Назарбаев қорқынышты болжам жасады
Қысқа сілтеме алу
Елбасы Ресей, Қытай, АҚШ пен Еуропалық одақтың арасында келіссөзді бастау қажеттігін тағы да атап өтті
НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия елдерінің парламент спикерлерін маңызды бір мәселеге назар аударуға үндеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Бүгінде планетамыз қайтадан қауіпті шекараға келіп қалды. Жаппай қырып жоятын қарудың көмегімен III Дүниежүзілік соғыс басталса, ол біздің өркениетіміз үшін соңғы соғыс болуы әбден мүмкін», — деді Назарбаев Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесінде.
Елбасы былтырдан бері Ресей, Қытай, АҚШ пен Еуропалық одақтың арасында келіссөздерді бастау қажеттігін айтып келе жатқанын еске салды. Себебі әлемдегі тыныштық пен бейбіт өмір дәл осы державаларға байланысты.
«Бүгінде осы мемлекеттердің арасындағы текетірес пен сенімсіздік барлық әлемді алаңдатып отыр. Дәл осы державалар II Дүниежүзілік соғыстан кейін келіссөздер өткізіп, Біріккен ұлттар ұйымын құрды. I Дүниежүзілік соғыстан кейін де дәл солай болды. Меніңше, қазір сондай жағдай болып тұр. Осы елдердің басшылары адамзаттың болашағы, халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін өз жауапкершілігін сезініп отыр деп білемін. Олар планетадағы шиеленісті шешудің жолдарын табуы қажет», — деді Назарбаев.
Тағы оқыңыз: Назарбаев Қытайдың бастамасы туралы не ойлайтынын айтты
Қазақстанның тұңғыш президенті державалардың диалогын күшейту мақсатында келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында осы елдердің парламент басшыларының бейресми кездесуін өткізуді ұсынды. Бұдан бөлек, Назарбаев Еуразия елдері спикерлерін халықаралық келісімдерді ратификациялауға үндеді. Мәселен, климат бойынша Париж келісімін әлі күнге дейін біраз мемлекет рәсімдеген жоқ.
«Ядролық сынақтарға және ядролық қару-жараққа тыйым салу сияқты келісімдердің жағдайы да сондай болып отыр. Ядролық державалардың ол қаруды жетілдіріп, компьютерлік ойындар сияқты сынықтан өткізіп жүргені дұрыс емес. Әділдікке жатпайды. Ядролық державалар осы бастаманы бірінші болып көтеруі керек. Онсыз мәселе шешілмейді», — дейді Назарбаев.
sputniknews.kz