Үйін сүріп тастаған: Түркістанда төрт балалы отбасы үйінді арасында өмір сүріп жатыр — Қазақстан жаңалықтары
Түркістанда төрт балалы ана күл-талқаны шыққан үйінің үйіндісінің арасында түнеп жүр. Көбалалы әйелдің үйі сот шешімі бойынша сүріліпті. Әйелдің айтуынша, ол алаяқтықтың құрбаны болған. Алайда сот дауды оның пайдасына шешпеді.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Аяжан Абдуллаеваның сөзінше, бәрі 2018 жылдың 13 мамырында басталған. Сол күні үйіне бір әйел келіп, үйін сатып алғысы келетінін айтыпты. Алайда көпбалалы ана оның ұсынысынан бас тартқан. арада бірнеше күн өткеннен кейін ол әйел қайтып келіп, басқа ұсыныс айтыпты.
«Балаларымның бірі мүгедек, өзім жұмыс істемейтін болғандықтан, олар әлеуметтік көмек ұсынды. Мен келістім. Олар маған құжаттар беріп, қол қойдырып алды. Артынша жердің дәл осындай құжаттары басқа адамда да бар екені анықталды», — дейді көпбалалы ана.
Сот Аяжан Абудллаеваның құжаттарын жалған деп тауып, жер телімін пайдалану құқығын өзге адамдардың еншісіне қалдырған. Осылайша, әйел өзгенің аумағында заңсыз үй салып алған болып шыға келіпті. 28 қыркүйекте көпбалал отбасының үйі сүрілген.
Аяжанның көршісінің сөзінше, оның қиын жағдайда тұрып жатқанын білгендер жиналып, ақшалай және құрылыс материалдарымен көмектесіп, үш бөлмелі үй салған.
«Олардың қиын жағдайда тұрып жатқанын бәрі біледі. Сондықтан ақшалай немесе материалдармен көмектесіп, үш бөлмелі үй тұрғыздық. Алайда оны сүріп тастады. Аяжанды үйден әрең алып шықты», — дейді Ерлан Бидайбеков.
Көршілері көпбалалы отбасыға көмектесуге дайын екенін айтады. Сонымен қатар жергілікті билік те отбасыны қиын жағдайда қалдырмаймыз деп отыр.
«Күйеуіне жұмыс ұсындық. Ол бас тартып, әйеліне жұмыс тауып беруді сұрады. Бұл нұсқаны да ұсындық. Әйелін жұмысқа орналастыруға дайынбыз. Сонымен қатар кәсіпкерлерден де көмек сұрадық. Олармен бірігіп, отбасыға арнап пәтер іздеп жатырмыз. Пәтер тауып, оларды орналастырып, ақысын әкімдік пен кәсіпкерлер төлейді», — дейді Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов.
Әкімдік өкілдері бұл жағдайдан шығар жолды іздеп жатқанда, көршілері Абдуллаевтар отбасына контейнерден баспана жасап берді.
stan.kz