Қазақтың ұлттық ою өрнектері, салт дәстүрі, қолөнері, технологиядан ашық сабақ
технология пәні мұғалімі
Қосанова Жанар Тілеулесқызы
Тақырыбы: Қазақтың ұлттық ою – өрнектерінің дайындалу реттілігі
Мақсаты:
Білімділік: ою – өрнектің түрлерімен таныстырып, бір бүктеу және қию әдістерін үйрету;
Дамытушылық: оқушыларды халқымыздың салт – дәстүріне, қолөнеріне терең үңілдіріп, ой — өрісін дамыту;
Тәрбиелік: оқушыларға ою – өрнектер өнерін үйрету үстінде эстетикалық талғамдары мен өнерге деген шеберлік, ынта қабілетін арттырып, көркемдікпен, әсемдікпен жасалғанына көздерін жеткізе отырып тәрбиелеу;
Сабақтың түрі: аралас, сайыс сабақ.
Сабақтың әдісі: топпен жұмыс, түсіндіру, сарамандық жұмыс.
Пәнаралық байланыс: бейнелеу, тарих
Көрнекілігі: ою — өрнек түрлерінен жасалған буклет, кітаптар, слайд, үлестірмелі қағаздар, бағалау парағы, қолөнер бұйымдары
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасып, түгелдеу. Сабаққа назарын аудару. Оқушылар екі топқа бөлінген.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру
Өткен тақырып бойынша графикалық диктант беріледі.
1. Бір жолға сиятындай етіп аралары бірдей 11 нүкте белгілеңдер.
2. Екі нүктенің арасын 1 — ден 10 — ға дейін нөмірлеңдер.
………..
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10
3. Берілген сұрақпен келіссең, яғни дұрыс деп ойласаң 2 нүктенің арасын сызықпен(-) қос, дұрыс емес десең бұрышпен ( ) белгіле.
Сұрақтар:
1. Инешаншым – иненің екі шаншымының арасындағы жіптің өрімі.
2. Тігім – қайталанған инешаншымдар қатары.
3. Инешаншымдар ұзындығы – иненің ұзындығымен бірдей болу керек.
4. Жұмыс соңында жұмыс үстелін жинау.
5. Оймақ – болаттан жасалған, бір ұшы үшкір, екінші ұшында көзі орналасқан зат.
6. Қайшы — киім бөлшектерін пішуге, жіптің ұшын қиюға арналған.
7. Ине, қайшы, оймақ, сантиметрлік таспа – қол жұмысы кезінде қолданылатын құрал — жабдықтар.
8. Жұмыс үстеліне қисайып немесе қатты еңкейіп отыру керек.
9. Тігін машинасында тігіп болғаннан кейін уақытша инешаншымдарды матадан алып тастауға болмайды.
10. Көктеу – бірінің үстіне бірі қойылған екі бөлшекті уақытша тік инешаншымдармен біріктіру.
Нәтижесі:
— Оқушылар, бүгінгі тақырыпты ашу үшін сөзжұмбақ шешейік.
Қ А М З О Л
А Ю
К Ө Ж Е
Т О Р С Ы Қ
А Й Р А Н
Б І Л Е З І К
Б Е С І К
Сұрақтары:
1. Жеңсіз жеңіл киім
2. Маймақ аң
3. Жеті түрлі дәнді дақылдардан сүт қосып пісірілген сұйық ас
4. Теріден жасалған, қымыз құятын ыдыс
5. Ұйытылған сүт
6. Сәндік үшін білекке тағатын әшекейлі, бағалы бұйым
7. Нәрестеге арналып жасалған ағаш төсек
— Сонымен, оқушылар, ою — өрнек деген сөз шықты.
ІІІ. Жаңа сабақ
— Қазақ халқының асыл қазыналарының бір саласы және ұлттық келешегін айқындап бейнелейтін өнер түрі – ою — өрнек. Қазақ халқының ұлттық ою — өрнегінің ондаған ғасырлық тарихы бар. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, дамып келе жатқан өнер түрі.
Қазақтың ою және өрнек деген қос сөзі бірігіп латынша – орнамент деген ұғымды білдіреді. Ою — өрнектің шарықтап дамуы халықтың күнделікті өнерімен, әдет — ғұрпымен терең байланысты.
Ою дегеніміз – бұйымға түсірілген өрнекті кесу арқылы өңдеу
Жайлаудың шырынды шөптерінің арасында, тау етегінде ауыл сұлап жатты. Алау түтіні, қойлардың маңырағаны, иттердің үрі, балалар күлкісі – осының бәрі ауылға жақындағанда естіледі. Міне, киіз үйлерде тұр. Қазақ халқы көшпенді ел болып, жаз – жайлауда, қыс – қыстауда заман ағымына сәйкес киіз үйде тұрмыс құрып өмір сүрген. Сол ата – бабаларымыздан қалған асыл мұра – қазақтың киіз үйі.
Бүгін көп қызықты заттар көріп, ою – өрнек туралы білуіміз үшін және шығармашылық жасау үшін үш киіз үйге кіріп – шығуға шақырамыз.
а) — Қане, бірінші киіз үйге кіріп көрейік.
«Өнер – таусылмас азық, жоғалмас байлық»,- дейді халық даналығы. Халқымыздың ғасырлар талғамынан өткен асыл қазынасы – ою – өрнектер.
• Ою – өрнек не үшін қолданылады? (Ою – өрнек тұрмыста, бір бұйымның бетін әшекейлеу үшін қолданылатын нақыш, өрнек)
• Халқымыз оюмен нені әшекейлеп безендірген? (Ою – өрнек әр түрлі үлгіде дамыған. Оның негізгі элементі мүйіз тектес болып халқымыздың жиі пайдаланатын заттарында – өру, тігу, құрау, қию арқылы үй жиһаздарына, зергерлік бұйымдарға, кілем, сырмақ, текемет, қоржын, ыдыс — аяқтарға, киім-кешектерге безендіріліп салынған)
Кезінде өнертанушы В. Чепелев «қазақтар тек ою – өрнек әлемінде өмір сүрген сияқты»,- деп атап көрсеткен.
Ежелден қолөнерді қастерлей білген халқымыздан мұра болып келе жатқан тұрмысқа оюланған қажетті бұйымдар өте көп.
Қазақ шеберлері әр нәрсені жарық, көркем, төлді етіп жасауға тырысқан.
ә) — Ал, енді, қандай ою түрлері бар екенін білейік. Ол үшін екінші киіз үйге кіріп көрейік. (Ою — өрнек суреттері, слайд)
Ою – өрнектің атауы мен түрлері өте көп. Ғалымдар бүгінге дейін 200 — дей түрін анықтаған.
б) Әр түрлі өрнек үлгілерін жасаушы, қазақ ою – өрнегінің шебері – оюшы.
— Келесі киіз үйге кіріп көрейік. Бұл киіз үй – шеберхана.
Шағын еңбегімізде – қолөнерді әрі қарай дамытып, осы шеберханада жетілдіру керекпіз.
— Оқушылар, әжелеріміз ою үлгісін жасауды, оюды кімдерден үйренген? Оларды өз әжелерінен, аналарынан, әпкелерінен үйренген. Осылай ұрпақтан ұрпаққа ауысып, бүгінге жеткен. Бізде ою ойып көрейік.
IV. Сарамандық жұмыс. Оқушылар жұмысқа қажетті құрал жабдықтарды дайындайды. Жұмыс бастамас бұрын 2 топқа жұмбақтар беріледі.
Бар екен дүниеде жалғыз көзді,
Сол көзбен дүниенің бәрін кезді.
Әлемді он сегіз мың киіндіріп,
Дүниеден жап жалаңаш өзі безді (Ине)
Екі басты жалмауыз,
Керіп аузын ашады.
Алдына түскен нәрселер,
Өзінен өзі қашады (Қайшы)
— Балалар, мүйіз оюын қиып үйренейік. Қию алдында, қайшымен жұмыс техникалық қауіпсіздік ережесін қайталайық.
1. Қайшыны арнайы қобдишада сақтау қажет.
2. Қайшыны жолдасына үшкір ұшымен берме
3. Қайшыны ашық қалдыруға болмайды.
4. Қайшымен жұмыс кезінде жолдасының көңілін бөлме.
5. Қайшыны ойыншық ретінде пайдалануға болмайды.
— Жарайсыңдар, енді жұмысымызға кірісейік.
1 — тапсырма: Топпен жұмыс. Оқушылар қағаздан қиылған оюды мақпал матаға бастырып, оны қиып алып, шыт матаға көктеп тігу.
— Инемен жұмыс жасағанда мұқият болыңдар.
— Инені ауызға салуға болмайды.
— Инені ине қадағыш көпшікке немесе жіпке қадау керек.
— Инені жіппен сабақтағанда өте ұзын жіп алуға болмайды. Әр адамның саусағы мен шынтағының арақатынасы болуы шарт.
1 – топ. «Қошқармүйіз» оюын ою
2 – топ. «Сынық мүйіз» оюын ою
2 — тапсырма: Ою, өнер, еңбек туралы мақал – мәтел айтып жарысады.
3 — тапсырма: Мақалдың жалғасын табу.
1. Жеті рет өлшеп, бір рет кес.
2. Өнерлінің қолы алтын,
Өлеңшінің сөзі алтын.
3. Ою ойсаң ойланып,
Өсер сенің өрісің.
4. Кедейлік деп қысылма,
Өнерің болса қолында.
5. Өнер таусылмас азық,
Жұтамас байлық.
6. Еңбек үйренемін десең ерінбе,
Өнер үйренемін десең жерінбе.
7. Талаппен бастап талғаммен аяқта.
8. Бас тымақтың үлгісі,
Өнер еңбектің жемісі.
9. Шебер өлмес, өнер сөнбес.
10. Қол өнері кілемде,
Сөз өнері өлеңде.
11 Олақ адам от жаға алмас.
12 Шеберді жеңген жұмыс жоқ.
13 Сабыр мен еңбек бәрін де жеңбек.
14 Шебердің қолы ортақ,
Шешеннің сөзі ортақ.
4 — тапсырма: Сұраққа жауап
1. Қазақ оюының кең тараған түрі
2. Ою дегеніміз не?
3. Ою — өрнектің қанша түрі бар?
4. Ою — өрнек неше топқа бөлінеді және қандай?
V. Сабақты қорытындылау.
Ізгілендіру диаграммасы
Не білдім? Не үйрендім? Нені білгім келеді?
Оқушылар өз ойларын жабыстырғыш қағазға жазып, тақтаға жабыстырады.
Оқушылардың жұмыстарын тексеріп, қатесін түзеу.
VІ. Бағалау. Оқушыларды әр дұрыс жауаптары үшін жинаған бағалау парақтары бойынша және сарамандық жұмыс кезінде оюды қиып, оны матаға тігуін қорытып бағалау. Ең жақсы, белсенді қатысқан топты бағалау парақшаларын есептеу арқылы анықтау.
VІІ. Үйге тапсырма: Өзіңе ұнаған ою — өрнекпен бұйымды көркемдеп безендір. Ою — өрнек түрлерін оқып келу.