Палатаның жалпы отырысында Түркістан қаласын дамыту мәселесі талқыланды
Шымкенттің мәртебесі нақтыланады
Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасы бірінші кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы пікір білдірді.
– Мақалада Елбасымыз тамыры терең тарихымызға қазіргі ғылымның асқар биігінен қарауды ұсынды. Кең-байтақ қазақ жері бір ғана ұлттың емес, әлемге тараған көп халықтың, соның ішінде түбі бір түркі әлемінің алтын бесігі екенін айтты, – деді Н.Нығматулин.
Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасының мақаласы Измирде өткен түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясында халықаралық парламентшілер арасында үлкен қызығушылық туғызып, ерекше талқыланғанын атап өтті.
– ТүркПА шараларына қатысқан бауырлас елдердің депутаттары, ғалымдар, сарапшылар өз сөздерінде ең алдымен, біздің Елбасымыздың мақаласына назар аударды. Онда айтылған ұсыныстар – бабаларымыздан келе жатқан ұлттық мұраларымызды терең тануға және түркі бірлігін бұрынғыдан да күшейтуге жаңа серпін, жаңа жігер беретінін ерекше атап өтті. Сондықтан «Ұлы даланың жеті қыры» тек Қазақстанда ғана емес, бауырлас түркі елдерінде ұрпақтарға жалғасатын тарихи құжат болып қалатыны сөзсіз, – деді палата Төрағасы.
Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласының сиясы кеппей, ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерде де оң пікір туғызып, қолдауға ие болып жатқан тұста Мәжіліс депутаттары да сол еңбекте ерекше аталып өтілген Түркістан қаласына қатысты заң жобасын қызу талқылады.
Депутаттар алдында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов заң жобасының мақсаты нормативтік-құқықтық базаны Президент Жарлығына сәйкестендіру екендігін атап өтті.
– Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала санатына жатқызылды. Оңтүстік Қазақстан облысы атауы Түркістан облысы деп өзгертілді және оның әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілді. Конституциялық заң жобасымен «Қазақстан Республикасында сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңдарға өзгерістер енгізу көзделген, – деді Р.Дәленов.
Толықтырып айтар болсақ, бірқатар заңнамалық актілерде республикалық маңызы бар қалалар туралы айтылғанда Елбасы Жарлығына дейін елордадан басқа жалғыз республикалық маңызы бар қала деп Алматы қаласына сілтеме жасалады, бұл ретте сілтеме жеке түрде көрсетіліп келген. Сондай-ақ кейбір заңнамалық актілерде республикалық маңызы бар қала мен Астана деңгейі Алматы және Астана қалаларын тікелей көрсетіп, нақтылаған.
Осылайша республикалық маңызы бар қала ретіндегі жаңа мәртебесінде Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қаланың және астананың деңгейі нақтыланған жекелеген заңнамалық актілердің қолданысына кірмей қалған. Енді осы олқылықтар жойылуы үшін Ұлттық экономика бірінші вице-министрі атап өткен конституциялық заңдарға өзгеріс енгізілмекші.
Түркі әлемінің бесігіне ерекше көзқарас керек
«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасы «Жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады», деген болатын.
Енді осы атқа сәйкес болуы үшін құлашын кеңге жайған шаһарда әкімшілік құрылымдар түзіліп, әлеуметтік-экономикалық жоспар құрылып, қаланың бас жоспары бекітіліп, басқару тетіктері баянды болуы тиіс. Осыған орай депутаттардың сауалдарына жауап берген Р.Дәленов Үкімет тарапынан атқарылып жатқан және атқарылатын іс-шаралар жоспары туралы айтып берді.
Мәселен, Түркістан қаласын өркендету үшін шаһарды дамыту бойынша бас жоспардың тұжырымдамасы қабылданып, бас жоспарды әзірлеу басталып кеткен. Осыған байланысты тиісті конкурс та өткен.
– Жоспарда қаланы дамытудың бағыттары айқындалатын болады. Оның ішінде көлік, инфрақұрылым, құрылыс, тарихи нысандарды қорғау, сондай-ақ басқа да бағыттар қамтылған. Бұдан басқа, 2024 жылға дейін Түркістан облысын дамыту бойынша арнайы кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Жоспар өте үлкен әрі ауқымды, онда 115 іс-шара қамтылған. Оның ішінде кәсіпкерлікті, ауылшаруашылығын, құрылыс, туризмді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағыттары қарастырылған. Оған жұмсалатын жалпы қаражат 870 млрд теңгені құрайды, оның 400 млрд теңгесі – республикалық бюджеттен, 29 млрд теңге жергілікті бюджеттен, ал қалғаны жеке инвестициялар есебінен болады. Осы кешенді жоспар жылдың соңына дейін қабылданбақ, – деді Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары.
Депутаттардың сауалдарына орай сөз берілген Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Аслан Түкиевтің мәлімдеуінше, аталған өңірде сот төрелігін жүзеге асыру мақсатында ілкімді шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, Жоғарғы сот пен Үкімет азаматтарға қолайлы жағдай жасаудың кешенді жұмыстарын бірлесе атқаруда. Тиісінше, өңірге судьялық лауазымға қосымша 20 бірлік және әкімшілік қызметкерлері үшін 40 бірлік бөлінген. Сонымен қатар сот орындарына жалпы аумағы 5600 шаршы метр болатын 5 ғимарат берілген. Қызметкерлерге баспана мен автокөліктер де қарастырылған.
– Қазіргі уақытта сот жүйесі мен судьялардың жүктемелері өте ауыр. Аталған әкімшілік-аумақтық бірлікте, атап айтқанда Шымкенттегі судьялардың жүктемесі 160 іс пен материалдарға, ал Түркістанда 200-ден аса іске артық. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен жоғары, – деді А.Түкиев.
Ал бұл мәселе бойынша Р.Дәленов Түркістан қаласында облыстық сотқа 2,7 млрд теңгеге бағаланған жаңа ғимарат салынатындығын атап өтті. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінбек. Ал Шымкентте жаңадан құрылған қалалық сот пен төрт аудандық соттың жұмысын жүйелендіру үшін қосымша 4,2 млрд теңге қарастырылған.
Сонымен қатар аталған қалалардың шекаралық бөліністері өзгеріп, Түркістан қаласының 12 ауылдық округі Кентау қаласына берілген.
Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары депутаттардың сауалына және Палата Төрағасының нақтылауына байланысты 2025 жылдан бастап Шымкент қаласы дотациялық қаладан донор қалаға айналуы тиіс деген болжамын айтты.
Жалпы отырыста депутаттар өңірдің экологиялық, әкімшілік ахуалына байланысты да пікірлерін білдірді.
Жиында осы құжатпен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.
Жобалар мақұлданып, сауалдар жолданды
Жалпы отырыста бұған қоса, есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша заң жобасына түзетулер екінші оқылымда депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Сонымен қатар бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұлданды. Олар – Қазақстан мен Ресей арасындағы Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісім мен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру кезінде озонды бұзатын заттар туралы келісімді және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру туралы келісімге Қырғыз Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары.
Сондай-ақ Палатаның бейінді комитеттеріне қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгілеу бойынша заң жобалары ұсынылды. Олардың қатарында ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялау туралы, сондай-ақ ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары болды. Сонымен бірге Қазақстан мен Бразилия арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы бар.
Жалпы, отырыс соңында халық қалаулылары орталық мемлекеттік атқарушы органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауал жолдады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»