Өлең: Қадыр Мырза Али (Саулық берсін жасыңа)
Саулық берсін жасыңа,
Кәріңе де.
Жазылмайтын дертім бар дәріңе де.
Сыртым бүтін болғанмен,
Ішім түтін,
Төзіп келем әйтеуір бәріне де.
Соңы қалды өмірдің,
Басы кетіп.
Жаратқан ба табиғат жасық етіп?!
Қара мысық сияқты
Қара пиғыл
Жатады ылғи алдымнан кесіп өтіп.
Басқада бар, жоқ деймін неге бізде?
Не болса да шыдаймыз,
Көнеміз де!
Пәтерде де біреулер биік шығып,
Шырт түкіріп тұрады төбемізден.
Жүр күлкім де өзгенің миығында.
Миығында,
Қу көздің қиығында.
Ал шапаным
Өмірде жолы болғыш
Кете барды жолдастың иығында.
Маған керек бақыт та оймақтай-ды,
Соның өзі…
Түнімен ой қаптайды.
Төлегеннің тұлпары
Осқырынып
Бекежанның астында ойнақтайды.
Шықпай қойды әйтеуір бүйір мына.
Не істей алам тағдырдың бұйрығына!
Маған деген орын да
Біреулердің
Қалса керек жабысып құйрығына!
Інім дедім,
Жақсыны ағам дедім.
Түсінбедім неліктен бағам кемін.
Қайтем енді,
Қайтемін
Біреулердей
Төрге шығып тумаса анам мені?!
Жүрек таза болғанмен,
Бауыры ісік
Қадырмын мен,
Осындай Қадыр ісі…
Жақсылықтың сыртына
Үйім емес,
Жазылғандай моламның адресі!
Пушкин болса,
Пушкиннің халқы мықты.
Оның өзі зорлықтан алқыныпты…
Ұра алмай-ақ қойдым-ау тұз көзірмен
Қолындағы тағдырдың алтылықты!