шығыны қазір анық бола қойған жоқ. Кеше қала тұрғындары менің бұйрығым бойынша 307 адамды жерледі. Қаза тапқандардың барлығы дерлік қоқан гарнизонынан екен, жараланған барлық қоқандықтарға медициналық жәрдем берілді. Қосын медигі дәрігерлік көмек көрсеткендердің саны — 390 адам. Олардың басым дені — сарбаздар. 341 сарбаз тұтқынға алынды. Біздің олжамыз 3 ту, 5 зеңбірек, 6 фальконет, 13 қамал мылтығы, 397 шиті мылтық пен винтовка, 70 пут қорғасын мен ірілігі әртүрлі 415 пут пытыра».
Бұдан кейін полковник М. Г. Черняев көзге түскен офицерлерінің аты-жөндерін, жаралыларды емдеген батальон медигі Мацеевскийді атайды. Полковник Әулиетадан 1864 жылы тамыздың 18-і күні жазған жолдамасында: «Мұның алдындағы хатымда Сізге Шымкентте біздің қосындар кеткеннен кейінгі болған қырғын туралы жазған едім. Қоқанда қазір билік жүргізіп тұрған қыпшақтар тобы сірә бізді жақтайтын сарт өкілдерін қырып салған сияқты. Қаза тапқандардың арасында біз Әулиеата мен Түркістанды жаулап алғанға дейін Қоқанда ұсталған бірнеше қазақ биі де бар екен. Өзінің көп санды шымыр руын билейтін аса беделді 75 жасар қарт Байзақты зеңбіректің аузынан атып жіберіпті. Оның ұлы Ақмолда өзінің аға-інілерімен бірге біз Әулиеатаны басып алысымен келіп, орыс бодандығын қабылдауға тілек білдірген еді. Бұл-кезде оның әкесі қоқандықтар қолында болатын. Біздің қосынымыз Шымкенттің іргесіне барғанда Әулиеатамен байланысымыз үзіліп қалғанда Қоқан парванашы Ақмолдаға орыстардың мүлдем жойылғандығын хабарлай отырып, әкесі жоқта өзі басқарып отырған шымыр руының адамдарын Шымкентке қарай көшіріп әкелу туралы хат жазған екен. Ақмолда Ақ патшаның бодандығын қабылдағандығын, сондықтан қоқандықтарға бармайтындығын жаушыға айтып, қоқандықтар хатын Әулиеатада комендант болып қалған полковник Богацевичке берген еді. Әкесінің қазасы туралы хабарды естіген Ақмолда кеше бір топ адамымен маған келіп, 10 мың адамды атқа қондыратындығын, біздің қосынға Шымкентті жаулап алу үшін барлық көлікті беретіндігіжөнінде ұсыныс айтты», — деп жазыпты.
Ресей армиясы 1864 жылы Әулиеатаны жаулап алған кезде Орынбор жақтан аттанған полковник Николай Веревкиннің қосыны 14 маусым күні Әзірет сұлтанды — Түркістан қаласын басып алған еді. Бұл соғыста орыстар жағынан 5 адам қаза тауып, 13 жауынгер жараланған екен.
Полковник М.Г. Черняев Әулиеатаны алған соң масаттанғаны сонша Шымкентті де бірден басып алу үшін аттанып, қыркүйектің 19-нан 20-сына қараған түнде шабуылға шығады. Шымкент түбіндегі бұл соғыста 6 орыс қаза тауып, 20-сы жараланады. Орыс әскерлері Сайрамға да шабуыл жасады. Сайрам үшін болған қыркүйектің 28-і күнгі соғыста хорунжий Сұраншы батыр Хәкімбеков қаза тауып, шапырашты Сарыбай би жамбасынан жараланды.
Сол жылы күзде шымыр Ақмолда батырбасы Байзақұлы — орыс армиясының капитаны, сыйқым Құдайберген Баетұлы майор атағын алды. Бұған I Александр патшаның өзі қазан айында қол қойған. Ресей әскерлерінің осы жорығына қатысқан басқа да бірқатар қазақтар мен қырғыздар шен алды, шекпен киді. Ресей армиясының қатарында атақты Жаяу Мұса Байжанұлы — Шоқан Уәлихановтың тұған нағашысы Шорманұлы Мұстафаны «Атымды алып, сондықтан жаяу атандым» дейтін Жаяу Мұса да болған еді. Әулиеата соғысында 1847 жылы Қырғызстандағы соғыста Кенесары ханды тастап кеткен сұлтан Рүстем Аспандиярұлы да жарақаттанып, қаза тапты. Шоқан Уәлиханов Әулиеатадағы қырғын соғыста бейбіт тұрғындардың да жазықсыз қырылып кеткендігі үшін полковник М. Е. Черняевпен ат құйрығын кесісіп кеткендігі мәлім. Орыс ғалымы А. К. Гейнс өзінің «Собрание литературных трудов» деген еңбегінің екінші томында (СПб, 1898) «Мен Әулиеатада қоқан билігінен қалған зынданды көрдім. Шөлмек тәріздес зынданның тереңдігі 10 сажын екен, аузы тар. Бұл шұңқырдың ішіне жазалы адам арқанмен белгілі мерзімге түсіріледі. Әулиеатада дар да болды» — деп жазған екен. (419- б.).
Шоқан Уәлихановтың Әулиеатадағы қоқандықтармен бейбіт келіссөз жүргізу қажет деп талап еткендігін, бірақ полковник Черняев бұған көнбей, осы соғыста орыс әскерінің жауыздығына шыдамай Әулиеатадан шілде айында бір топ сардармен бірге Алматыға қайтып кеткендігін оның орыс достары Н. Потанин және басқалары тайға таңба басқандай жазған еді.
Орыстар Әулиеатаны жаулап алғанда қала тұрғындары екі-үш мың мөлшерінде болған екен. Айтпақшы, М. Г. Черняевтың Әулиеатадан жазған жолдамасында қалада қазақтардан бірнеше шымыр үйі болғандығы да көрсетіледі. Сол 1864 жылы шілденің 17-сі күні Әулиеата Жаңа қоқан сызығының құрамына қосылды. Әулиеатаны алғаны үшін полковник М. Г. Черняев генерал-майор атанды. 1889 жылы Әулиеатаны орыс әскерінің басып алғандығының 25 жылдығы құрметіне қалада Түркістан өлкесінің әскери губернаторы Н.П. Гродековтың бұйрығымен ескерткіш орнатылды. Қазір бұл отаршы басқыншылар ескерткішінің жұрнағы да жоқ.
1774 жылы Абылай хан негізін қалаған Әулиеата қаласы 1938 жылы ұлы ақын Жамбыл есімімен аталды.


Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через секунд !!!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Дереккөз: zharar.com