«Халық мені дұрыс түсінбей қалды»: Қанат Үмбетов экс-әкімге жақындығы, Димаш пен өнері туралы — Қазақстан жаңалықтары

0

Отандық эстрадада өзіндік орны бар, жанкүйерлер қауымын қалыптастырып үлгерген қоңыр дауысты әнші Қанат Үмбетовпен сұхбаттасудың реті енді ғана келді. Үш-төрт айдан бері Stan.kz тілшісіне әрең ұстатқан орындаушы әлі де болса өз стилін таппағанын, бала-шағасы туралы неге жиі тіс жара бермейтінін, қазақ эстрадасындағы ерлердің сырт бейнесі мен Алматы облысының экс-әкімі Серік Үмбетовке қандай жақындығы бар екенін айтты. 

Қанат мырза, әлем мойындаған Димаш Құдайбергендей әншіні түсіне алмайды екенсіз. «Димаштың концертіне барып, басынан аяғына дейін отыра алмайтын едім. Қатты ағайлай берген әндерді тыңдай алмаймын» дегенсіз бір сұхбатта… 
Димаш қазақ халқын әлемге танытып жүрген өнерпазымыз. Халық менің сөзімді дұрыс түсінбей қалды. Димаш немесе басқа әнші айғайлап айтсын, мен ондай әндерді тыңдай алмаймын. Өйткені табиғатым сондай. Мен жаныма жақын лирикалық әндерді, құлағымыз үйренген «Музарт», Тоқтар Серіков ағаларымыздың әндерін тыңдаймын.  

Тіпті эстрадамызда Димаштай әншінің болғанын қаламайтыныңызды айтқансыз. Сонда қазақ эстрадасында қандай бағыттағы әншілер жүруі керек деп ойлайсыз?

Қазір мен өзім де қандай бағытта келе жатқанымды білмеймін. Бірақ жаныма лирикалық әндер жақын. Ал әншілер қандай бағытта ән салу керек, оны тыңдарман біледі. Қазір эстрадамыз дамып жатыр. Әншілер көп, бәсекелестік те көп. Бір айта кететіні, әншілеріміз қазір егер біреудің әні хит болып жатса, тура сондай ән жазуға жүгіреді. Немесе тойда бір ән шықса, соның да артынан жүгіре жөнеледі. Әнші болғаннан кейін әр адам өз бағытын дұрыс таба білуі керек. Бірақ мынау әнші дұрыс, анау дұрыс емес деп айта алмаймын. Өйткені сын айтатын дәрежеде емеспін. Ал қазір біреуді мінеп отырсам, ағаларымыз көріп не болған мына Қанатқа деп айтпай ма? 

Осы білдірген пікіріңіз үшін желіде сізге «Димаш тұрғанда сені тыңдап қайтеміз, бос уақыт өткізіп» деп жазған. Одан арғысы да бар. Бұған не дер едіңіз?

Халықтың жазған сынына мен еш ренжімеймін. Маған келген пікірлерді ешуақытта өшірмеймін. Өйткені оны халық жазып отыр. Ол жерде мені дұрыс түсінбей қалды. Димашты мойындамағаным емес, жалпы табиғатым сондай. Ондай әндерді мен тыңдай алмаймын. 

Серік Үмбетовтың інісі деп жататындар бар сізді…

Ол кісілермен жақсы араласамын. Бірақ ешқандай туысқандық байланысым жоқ. Жәй тегіміз ұқсас адамдармыз. 

Әлия Әбікен екеуіңіз жарасымды дуэтсіздер. Бірге орындайтын әндеріңізді таңдауда қиындық туып жатпай ма? 

Әлия Әбікен екеуміздің даусымызда үндестік бар. Сондықтан да дуэт айтқанымызды халық қалайды. Әлия екеуміз бір-бірімізді толықтырып тұрамыз. Ал әнді барлығымыз бірге отырып таңдаймыз. Тек бір адамның ғана таңдауына түспейді. Негізі Әлия екеуміз басында дуэт болайық деген ой болмады. Кездейсоқта дуэт әнін жаздық, халық ұнатты. 

Өйткені Әлиямен жұмыс жасау қиын, мінезіне шыдау мүмкін емес дегенді естіп қаламыз….

Әлия екеумізді шығыстырып жүрген өнер шығар. Әрине, қыз бала болғаннан кейін кейде ренжіп қалатын кездері болады. Не болмаса айналамызда жүргендер бізді бір-бірімізбен ұрыстыруға тырысады. Бірақ «анау-мынау айтты екен» деп қаншама жасаған еңбегіңді тастап кетуге болмайды. Келіспеушілік туған жағдайда екеуміз де бір-бірімізді түсінуге тырысамыз. Бірде Әлия басын ие салса, кейде мен көне саламын. 

Әдемі әнші, әдемі дауысыңыз бар. Бірақ өзіңізді әнші санамайды екенсіз. Бұл өзіңізге деген көңіліңіз толмаушылық па? 

Мен өнердің қазанында қайнап келе жатқан адаммын. Біз алдымыздағы ағаларға қарап өсіп келе жатқан әншілерміз. Сол себептен де мен артық нәрсе айтпаймын. Өйткені мен өзімді әлі де қалыптастыра алмадым. 

Көп әншілер әйелдерін бейнебаянға түсіріп жатады. Сіз әлі бірде-бір рет келіншегіңізді көрсеткен емессіз. Не себеп екен? 

Бір ұл, бір қызым бар. Өнер мен жанұямды араластырғым келмейді. Өнерім — ол менің жұмысым. Ал жанұям ол — менікі. Отбасымды теледидарға шығарып, бейнебаянға түсіруді қаламаймын. Жалпы отбасым туралы көп айта бермейтін адаммын. Ертең бір уақыты келеді, сол кезде ел алдына шығарамын. 

Енді шығып келе жатқан әншілерге не айтасыз?

Еркек әншілер дұрыс киініп, дұрыс ән айтсын. 

Сіз де онда Nite one жігіттерін жақтырмайтындар қатарындасыз ба?

Әрине, жақтырмаймын. Ол балалардың өнеріне ештеңе айта алмаймын. Әндері, талғамдары күшті. Өздерінің бағыттары бар. Бірақ ол балаларды сыртқы келбеттері құртады. Шаштары, сырғалары, киімдері дұрыс емес. Жалпы қазақтың жігітіне тән қасиет емес. Мысалы, қазір мен шашымды барып бояйыншы әкем өлтіреді, анам ренжиді. 

Сіздіңше, тек костюм-шалбар кигені дұрыс па?

Еркек сияқты киіну керек қой. Мәселе костюм мен шалбарда емес. Қазір баяғыдай заман емес, неше түрлі киімдердің түрлері шығып жатыр. Сыртқы келбеттерін кішкене дұрыстаса болады ғой. Барлығы жігіттер. Кішкене шаштарын еркектікі секілді жасап дегендей. Бірақ оларға да ештеңе айта алмаймын. Мүмкін ұстанған бағыттары мен стильдері солай шығар. Дегенмен қазақтың жігіттерін бұл кейіпте көргім келмейді. 

Ең бастысы жалаңаш жүрген жоқ қой…

Жақында жалаңаш та жүретін болады. Егер осылай кете берсе, бір күні соларға қарап өскен жастар жалаңаштанады. Ертеңгі күні қыз-келіншектердің әуреттерін жабуы қызық емес болады. Мысалы, көрші ел Ресейде көптеген әншілер жүр ғой. Әйелдері еркек болса, еркектері әйел болып киініп алған. Олардың эстрадасы солай басталған.

Сізді сұхбатқа тарту қиындап кетіпті. Бұрынғы Қанаттың бұл өскені ме, әлде танымалдылыққа қол жетіп, БАҚ өкілдеріне деген менсінбеушілік сезімі оянған ба? 

Қазір уақыт тапшы. Кейде ешнәрсеге үлгермей жатамыз. Сол себептен де сұхбат берудің реті келмей жатады. Бірақ көпшілігі ойлағандай жұлдыз ауруымен ауырып жүрген жоқпын. Құдай сақтасын… Өзінше болып кететіндей адам емеспін. Бір жағынан айтарың жоқ кезде ел алдына да шыға бергенді қаламаймын.

Алдында дәстүрлі әнші Алма Аманжолова қызды ажырасқан не болмаса баласы жоқ әншілер ұзатпауы керек деген әңгіме айтқан еді. Сіз қалай ойлайсыз?

Өз басым мен ондай тойларға бармаймын. Қыз ұзатып берсеңіз деген ұсыныс маған да түсіп жатады. Бірақ тойға әнші ретінде барғым келетіндіктен, олай істей алмайтындығымды түсіндіремін. Ал қыз ұзатып жүргендерге ешнәрсе айта алмаймын. Олардың табыс көзі шығар. Әр әнші өзіне жауап бергені дұрыс. Сондықтан олардың тірлігіне араласа алмаймыз. 

Қазақ эстрадасына не жетпей тұр? 

Қазақ эстрадасына жақсы әндер жетпейтін шығар. Бір күндік емес, ғұмырлы әндерге қазақ шөлдеп отыр. Қазақтың тарихында ойында қалатын, санасына сіңетін әндер жетіспей тұр. Қазір неше түрлі тақырыптарға толы әндер көбейіп кетті. Шын мәнінде, соған жүрегім ауырады. Қазір әншілердің барлығы хит қуып кеткен. Хайптың заманы болып кетті ғой. Бірақ бұл дұрыс емес. Өйткені әнші болғаннан кейін ертеңін ойлау керек. Қартайып жас келгенде, немерелеріңе ұялмай тыңдататын ән болуы керек қой. Мен сол нәрсені көп ойлаймын. 

Сіз пиар ма, хайп қуасыз ба?

Біреулер Димашты айтып өзіне хайп жасады деп айтып жатыр. Осы өнерге аяқ басқалы мен қара пиар, хайп деген нәрселерді түсінбеймін. Тіпті өзіме жасап та көрген әнші емеспін. Сол кезде Нұрсұлтан бауырымыздың қойған сұрағына шын жүректен жауап берген едім. Ол әңгімені халық жамандасын, бірақ мен хайп болсын деген ойда айтпадым. 

 

Сұхбаттасқан Анар Дәукен

stan.kz