Бекзат Нұрдәулетов Ла Крустың күтпеген мәлімдемесіне жауап берді
Қысқа сілтеме алу
22 жастағы боксшыны Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Марат Жәкиев жаттықтырады. Бекзат бокспен он жылдан бері айналысады
НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек – Sputnik. Бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов спортқа қалай келгенін, Кубаның даңқты боксшысын қалай жеңгенін, ендігі мақсаты қандай екенін Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында айтты.
Екі дүркін Қазақстан чемпионы
Бекзат Нұрдәулетов 1998 жылдың 10 сәуірінде Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Бокспен 2009 жылдан бері шұғылдана бастапты.
«11 жастан бастап, бокспен шұғылдана бастадым. Яғни Жаңаөзендегі Рахмет Өтесінов атындағы спорт кешенінде жаттықтым. Алғашқы бапкерім – Батырбек Жайлыбаев», — дейді спортшы балалық шағын есіне алып.
Ол 10-сыныпта оқып жүрген кезде спортта жоғары нәтижеге қол жеткізе бастайды. Осы уақытта Нұрдәулетов жасөспірімдер арасында екі дүркін Қазақстан чемпионы атанады. Ал 2016 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдені қанағат тұтады.
Қазіргі уақытта 22 жастағы Бекзатты ҚР еңбек сіңген бапкері Марат Жәкиев жаттықтырады. Ол 2005 жылда әлем чемпионы атаған Ердос Жаңабергенов пен Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовті дайындаған.
«Кувалда»
Әңгіме барысында Бекзат Нұрдәулетов өзінің лақап атына байланысты пікірін білдірді. Осыған дейін қазақстандық БАҚ-та 22 жастағы спортшыны достары жойқын әрі дәл соққылары үшін «Кувалда» деп атайтыны туралы ақпарат тарады.
©
Sputnik / Владислав Воднев
Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары Бекзатты «Кувалда» деп атап кеткен
«Жақын араласатын достарым олай айтпайды. Менің ойымша, бұл газет-журналдардың өздерінің шығарғаны шығар», — деп ол қысқа жауап қайырды.
Левитпен жұдырықтасқан
Маңғыстаулық жас боксшы өткен жылы Қазақстан чемпионатында 91 келіге дейінгі салмақта бағын сынаған. Бұл жарыста ол финалға дейін жетіп, төрт дүркін Қазақстан, екі дүркін Азия чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левитпен жұдырықтасқан еді. Бұл жекпе-жекте тәжірибелі Левит жеңімпаз атанды. Ал биыл Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында Нұрдәулетов 81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
«Салмақ тастау ауыр болған жоқ. Себебі, менің салмағым 91 келіге жетпейтін. Сондықтан бапкерім екеуміз 81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасамыз деген шешім қабылдадық», — дейді қазақстандық спортшы.
Әлем чемпионатындағы жеңіс
22 жастағы қазақстандық боксшы Ресейде өткен әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетуін дұрыс қойылған тактика мен ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибенің ұштасуы деп біледі.
Сонымен қатар Нұрдәулетов жартылай финалда 4 дүркін әлем чемпионы және Рио Олимпиадасының жеңімпазы, кубалық Хулио Сесар Ла Крусқа қарсы шаршы алаңға шықты. Ол жекпе-жек алдында еш қобалжымағанын, тек жаттықтырушының берген кеңесіне құлақ асқанын атап өтті.
«Ла Круспен ринкге шығардың алдында ешқандай қорқыныш болған жоқ. Ол да адам ғой. Сондықтан бұл жекпе-жекте уайымдаған жоқпын. Тек бапкерімнің айтқанын орындадым. Соның арқасында жеңіске жеттім», — деді ол.
Күтпеген мәлімдеме
Әңгіме барысында Бекзат кубалық боксшы Хулио Сесар Ла Крустың «Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында төрешілер әділетсіздік жасады» деген мәлімдесіне қатысты өз ойын айтты.
«Әрбір адам өз пікірін айтуға құқылы. Бұл жекпе-жекте 5 төреші отырды. Олар ақылдаса келе, өз шешімдерін шығарды. Сонымен қатар бұл жекпе-жекті көрермендер көрді деп ойлаймын. Сондықтан кім жеңгенін халық шешсін», — деді спортшы.
Алдағы жоспар
Сонымен қатар әлем чемпионы алдағы жоспарымен де бөлісті.
«Енді мақсатым – Олимпиадаға жолдама алып, көк туымызды желбірету. Ол үшін дайындалып жатырмын. Алдағы мақсат – Олимп шығын бағындыру», — деп түйіндеді сөзін Бекзат Нұрдәулетов.
sputniknews.kz