Павлодар облысындағы Майқайың кентінде құбырлардың 70 пайызы тозған
Майқайың кентінің Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, су жүйелері, құбырлар жағдайы осы күнге дейін бітпейтін мәселеге айналуда.
1997 жылдары су, жылу болмай, кенттің халқы жартылай көшіп те кеткен-ді. Қазір кентте 9 мыңнан аса халық тұрады. Бірнеше өндіріс орындары орналасқан. Бірақ, шешімін таппай тұрған шаруалар әлі де аз емес.
Құбырларды жаңадан төсеу жұмыстарын жүргізу үшін Баянауыл ауданының әкімдігі кентке облыстық бюджеттен қаражат бөлінсе деп отыр. Басқарма болса, өздерің аудандық бюджет есебінен жөндеңдер деп ұсыныс білдірген.
Сондықтан, облыстық әкімдік жиынында облыс әкімі Болат Бақауов тозған құбырларды түгендеп, әр шақырымының кімге тиесілі екенін анықтауды тапсырды. Монополистердің, сенімді басқаруға алған инвесторлардың міндеттемелерін уақытында орындауын қадағалау қажеттігі де айтылды.
Ал, кент әкімдігінің мәліметінше, кенттегі жалпы ұзындығы 33,143 шақырым «Екібастұз-Майқайың» су тартқышы және кент ішілік ұзындығы 38 шақырым су құбыры «Майқайың алтын» АҚ-қа сенімгерлік басқаруға берілген.
Өңірде биыл республикалық бюджет есебінен өңірдегі 4 жобаны іске асыру үшін 3,3 млрд. теңге қарастырылды. Облыстық бюджеттен бөлінген 120 миллион теңгеге Ақсу қаласының магистральді құбырларының құрылысы жүргізілді.
Ал ,«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өңірде биыл 5 жоба қолға алынды. Бірақ, Ақсу қаласындағы негізгі орталық су беруші стансаның қайта қалпына келтіру жұмыстары сылбыр жүргізлуде.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірдегі облыс орталығы, Екібастұз бен Ақсу қалаларында 1251 шақырым су құбырлары желісі және 889 шақырым суды бұру құбырлары бар. Тозған құбырлар жартылай жөнделуде.
2015-2018 жылдары үш қалада құны 5,6 млрд. теңге тұратын 15 жобасы жүзеге асқан. Жоба барысында Екібастұз, Ақсу қалаларында ұзындығы 28,3 шақырымдық су құбырының құрылысы жүргізілсе, облыс орталығында су тазарту құбырлары жаңартылыпты.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы