«Бар дауысыммен айқайладым»: Астанада ер адам «бала ұрламақ болды» деген күдікке ілінді — новости Казахстана
Астанадағы мектептердің бірінде ыңғайсыз жағдай орын алған. Мектеп оқушысының анасы өзінің қызын белгісіз ер адамның ұрлап кеткесі келгенін айтып, WhatsApp желісі арқылы видео таратқан. Елордалық әйел көпшілікке балаларына абай болу керектігін де ескерткен деп хабарлайды Қазақпаратқа сілтеме жасаған NUR.KZ.
Әйелдің сөзінше, ол қызын күтіп алу үшін мектептің алдында көлігімен күтіп отырған.
Алайда ол қызының жанынан сәл ақсап басатын ер адамды байқап қалады.
«Мен көліктен атып шығып бар дауысыммен айқайға бастым. Ол қорқып, кетіп қалды. Оның қайда кеткенін де аңғармай қалдым», — дейді баланың анасы.
Содан кейін әйел қызын сұрақтың астына алып, өзге адамдармен сөйлеспеу керектігін ескерткенін айтады.
Алайда қызы жақ ашып, ештеңе айтпаған.
Елордалық әйел өзінің желіге таратқан жазбасында ата-аналарды сақ болуға шақырған сөзімен аяқтаған.
Айта кететіні, кейінірек түсінбеушілік туындағаны анықталды.
Ата-аналардың бірі көршісіне өзінің қызын да сабақтан алып қайтуын сұраған. Алайда ол адам көршісінің қызы мен желіде видео таратқан әйелдің қызын шатастырып алған.
Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, видеодағы ер адам мектеп оқушысының әкесі. Ол көршісінің қызын да сабақтан алып қайтуы керек болған.
Ер адам сыныпқа кіріп, қызды шақырған. Алайда басқа оқушы қыз шыққан. Тек көліктің жанына келгенде барып, оның көршісінің қызы емес екенін түсінген.
Осы шудан кейін, мұғалімдерге балаларды тек өз ата-анасына табыстау керектігі тағы бір мәрте ескертілген.
Арада біраз уақыт өткенде, желіде видео таратқан әйел мен ер адамның бірге түскен суреті пайда болды. Ер адамнан барлығы кешірім сұраған.
Ер адамның біраз уақыт бұрын инсульт алғаны, осы жағдайдан кейін денсаулығы толық қалпына келмегені анықталды.