Тоқаев пен Путин Сочидегі «Валдай» сессиясында сөз сөйлейді
Қысқа сілтеме алу
Қазақстан мен Ресей басшылары 3 қазанда өтетін халықаралық пікірсайыс клубының отырысына қатысады деп жоспарлануда
НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан мен Ресейдің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Сочидегі халықаралық пікірсайыс клубының жұмысына қатысады. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады.
Екі елдің президенттері 3 қазанда Сочиде өтетін «Валдай» халықаралық пікірсайыс клубының пленарлық отырысына қатысады.
«Иә, жоспарланып отыр», — деп мәлімдеді Sputnik Қазақстанға Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков осыған қатысты сұраққа жауап бере отырып.
«Валдай» халықаралық пікірсайыс клубының отырысы 30 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өтеді. Биылғы кездесудің тақырыбы – «Шығыс шапағаты және әлемдік саяси құрылым». Панельдік сессия 3 қазанда өтеді, оның тақырыбы – «Әлемдік құрылым: Шығыстың көзқарасы».
«Валдай» клубының 16-шы отырысының спикерлері қатарында Алматы менеджмент университеті мемлекеттік саясат және құқық жоғары мектебінің деканы Асқар Нұрша да бар.
Белгіленген формат бойынша пленарлық сессияға қатысушылар алдымен сөз сөйлейді, содан кейін сарапшылар мен пікірсайыс модераторының сұрақтарына жауап береді.
«Валдай» халықаралық пікірсайыс клубы 2004 жылы құрылған. Соңғы бірнеше жылдан бері Владимир Путин «Валдай» пленарлық отырысына тұрақты қатысып жүр.
sputniknews.kz