«Мен бос уәде бермеймін. Нақты істің адамымын»: Тоқаев Қазақстанның дамуын қалай көретінін айтты — Қазақстан жаңалықтары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның Бас ассамблеясының 74-сессиясында Қазақстанның дамуын қалай көретінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.
Тоқаев өз сөзінде жаңа президент ретінде ең алдымен заманауи әлеуметтік мемлекеттік құруды ойлайтынын айтты. Оның сөзінше, мұндай жүйенің діттеген мақсаты – миллиондаған отандасының көлемді реформалардың игілігін пайдаланып, мықты экономикасы, жоғары сапалы білімі және заманауи денсаулық сақтау жүйесі бар, темір құрсаудан азат қоғамда өмір сүруі.
Бұл орайда мемлекет басшысы елімізде терең саяси түрленулер орын алмайынша, Қазақстан әлеуметтік және экономикалық дамудың сәтті үлгісі бола алмайтынын атап өтті.
«Бұған қоса, Қазақстандағы демократия – бұл әлі де жалғасып жатқан жұмыс екенін ескерген жөн және бұл ретте тұрақты сараптама қажет. Біз оны үнемі жетілдіруге тырысамыз, позитивті аспектілерін дамытуға, теріс тәжірибелерден сабақ алуға ұмтыламыз. Өз бағдарламам аясында мемлекет пен қоғам арасындағы түсінікті диалогқа септігін тигізуі үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдым», — дейді Тоқаев.
Сонымен қатар президент «Әртүрлі пікір – бір ұлт» қоғамдық даму ұстанымы туралы сөз қозғады. Ол еліміздің алға ілгерілеуі пікір алмасу және диалогтар арқылы жүзеге асуы тиіс деген пікірде.
Мемлекет басшысы өз сөзінде барлық құқық қорғау органы мен соттарда ауқымды қайта құру болатынын айтты. Бұл барлық салада және қазақстандықтардың өмірінде заң үстемдігін қолдау үшін қажет, дейді.
«Популизм – бұл саясаткердің дарынсыздығы. Мен бос уәде бермеймін. Мен нақты істің адамымын. Мен өзімнің реформа бағдарламаларымды өмірде нық жүргізетін боламын», — дейді президент.
stan.kz