Тоқаев ауылдарды дамыту мақсатында бірқатар тапсырма берді
Қазақстан президенті Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты
НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек — Sputnik. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Петропавл қаласында ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты. Қазақстан президентінің жиында сөйлеген сөзін баспасөз хатшысы Берік Уәли жариялады.
Тоқаевтың айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған қазіргі мемлекеттік бағдарлама 10 жыл ішінде осы саланы әртараптандыруға мүмкіндік берді. Дегенмен, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға кедергі келтіріп отырған бірқатар түйткілді мәселе бар.
«Мысалы, бұл саладағы еңбек өнімділігі айтарлықтай аз және өнімді өңдеу деңгейі төмен. Сондай-ақ, отандық агросекторда озық технологияның мүмкіндіктерін пайдалану жұмысы жүйелі жолға қойылмаған. Алдағы уақытта осы және басқа да мәселелерді шешу үшін бірқатар нақты шара қабылдауымыз керек», — деді мемлекет басшысы.
Тағы оқыңыз: Тоқаев Ақмола облысына барды
Сондай-ақ президент аса маңызды мәселелердің бірі ауылды кешенді түрде дамыту екенін атап өтті. Тоқаевтың пікірінше, ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамыту қажет.
«Елімізде 6,5 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. Халықтың 40 пайыздан астамы сонда тұрады. Солардың 85 пайызы негізгі елді мекендерде немесе жақын маңдағы серіктес ауылдарда қоныстанған.Үкімет өңір әкімдерімен бірлесіп, тіректі елді мекендерді дамыту мәселелерін мұқият қарауы керек. Олар лайықты инфрақұрылымға және заманауи талаптарға сай жаңғыртылуы қажет», — дейді Тоқаев.
Ол ауылдық елді мекендерге жайлы жолдар, қолжетімді байланыс пен интернет, заманауи білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары қажет екеніне назар аударды. Сонымен қатар осы мақсаттарға жету үшін атқарылуы тиіс жұмыстарды атады.
«Біріншіден, Елбасының бастамасымен «Ауыл – ел бесігі» атты инфрақұрылым жобасы жүзеге асып жатыр. Биыл 53 ауылдық елді мекенде 450-ден астам нысанды салу және жөндеу жұмыстары қолға алынған. Алдағы үш жылда тағы 90 миллиард теңге бөлінеді», — дейді президент.
Тоқаевтың айтуынша, бұл ауылдардың инфрақұрылымы мен экономикасын, атұрғындарының әлеуметтік-мәдени өмірін кешенді дамытуды қамтамасыз етеді.
«Екіншіден, ауылды жерлерге мамандарды тарту үшін «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Ауыл тұрғындары да, әкімдер де қаржының жеткілікті бөлінбей отырғанын айтып отыр. Ауылға жұмысқа барған екі мыңдай маман мемлекеттік қолдауға ие болмаған», — деп атап өтті мемлекет басшысы.
Сол себепті Тоқаев 2020 жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыру көлемін жылына 20 миллиард теңгеге дейін көтеруге шешім қабылдағанын айтты.
Тағы оқыңыз: Тоқаев Қытайда Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді
Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарын Аққайың ауданы, Рублевка ауылындағы «Иван Зенченко» ЖШС-нен бастаған.
Оған дейін президент Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, «Урожай» ЖШС-нің агроөнеркәсіп кешенін, «Айбат» ЖШС-нің егістік алқаптарын аралады.
sputniknews.kz