Қызметтік көлікте толғағы қысқан: Түркістан облысында полицейлер жүкті әйелді босандырып алды — Қазақстан жаңалықтары

0

Түркістан облысында полиция қызметкерлері жүкті әйелге көмектесіп, оны өздерінің қызметтік көлігінде босандырып алды. Осылайша, шекесі торсықтай ұл бала өмірге келді. Бүгінде сәби мен анасының жағдайы жақсы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Көлікте толғағы қысқан: Түркістан облысында полицейлер жүкті әйелді босандырып алды

Полиция мәліметінше, кешкі сағат 20:00 шамасында Үшқайық ауылдық округі полициясының учаскелік инспекторлары, полиция майоры Нұрбол Темірханұлы мен полиция капитаны Бақтыбай Қалабаевқа көрші ауылдың тұрғыны жүгініп, ай-күні жетіп отырған жүкті әйеліне көмектесуін сұрапты. Ол жедел жәрдемге хабарласа алмағанын айтқан. 

Полицейлер қоңырау түскеннен кейін бірден Үшқайық аулынан 50 шақырым жерде орналасқан ауылға бағыт алады. Жарты сағат ішінде шақырылған мекенжайға жеткен тәртіп сақшылары ер адам мен оның жүкті әйелі Виолетта Раковицаны қызметтік көлігіне отырғызып, Кентау қаласындағы перзентаханаға тартыпты. 

«Осы кезде әйелге медициналық көмек қажет болды. Көліктің ішінде оның толғағы қысып, Түркістан қаласына кірер жолда босанды. Нәтижесінде, полицейлердің көмегімен, қызметтік көлікте ұл бала өмірге келді. Арада біраз уақыт өткенне нкейін жедел жәрдем бригадасы келіп, жас босанған ана мен нәрестені Түркістан қаласындағы ауруханаға алып кетті», — дейді полиция департаментіндегілер. 

Екінші рет ата-ана атанған ерлі-зайыпты өз кезегінде полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.

«Кішкентай ұлымыз, ең бірінші кезекте, полицейлердің арқасында аман-есен дүниеге келді. Егер олар ауылға жетіп үлгермегенде, әйелім мен ұлыма не боларын білмеймін. Полиция қызметкерлеріне алғыс білдіргім келеді. Бұған дейін учаскелік инспекторлар ауыл тұрғындарына қажет жағдайда хабарласу үшін, өз телефон нөмірін берген еді. Бірінші кезекте осыны есіме түсіріп, бірден учаскелік инспекторға хабарластым. Және олар бізге көмек қолын созды. Оларға алғысым шексіз!» — дейді жас әке Виталий Барабаш.

Бүгінде жас босанған әйел мен перзентінің жағдайы жақсы. Олар перзентханадан үйіне шығарылды. 

stan.kz