Оңтүстіктен – Солтүстікке қоныстанушылар үшін баспана салынады

0

Елімізді айналып өтпейтін бұл жағымсыз үдеріс теріскей аймақтар үшін қауіпті әрі қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанын аңғару қиын емес. Алысқа бармайық, Қы­­зылжар өңірінің биылғы әлеу­меттік-экономикалық да­­­­му қорытындыларына көз жү­гіртетін болсақ, қуантарлық көрсеткіштермен қатар көңіл құлазытатын жайттар да аз кездеспейді. Бұл көбіне еңбек ресурстарының тапшылығы мен демографиялық ахуалдың төмендігіне келіп тіреледі. Әсіресе осы екі мәселенің жыл өткен сайын түйінді проблемаға айналып бара жатқаны толғантады. Оны тіршілік қазаны қайнап, түзу ұшқан түтіні бір сейілмеген ауылдардың «болашағы жоқ» санатына қосылуы, еңбекке жарамды адамдар мен кәсі­би мамандардың, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, табиғи өсім, бала туу көрсет­кіштерінің төмендеп, көшіп келушілерден басқа жаққа кетушілердің саны көбейіп кеткені анық аңғартады. Осы себепті Президент бел­гі­леп бер­ген ауқымды стра­те­гия­лық құжаттар ішінде ішкі көші-қон саясатын реттеуге, басы артық жұмыс күші бар өңірлерден өзге жер­лерге жұмыс күшін ұт­қырлықпен тартуға ерекше басымдық беріліп отыр. Оң­түстік аймақтарда респуб­лика халқының 40 пайызға жуығы тұрса да, жалпы өңір­лік өнімдегі үлесі 17 па­йызды ғана құрайтынын, ал солтүстік жақта бұл көр­сет­кіштер сәйкесінше 17 жә­не 13 пайыз екенін ескерсек, жағдай осылай жалғаса берсе, 2050 жылға таман күн­гей тұрғындары 5 миллион адамға артады, керісінше, теріскей халқы бір миллион адамға азаяды, жұмыссыздық, демографиялық дүмпу тіпті зорая түседі деген болжам бар. Географиялық, та­би­ғи-климаттық орна­ла­­суы жағынан өте қо­лайлы Түркістан облысын­да соңғы бес жылда ха­лық саны 24 пайызға кө­бей­­ген. Тек Мақтаарал мен Сарыағаш аудандары тұр­ғындарының санын қоса есептегенде Қызылжар хал­қымен деңгейлес. Демек, «Оңтүстіктен – Солтүстікке» жо­ба­сының ішкі еңбек нары­ғын реттеудегі, еңбек мигрант­тарын ынталандырудағы эко­номикалық ықпалы өте зор деген сөз. Мемлекеттік қол­­дау шеңберінде атқа­рыл­ған кешенді шаралардың арқасында елішілік көші-қонның біртұтас жүйесі құ­рылып, тепе-теңдіктің сақ­талуына ықпал ете­тін қо­ныстандыру жұмыс­тары­ның ұтқырлығы мен ұтымдылығы оң сипатқа ие бола бастағанын жергілікті тәжірибе көрсетіп келеді. 700-ге жуық отбасы квота арқылы экологиялық жағынан таза, табиғаты әсем аймақтан жайлы тұрақ тапты. Өз кәсібімен айналысқысы келетіндерге жер телімдері мен жеңілдікті несиелер ұсы­нылды. Жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­масының бөлім жетекшісі Алма Махметованың айтуынша, көші-қон саясаты тұжырымдамасында қо­ныс­тандыру проблемаларын шешу үшін бос жұмыс орындары мен еңбекпен қамтудың тиімді тетіктері, жұмыс бе­рушілердің сұранысы негі­зінде кепілдікті ынталандыру шаралары кешенді түрде қарастырылған. «Нә­тижелі жұмыспен қамту­дың және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК мөлшерінде өтемақы және отбасы құрамына байланыс­ты бір жыл бойы тұрғын үй жалдау шығындары өтеледі. Бұдан басқа тұрғындардың келісіміне сәйкес үй жалдауға қарастырылған қаражат есе­бінен баспана сатып алу үшін біржолғы төлем толық аударылады. Жаңа ережеге сәйкес бес азаматты кө­шіріп әкеліп, үш жыл бойы жұмыспен қамтамасыз еткен кәсіпкер әрқайсысы үшін бір миллион теңге шамасында субсидия алады. Бұл бас­таманы 18 жұмыс беруші қостап отыр. Өз шаруасын кеңейтемін дегендерге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. Сондай-ақ аудандарда жер телімдері бөлініп, егіншілікпен, мал шаруашылығымен, ара өсі­румен, бағбандықпен, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндіктер туады. Биыл 1500 адамды қабылдау үшін мектеп, балабақша жұмыс істейтін, 1058 бос жұмыс орны бар 226 ауыл таңдап алы­нып,  көшіп келушілер орналастырылды. 

Жуырда өңір басшысы Құмар Ақсақалов Түркістан облысында болып, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбді­рахымовтың, облыс, қала мәслихаттары депутат­тарының, жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар бас­қармасы басшыларының, кәсіпкерлердің, жастардың, уақытша жұмыссыз тұрғын­дардың қатысуымен ішкі көші-қон үдерісіне қатыс­ты салиқалы әңгіме қозғал­ды. Жиналғандарды өз ық­тиярымен көшіп келетін отба­сыларға жасалатын әлеу­мет­тік мәселелер көбірек қызық­тырды.

– «Оңтүстіктен – Сол­түс­тікке» бағдарламасы облыста қарқынды жүргізіліп келеді. Еліміздің әр қиырынан қоныстанған 2700-дей адам­ның жартысына жуығы осы аймақтан. Жергілікті билік тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетіледі. Біз жер телімдерін алуға, шағын және орта бизнеспен шұғылдануға, бос жұмыс орындарына орналасуға көмектесеміз. Қа­шан үйренісіп кеткенше қадағалап отырамыз. Қызылжар – топырағы құ­нарлы, шөбі шүйгін, ауасы таза, суы мөлдір өңір. Орман-тоғайлы жерлер, көлдер көп. Қазақстан астығының үштен біріне жуығы өндіріледі. Еңбексүйгіш күнгейліктер жаңа қонысқа тез бейімделіп кетеріне сенімдіміз. Ара­ла­рында мемлекеттік, бюд­жеттік қызметте жақсы қы­ры­нан танылғандары да, өз кәсібін дөңгелетіп әкет­кендері де аз емес. Сіздерде демографиялық өсім қарқы­ны жоғары. Халқы аз сол­түстік тұрғындарының санын арттырудағы қарышты қадамдарыңызды құптаймыз, деген Құмар Іргебайұлы «Сер­пін» бағдарламасы шеңбе­рінде тегін оқып жатқан жастар шаңырақ құрып, ауылдық жерлерде кемі үш жыл еңбек етсе, баспана тарту етілетінін, оқу оқимын, өсемін, қатарының алды боламын деген ынталы, қабілетті жандарға ешқандай ауа райы бөгет бола алмайтынын, Елбасының жастар жөніндегі саясаты бәсекелестік қарымын арттырудың пәрменді күші болып табылатынын жеткізді. Ғ. Әбдірахымов солтүстіктегі бос орындарға күнгей өңірдің халқын жұмысқа тарту бо­йынша арнайы штаб құру ұсынысын қолдап, басқа өзекті мәселелер бойынша да ақыл­дасып, пікірлесіп отыратындарын, алдағы уақытта теріскейдегі отбасылардың хал-жағдайымен танысуға баратынын айтты. 

Статистикалық мәлі­мет­терге сүйенсек, соңғы үш жылдың ішінде желдің өтінде, елдің шетінде орналасқан өңірден 70 мыңнан астам адам басқа жақтарға қоныс аударған. Мектеп түлектерінің 18-20 пайызы білім қуып, шетел асып жатады. Отанына ора­ла ма, жоқ па белгісіз. Жала­қының аздығынан сырттан жұмыс іздеп, сабылып жүргендер де аз емес. Бұл жағымсыз факторлар ішкі көші-қон үдерісін реттеуге, демо­графиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге кері әсер етпей қоймайды. Сондықтан еңбек ресурстарының жетіс­­пеушілігін елішілік жұмыс күші есебінен толықтырудың жолдарын алдын ала айқын­дау, артық-кемін екшеу эко­номикалық тұрғыдан да, әлеу­меттік, еңбек бөлінісі жа­ғынан да бірден-бір оң­тайлы шешім болары анық. Осы орайда теріскейден өз ықтиярымен көшіп келген­дерді келешегі күңгірт ауыл­дарды сақтап қалудың «құ­ралы» ретінде пайдаланып келген аудан әкімдерінің ешнәрсемен ақтауға болмай­тын іс-әрекеттеріне Қ.Ақса­қаловтың үзілді-кесілді ты­йым салғанын айта кеткен жөн. Тек ірі елді мекендерге ғана жай­ғастыруға, сервистік қызмет көрсету бағытындағы жаңа кәсіп түрлерін игеруге, жұмыс берушілер мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, атқарушы органдар жұмысын жандандыруға, лайықты жалақы төлеуге қосымша шаралар ұйымдастыруға нақты пәрмен берілуі еңбек ағындарын реттеуді барынша тиісті деңгейде жүр­гізуге ықпал етері сөзсіз. Өйт­кені шаруасы онсыз да шатқаяқтап тұрған ұсақ шаруа қожалықтары маусымдық жұмыстардың өзін әзер ұсына алатын еді. Бұл еңбекақы тек күзгі жиын-терімнен соң ғана қолға тиеді деген сөз. Осы себепті қоныс аударушыларды орналастыру картасы түзіліп, инфрақұрылымдары талапқа сай 302 елді мекен кіргізілді. 

Оңтүстік тұрғындарын солтүстікке көшіру идеясын жан-тәнімен қолдап жүрген Түркістан облыстық мәс­лихатының депутаты Ж­аңабай Ағабековтің нақты істері көпке үлгі боларлық екенін баса айтқымыз келеді. Ұйымдастыру шараларының үнемі басы-қасынан табылып, көмек қолын созудан бас тартпайтын азаматтың ұлтжанды тұлғасы сүйсіндіреді. Ақжар, Уәлиханов аудандарына арнайы барып, толық жағдай жасалып, көмек көрсетілетінін білгеннен кейін отыз шақты отбасы көшін өзі бастап келген. Жол шығындарын өтеуге, баспана сатып алуға қаржылай жәрдемдескен. Халық аманатына кір келтірмеуді мақсат еткен ол солтүстікке жұмыс іздеп барғандар кез келген бәсекелестікке, тіпті ауа ра­йына да төтеп беруге дайын екеніне бек сенімді. Жаңабай сияқты жомарт жүректі жандар Қызылжар өңірінде де баршылық. Ауылдастарына қолжетімді үйлер тұрғызып, таза ауызсу құбырын тартып берген «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігінің директоры Еркебұлан Мәмбе­товтің шарапатын Түркістан облысынан көшіп келген Ғани Жүсіпбековтің отба­сы ұмытпайды. Өзін де, ке­ліншегін де тұрақты жұмысқа, балаларын балабақшаға орналастырған. Баспана сатып әперген. Жеңілдікті несие рәсімдеуге, мал алуға жәр­демдескен. «Ақселеу» ЖШС-нің басшысы Серік Малаев арнайы делегация құрамында еңбек күші мол шоғырланған бірнеше ауданда болыпты. 900 отбасы көшіп келуге тілек білдіргенін естіген соң осынау маңызды шараға қатысуды парыз санап, төрт жұмысшыны ілес­тіріп әкеліпті. Тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етіпті. Біржан Шаймерденов, Ас­қар Мәдиев секілді іскер кәсіп­керлердің де есім­дері құрмет­пен аталады. Теріскейге кел­ге­ні­не өкін­­­­­бейтіндердің бі­рі – Сейкімбаев пен Нү­сіповтің шаңырағы. Бұл екі отбасыны кездейсоқ кез­дестірген «Жәнібеков» шаруа қожалығының же­текшісі Қайрат Жәнібеков 11 баласымен қоса М. Жұмабаев ауданына қарасты Сулышоқ ауылына үгіттеп алып келген. Бар жағдайын жасаған. Сөйтіп тоғызжылдық мек­тепті жабылудан сақтап қалған. Келесі жылы бес отбасыны көшіріп алмақ ниетте.

– Сарыағаш ауданында тұрғындардың саны 300 мыңнан асады, өте тығыз орналасқан. Жылына 10 мың­нан астам сәби дүниеге келеді. Мен осы ауданның тумасымын. Мал бордақылау, жылыжайда көкөніс өсіру кәсіптерін жақсы меңгергенбіз. Бұл жаққа тез бейімделдік. Жа­йы­лым да, шабындық та жетерлік көрінеді. Отба­сында жеті жанбыз. Өзім түрлі ауылшаруашылық бағдарламаларына қатысып, ірі қара малын, көкөніс өсі­ре­мін. Зайыбым ұстаз. Ұлым қызметте, қызым сту­дент. Қалғандары мектепте оқиды. М.Жұмабаев атын­дағы ауданға қарасты Хле­бороб ауылы құшағы кең құтты мекенімізге айналды, – дейді Балабек Оралов. Ол сүтті бағыттағы ауыл шаруашылығы кооперативін құруға бастамашы болған. Азамат Оспанов, Кәдірбек Сыдықов секілді жерлестері де келгендерін бұлдап, мін­детсінген емес. Қол қусы­рып қарап отырған бірі жоқ. «Ерін­бегеннің еңбегі жанады» деген осы. Жан жадырататын мұндай мысалдар көп. 

Мемлекет басшысының Қауіп­сіздік кеңесінде тап­сыр­ған хаттамалық тапсырмасын орындау үшін елі­міздің азаматтарын қоныс­тандыру және оларды қолдау тетіктерін дамытудың өңір­лік кешенді жоспары әзірленіп, алдағы үш жылда 3000 отбасыны көшіру жоспарланып отыр. Бұл бо­йынша 2019 жылы – 600, 2020 жылы – 1000, 2021 жылы 1400 баспана тұрғызылады. Тағы бір жағымды жаңалық, әкімдік, жұмыс беруші мен қызметкер арасында 20 жылға үшжақты келісімшартқа қол қою көз­дел­ген. Қоныс ауда­ру­шы­ға бес жыл өткен­нен кейін тұрғын үйді жеке­ше­лендіріп алу құқығы бері­леді. Осы уақыт ішінде жалға алу төлемін жасау ұсынылады. Бұл шамамен 10 мың теңгені құрайды. Келесі 15 жылда төлем шамамен 20 мың теңге болады және ол негізгі қарызды өтеу құнына кіреді. 

Тұтастай алғанда, тәуел­сіздік жылдары ішкі көші-қон сияқты мемлекеттік маңызы зор мәселенің оң шешім табуы­­­на іргелі қадамдар жасалып, көш­тің көлікті болуының ұт­қыр жолдарының жан-жақ­ты ойластырылуы өз нәти­жесін беріп келеді деген қорытынды жасауға болатын тәрізді. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан» 

 Солтүстік Қазақстан облысы