«Қыз ұзататын, тұсауын кесетін адамның өз өмірбаяны дұрыс болуы керек»: Әнші Алма Аманжолова не нәрсеге қынжылады — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазір қазақтың ән өнерінде орын алып жатқан кей құбылыстарға дәстүрлі әнші, ҚР Өнер қайраткері Алма Аманжолова қынжылатынын жасырмайды. Мәселен, бүгінде бұрын-соңды салтымызда, тарихымызда болмаған нәрселерге жол беріліп, күйеуден қайтып келген әншілер қыз ұзатып жатыр. Айды аспаннан бір-ақ шығарып, ер азаматтар да бұл «бизнеске» аяқ басты. Бәріне бәлкім тар тұрмыс кінәлі дейді әнші. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында әнші жанды дауыспен орындау сияқты әріптестеріне қойылатын жоғары талаптар мен көзі қырағы халықтың талғамын тілге тиек етті. 

әнші

–    Алма апай, көп болды сахнадан көрінбей кеттіңіз. Қазір шығармашылығыңызды қайта жандандырып, тойларда қыз ұзатып жүр екенсіз…
–    Баламен үйде отырып қалғаннан кейін де шығармашылығымда сәл кідіріс болып қалды. Әйтпесе тойларда қыз ұзатуды жаңадан бастаған жоқпын. «Ардағым» деп ән салып, талай қызды ұзаттым. Ол әнге бейнебаян да түсірілген. Бұрын қыз ұзату көрінісі басқа еді ғой, ал қазір форматы өзгерген. Соған орай мен де қыз ұзату әнінің ырғағына өзгеріс енгіздім. Кішкене көңіл қостым. Ата-ененің алдынан өткен келін, өсіп-өнген жанұя болған соң халық ырымдап қыз ұзату тойына жиі шақырып жатады.

Бұдан басқа белгілі сазгер Арман Бексұлтанмен әртүрлі тақырыпта жаңа бес ән жаздық. Енді алдағы уақытта жаңаша қырымнан таныламын. Әндерім салмақты болғаннан кейін де көпшілік мені тұйық мінезді, қатал деп қабылдайды екен. Тойға да шақырғанда басында ән айтып кетсеңіз немесе соңында ғана ұзатып жіберсеңіз дейді. Ал тойдың ортасына барып қалғанда беретін ештеңеміз болмай қалады. Соған орай билететін, жеңіл ән жаздырдым. 
–    Қазір кез-келген әнші қыз ұзатып жүр. Сәнге айналып барады десем де болады. Бұған қалай қарайсыз? 
–    Қыз ұзататын, тұсауын кесетін, аузына түкіретін адамның өз өмірбаяны дұрыс болуы керек. Ал ажырасқан, күйеуі қайтыс болған, баласы жоқ адамдарға қызыңды ұзатуға рұқсат беру кішкене қауіпті дер едім. Өйткені қазақта жолын берсін деп айтып жатады. Сол себептен үлкендер жағы қыз ұзату, тұсау кесу, ауызға түкірту кезінде ол адамның өмір жолына мән берсе екен деймін. Бұл өзімді ұсынып отырғаным емес. Тек қазақтың қыздары бақытты болсын деген ниетім. Кейбір әншілеріміз өміріне қарап өздері қыз ұзатудан бас тартып жатады. Оларға рахметімді айтамын. Десек те, ақшасына қызығып бара беретіндер көп. Бұл ғана емес соңғы уақытта ер жігіттер де қыз ұзатуға шықты. Мен еркектің қыз ұзатуына қарсымын. Еркек ол әйел сияқты бола алмайды. Оның өмірін жан-дүниесін түсінбейді, қалай қыз ұзатады ол? Осы жағын ескеру керек. Еркек – еркек болып қалуы керек. Оның шаруасы  қыз ұзату емес, түзде жүріп мал табу керек. 
–    Әнші көбейген сайын халықтың да талғамы төмендер кетті. Бұған не себеп?
–    Өткенде бір той иесі әнші іздеп жатыр екен. Сол «Құдай-ау әнші көп дейміз. Бірақ өзімнің тойыма таңдаған кезде ешқайсысын таппай қалдым» дейді. Осы күні есті тыңдарманға әнші аз. Ал енді жеңіл-желпі тыңдаймын дегендерге көбейіп жатыр. Қазір халықтың көңіл-күйі мүлдем басқа. Әнді сараптап отыратын уақыты, көңіл-күйі жоқ. Жалпы әншінің қаруы – ән. Халықты елең еткізсе, онда өз орныңды тапқаның. Кейбір әншілер бар, өле-өлгенше өзінің әнін таппай кетіп жатыр. Ал біреулер болса, бір әнімен-ақ өмірбақи жан бағып жүре береді. 
–    Сізді әлі күнге дейін асырап жатқан ән қайсысы?
–    «Елге сәлем», «Ардағым» әндері деп ойлаймын. Жастарға лайық ән айтқым келгенімен, халық менен дәстүрлі әндерді қалап тұрады. Ал халық сұраса, онда талабын орындау қажет. 
–    Әндеріңізді тыңдар құлақ болсын деп сіз жеңіл-желпі әнге аяқ бұра бастадыңыз емес пе?
–    Жоқ, мен әннің сөзіне қатты мән беремін. Асырап жатқан той болған соң, әнді де соған қарай лайықтайсың. Бірақ әрине әндерім «Жоқ-жоқ», «Чип-чип» сияқты болмайды. Бізде есті әншілерді жарнамалау өте нашар. Әркім өз қотырын өзі қасып жүр. Билік басына енді Мейрамбегіміз барып жатыр, өз үлесін қосады деп ойлаймын. Академияда Сәкен жүр. Ол да анау-мынау әншіні сахнаға шығаруға жол бермейтін шығар. Өнерде пара болмау керек. Бірақ өкінішке қарай бізде солай. Мен өзім «Алатау» дәстүрлі өнер театрында әнші, актрисамын. Бізде қазір директор жоқ. Барлығымыз Алладан өнерімізді алып шығатын азамат келсе екен деп тілеп отырмыз. Қайдағы бір КВН-шик немесе біреудің бауыры не ағасы келмесе екен деп. Сөйтіп айтсам, Алтынбек Қоразбаев көкем «Өзің бастық бола салмайсың ба?» дейді. 
–    Расымен де неге өзіңіз бастық бола салмайсыз?
–    Ол жауапкершілігі жоғары жұмыс. Негізі ұсынып жатса, бастық болар едім. Оған білімім, күш-жігерім жетеді. Мен отбасым бар келіншекпін, ал ана жақта күндіз-түні жүру керек болады. Осы жағы алаңдатады.

Алма Аманжолова

 

Өздері айта алмағандықтан да көре алмайтын шығар…

–    Дәстүрлі әншілер өздерін тыңдату үшін эстрадалық бағытқа кетіп жатады. Бұған қалай қарайсыз? Мысалы, өзіңіз де тыңдарман табу үшін «тойский» әндерге бет бұра бастағансыз…
–    Дәстүрлі ме, эстрадалық па бәрі айналып келгенде өнер емес пе? Қазіргі эстраданың қалаушысы біз болдық деп мен толықтай мақтанышпен айта аламын. Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Тоқтар Серіков, Сандуғаш Стамғазиева тағы басқа да әншілер бар. Музыкадан хабары болмаған адам әншілерді мынау дәстүрлі, мынау эстрада әншісі деп бөле бастады. Тіпті дәстүрлі әншілердің өзі Ерлан Төлеутай, Ардақ Исатаева, Айгүл Елшібаева «сендер эстрадамен айтып жүрсіңдер» деп бізді жақтырмай жатады. Өздері айта алмағандықтан да көре алмайтын шығар деп ойлаймын. Бірақ бұл кісілер — керемет әншілер. 

–    Сіздер таза өнер арқылы танылдыңыздар. Ешқандай ашық-шашық киінбей, еріндеріңізді дүрдитіп үлкейтпей. Бірақ қазір әнші сахнаға шығу үшін не шешінеді, не бетін жөндейді. Бұл бәсекелестіктің көбейгенін көрсете ме?
–    Атың шықпаса жер өрте ғой ол. Егер әншілердің жағдайы жақсы болса, бәрі өз орнына түсер еді. Қыздар шешініп, тұштаңдамайтын еді. Еркектер тойда қыз ұзатпайтын еді. Айналып келгенде барлығы қаржыға келіп тіреледі. Қазір әншілер бір-бірімізге бата бергенде «хит жаз, хитің көп болсын» дейміз. Сондықтан әншілердің жағдайын үкімет қараспаса, осылай той қуып жүре береміз. Біздің де жағдайымыз шетелдің әншілерінікіндей болуы керек. 
–    Олар енді біздің әншілер секілді фонограмма қолданбайды емес пе?
–    Әншілерге жанды дауыста ән сал десе, онда мүмкіндік жасасын. Әншілердің мүмкіндігі жоқ. Ал қазіргі біздің аппаратурамен жанды дауыста айтсаң, мыңдаған аудиторияға даусың жетпейді. Одан кейін дауысы жоқ екен деген пікір әншінің абыройына келіп тіреледі. 
–    Фонограммамен шығып жүріп те халық алдында абыройы төгіліп жатқан әншілер бар? Мәселен, Қайрат Нұртастың дайын фонограммасы өшіп қалған еді ғой…
–    Иә, қайбір концертінде Қайрат Нұртастың фонограммасы өшіп даусы жетпей қалғаны бар. Соны халық алды да дауысы жоқ екен деп шығарып алды. Кейін де ән айтып жүр ғой Қайрат. Бірақ сол бір сүрінгенін көрген халық оны сөз етіп жүр. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын, өйткені Қайратты әнші қылған халық емес пе? Енді оны неге жамандап отыр. Біздің қазақта жығылғанда одан сайын сүріндіру бар ғой. Етегінен тартып, бір-бірімізді көре алмайтын халықпыз. 

 

Тіл қысқарып, қолым ұзарып жатыр

–    Бір-бірін көреалмаушылық әсіресе шоу-бизнесте көп кездеседі деп естідім…
–    Жалпы әншілер арасында дос жоқ. Мысалы, менің осы салада жүрген сырлас, мұңдас жан құрбым жоқ. Қазақтан тұңғыш шыққан сиқыршы, иллюзионист Алтынай Байтоқановамен құрбы болған едім. Ол қызды мен сонау Жезқазғаннан көшіп келгеннен бері білетінмін. Марқұм Ажар Түзелбекқызы да сырлас құрбым еді. Екеуміздің әңгімеміз жақсы жарасатын. Қазір осы кісілердің жоқтығы қатты білінеді. Толқын Сейдоллақызымен жақсы доспыз. Ол қыздың бетке бірден айтатыны ұнайды. Ал басқа әншілермен сәлемім түзу.
–    Марқұм Алтынай Байтоқанова қаза тапқан кезде жақын араласқандары кейбір әріптестерге реніштерін білдіргені туралы естігенім бар…
–    Өкінішке орай, Алтынай құрбымды соңғы сапарына шығарып салғанда мен қатыса алмадым. Ол кезде жаңадан босанған болатынмын. Теледидардан көріп жылағаннан басқа қолымнан ештеңе келген жоқ. Басы-қасында күйеуім жүрді. Өлімнің арты сұрақ болып қалды. Диагнозы жоқ ауру болды. Адамды неден емдейтініңді білмесең де қиын ғой. Бұл жағдайда Роза Рымбаева әпкеміз қатты атсалысып, көмектесті. Жан-жақтан жақсы деген дәрігерлерді шақырды. Бірақ амал қанша, одан мәңгіге айырылып қалдық. Қазір енді бір-бірімізді кінәлап, жазғырғаннан ештеңе шықпайды. 
–    Жақында ене атанып отыр екенсіз. Қандай енесіз?
–    Иә, ойламаған жерден ене болып отырмыз. Тіл қысқарып, қолым ұзарып жатыр. Бір ай болмады әлі. Өсіріп отырған қызым бар, сол себептен келіннің жағдайын жақсы түсінемін. Кейбір енелерді көремін, келіндеріне қаталдық танытып жатады. Бұл өздерінде қыз болмаған соң онша түсінбейді-ау деп ойлаймын. Келінім әлі жас, бар болғаны 20 жаста ғана. Басында ұлым үйленемін дегенде қарсылық білдіргенмін. Өйткені оқып, қызмет қылғаны дұрыс болар еді. Бірақ екі жас бір-бірін сүйіп тұрған соң, келістік. Екеуін екі жақта жылатпай-ақ қояйын дедім. 
–    Жас келіннің еркелігін қалай көтеріп жатыр екенсіз?
–    Келінім ауылдың қызы. Ата-әженің тәрбиесін көріп өскен. Ақылды. Ешқандай ерке-сылтыңы жоқ. Мысалы, «Шалбар кисем бола ма?», «Орамал шешіп қойсам бола ма?» деп өзі алдын-ала сұрап алады. 

 

Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН

 

stan.kz